«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басталған іс баянын табады

Басталған іс баянын табады
ашық дереккөз
Басталған іс баянын табады

11Әнуарбек ӘЙМЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламаcы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Мемлекет басшысы ұсынған  5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша белгіленген 100 нақты қадамның мәні де, маңызы да айрықша елеулі. Жуырда осы мәселеге байланысты Ақордада өткен Үкіметтің алғашқы отырысында Елбасы: «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Олардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», – деп бұл міндетті жүзеге асырудың негізгі тетіктеріне де кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың ақпан айында-ақ осынау бес халықтық реформаны өзінің сайлауалды тұғырнамасы ретінде жария еткені белгілі. Онда  заманауи және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдігі мен жекеменшіктік құқыққа кепілдік беруді қамтамасыз ету, қайта жаңғыртуға негізделген индустрияландыруды одан әрі дамыту, біртұтас ұлтқа айналу, транспарентті және есеп беретін мемлекет болып қалыптасу міндеттері алға қойылып отыр. Осынау меже биігінен көрінуге жылдар бойы бағдар ұсталынып келді. Жалпы, Президентіміздің сындарлы саясатының астарына үңіле қарайтын болсақ, көп нәрсеге көз жеткізеріміз анық. Ұлт көшбасшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттің негізін құрайтын адами капиталдың дамуын, халықтың әл-ауқатын, жағдайын жақсартуды басты мақсат етіп алға қоюмен келеді. Жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы, басқа әлеуметтік көмектер көлемінің өсуі, аналық капиталды құру перспективасы, жас отбасыларға арналған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы, тағы басқалары осы негізгі мақсаттың жылма-жыл дерлік өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқандығын көрсетеді. Мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысын дамытуға, жаңа құрылыстарды қаржыландыруға  2015 - 2016 жылдар аралығында 180 миллиард теңге бөлінбек. Ұлттық қордан  шағын және орта бизнесті қолдауға және дамытуға бөлінген 100 миллиард теңге игеріліп, 4,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Бизнесті қаржыландыруға бұрын-соңды болмаған 6 пайыздық үстемемен 10 жылға несиелер берілді. Шағын және орта бизнесті дамытуға Араб даму, Еуразия даму және Әлемдік даму банкілерінен 2015-2017 жылдар аралығында жалпы сомасы 155 миллиард теңге көлемінде несиелер бөлінеді. Бұл қаржы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні даусыз. Тәуелсіздіктің елең-алаңы – 1991 жылдан бастап Елбасымыз талай қиын, кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді – елімізде нарықтың шаруашылық механизмін құру, әлемдік қауымдастыққа кіру, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, тағы да басқа басым бағыттар бойынша ауқымды шаралардың жүзеге асуына қол жеткізді. Осы уақыт аралығында Қазақстан экономикасының барлық салалары бойынша 20-дан астам бағдарламалар қабылданды. Бұл бағдарламалардың барлығына да Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауларында алға қойған міндеттерді шешу жолдары негіз етілді. Бүгінде ел экономикамызды жаңғырту үшін өнеркәсіптің негізгі салаларын дамытуға байланысты қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының игілігін көре бастады. «Мемлекеттік құрылыстың 100 қадамынан» тұратын Ұлт жоспары да реформаларды табысты жүзеге асыруда айрықша рөл атқарады деп білеміз. Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен қоғам тұрғысынан болсын іс-қимыл бірлігін қамтамасыз ету бәрінен де маңызды. Біздің мемлекетімізді дамытудың алға қойылған міндеттері ауқымды, кең көлемді және күрделі екендігіне қарамастан, олардың сөзсіз орындалатындығына нық сенімдіміз. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасында атап көрсетілген Мәңгілік Ел идеясының, әсіресе, 5 институционалды реформаның нақты іс жүзіне асырылуына Елбасымен бірге өзіндік үлесімізді де қосатын боламыз.  Бұл – біздің адами һәм азаматтық борышымыз.

Ұқсас жаңалықтар