«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қыдырдың жолы

Қыдырдың жолы
ашық дереккөз
Қыдырдың жолы

(Әңгіме)

Астықты ауыл Ақыртаста тұратын Қыдыр аудан орталығындағы мектептердің бірінде білім алатын. Елді мекен мен аудан орталығы орта есеппен алғанда 12 шақырымдай қашықтықты құрайды. Қыдырдың әкесі Жөкен ұлына ай сайын 1500 теңге жолақысын беріп қоятын. Бірде Қыдыр сыныптас достарымен орталықтағы дүкендердің біріне дәптер сатып алуға барып, түрлі-түсті дәптерлерге қызыға қарап тұрды. Ал достары алғашқы бетіне әлемнің үздік футболшылары ретінде аттары тірі аңызға айналған Зиданның, Роналдудың, Мессидің түрлі-түсті суреттері жапсырылған кітаптардан көз жазбай қарап тұр екен. Осы бір сәтте Қыдырдың көзіне «Абай жолы» атты кітап оттай басылды. Сол кітаптан көз жазбай ұзақ барлаумен болды. Жасы бар болғаны онға келсе де Қыдыр кітап десе ішкен асын жерге қойып, басқаның бәрін ілкі сәтте естен шығарады, ұмытады. Сөреде жатқан кітапқа ойлана қараған ол ә дегеннен сатушыдан әлгі құндылықтың құнын сұрады. 3000 теңге тұратын төрт томдықтың бағасы бала үшін тым қымбат-ақ еді. Дереу қос қалтасын қағып-сілкіген ол бар ақшасын санай қалып еді, 1450 теңге шықты. Қақты, сілкіді, бар шыққаны сол. Одан артық бақыр тиын жоқ. «Жолын таптым!» деп жанұшыра айқайлап сыртқа шыққан Қыдырға досы Досжан телміре қарады да: «Мұның не? Дүкен ішінде сонша айқайлағаның ұят емес пе?» – деді зекіп. Санасына тың ойдың сәулесі түскен Қыдекең досының оқыстан айтқан сөзіне ләм-мим деп жауап қатқан да жоқ. Өйткені дәл сол сәтте ол басқа ойдың құшағында еді. Миының бір түкпірінде: «Екі ай мектепке жаяу барып, жаяу қайтсам, осы кітапты сатып аламын» деген ой ғана қылаң беріп, санасын санға бөлді. Өз ойына өзі қуана келіскен ол бұл істі сағызша созбастан, іркілместен тездетіп жүзеге асырғанды жөн деп тапты. Күніне әрі-бері жүретін жолын қоса есептегенде 24 шақырым. Жаяу жүреді. Кішкентай бүлдіршін үшін әлбетте мұнша ұзақ жол жүру оңай емес екені ақиқат. Бірақ ол үшін кітап бәрінен қымбат. Көк жүзін кесіп түсетін күнге келбеті күйсе де қыңқ еткен жоқ. Қиындыққа бордай езілмеді. Жұдырықтай жүрегімен қасқайып қарсы тұра білді. Мақсаты мен арманының жолында бәрін құрбан санады. Бай-бағланның баласы екенін мақтан тұтатын Досжан оған жымия күліп: «Әкең басыңа неге кепкі әпермейді» деп табалай сөйлеген сөзіне де назар аудармады. Бар айтқаны: «Шаруаң болмасын, мен кейін ғалым боламын». Қыдырдың ауылынан аудан орталығына жаяу қатынағанына да екі айға жуық уақыт болып қалды. Таң алагеуімде ұйқысынан шырт оянған ол кенет қалтасындағы бар ақшасын ебіл-дебіл санаған еді, елу теңге жетпейтін болып шықты. Жалма-жан тәтті ұйқыда жатқан әкесін ұйқысынан оятты да, «балмұздақ сатып аламын» деп елу теңге сұрап алған бойда ол дүкенге қарай асыға жөнелді. Жүрегі алып-ұшып дүкенге лезде жетіп келіп еді, құрғырдың есігінде тастай қара құлып мелшиіп тұр. Ақыры келген соң Алатаудай асқақ арманын орындамай қоймаймын деген мақсатқа берік ол сатушыны ұзақ уақыт бойы тосты. Сарыла күткен дүкен сатушысы да аяңдап басып, дүкен ішіне енді. Артынан қосарлана кірген Қыдыр ентігін баса алмай сөйлеп: «Апай, маған «Абай жолын» беріңіз» деді ештеңеге назар аудармастан. Екі айдан бергі арманына, мақсатына айналған құнды кітабы қолына түскен Қыдыр күні бойы көңілді жүрді. Сыныптастарынан сабақ біткенше аулақ жүріп, өзінше қуанды, өзінше шаттанды. Жанарындағы қуаныштың табы ұзақ уақыт бойы аңғарылып тұрды. Қоңырау уақытында тысқа шықпастан кітапты ашып, алғашқы бетін оқумен болды. «Бұл Абай туралы туынды ғой» дейді іштей күбірлеп. Қасына ерген бір топ қара сирақ достарынан оқшауланып, 24 шақырымды жаяу жүргенін балалардан естіген әкесі Жөкен мұнысы несі екен деп ұлына қатты ашулана бастаған. «Бұл балаға не болды, мұндай әдеті жоқ еді ғой. Басынан күн өтіп, сырқаттанып қалмаса жарар еді» деген ойлар Жөкеннің ойын онға бөліп жіберді. Алайда, әліптің артын баққанды жөн деп тапты. Ұлына ұрысқан жоқ. Сабақтан кейін үйіне қарай порша-поршасы шығып, маңдайы терге бөгіп, жаяу кетіп бара жатқан Қыдырды жолай көріп қалған әкесі Жөкен автокөлігін кілт тоқтатып, машинасына мінгізіп алды. Ұлына ә дегеннен ұрысып, мазасын қашырғысы келген жоқ. Үнсіз ғана үйіне қарай тарта жөнелді. Баласының жүзі қуаныштан бал-бұл жанып отырғанын сезетіндей. Үйге келген соң әкесі баласының жүзіне барлай қарап: «Соншама шалғай жерді жаяу жүретіндей не күн туды басыңа? Ел-жұрт Жөкен баласына ақша бермей жүр екен деп сөгеді ғой. Әлде мен берген ақшаны әлдебір бұзақылар бопсалап, тартып алып жүр ме, неге жаяу жүресің? Бұлай жасауға болмайды ғой, балам» деп, сұраулы жүзбен ұлына телміре көз тастады. Жүзін төмен салған қалыпта Қыдыр ала сөмкесін айқара ашты да, ішінен кітаптарды алып, әкесінің алдына қойды. «Абай жолы» деп аталатын төрт томдыққа көзі түскен Жөкен сыртына жазылған «3000 теңге» деген бағаны көрді де, жанарына мейірім нұры ұялады. Беті нарттай қызарып, бойын мақтаныш сезімі шарлай жөнелді. Ұлының айтпай жасап жүрген ерлігіне таңғалған күйі үнсіз біраз отырды. Көкірегін әлдебір қуаныш оты кернеп бара жатқан ол: «Балам-ау, осы кітап па сені қинап жүрген? Еш қиналмастан маған бір ауыз айтқаныңда өзім-ақ сатып алып берер едім ғой» деп он жасар ұлын құшақтап, маңдайынан мейірлене иіскеді. Қыдыр болса өз ісінің оң екенін сезген, түйсінген күйі сыртқа жүгіріп шығып кетті...

Мария Ниязова.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар