«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төлтай ананың қара қазаны

Төлтай ананың қара қазаны
ашық дереккөз
Төлтай ананың қара қазаны

немістің де, қазақтың да ырысы болған

Қарттықтың белгісі ғой, бүгінде 104 жастағы Төлтай әже алысты бағдарлай алмайды. Көз жанары суалғанмен, көкірегі сайрап тұр. Қараша үй емес, бүкіл халықтың басына түскен нәубет жылдардың ауыртпалығы әбден ширатып, шынықтырған секілді. Өткен күнді еске алғанда қамығып, күңіренбеді. Тек терең күрсініп, әңгімесін баяу сабақтады. – Біз қиындықты көп көрдік. Қара суыққа қарамай, еңбекақыға бір кесе бидай алу үшін күн-түн демей жұмыс істедік. Бейнеттенсең, зейнетін көреді екенсің, әйтеуір. Ашаршылық кезінде азапты айтсаңшы. Өзегің талып, өлермен халді кештік. Оның жанында соғыс жылдарындағы көрген таршылық жеңілдеу болған сияқты. «Елде болса, ерінге тиеді» дегеннің кері. Қорамыздағы жалғыз сиырымыз бен шарбағымыздағы аздаған алма бағымыз бізді аштан өлтірмеді», – деп еске алады екі ғасырдың куәгері өткен күндерін. Төлтай әже негізі Талас ауданы, қазіргі С.Шәкіров ауылында туып-өскен екен. Әкесі Еркебай – колхозшы, анасы Айнаш ұжымдастыру кезінде колхоз басқарған. 1931 жылы қаскөйлердің қолынан қаза тауыпты. «Он бес жасымда Алатау ауылына ұзатылдым. Жұбайым Аман Жаналиев жаңа үкімет белсенділерінің бірі болды. Ұзақ жылдар колхоз басқарды. Соғыстан броньмен қалып, тылда еңбек етті. Мынау – төраға, анау – қария, бұғанасы қатпаған бала еді деп қарайтын кез емес. Таң атпай егістікке кетіп, түн жарымы ауғанда оралатын. Мен де өгіз арба айдап, шөп шауып, егін орып, сушы болдым. Қас қарайғанда ауыл әйелдері жиналып, түннің бір уағына дейін соғыстағы ерлерге теріден қолғап, тон тігетінбіз», – дейді Төлтай Жаналиева. Осынау қиын-қыстау кезеңнің өзінде қазақ отбасыларының ошағы сөнбеген. Қара қазаны бос тұрмаған. Соның арқасы шығар, жер аударылып, айлап жол жүріп, арып-ашып келген немістердің аштан қырылмай аман қалғаны. Сонда Аман мен Төлтай ауылдастарына жол көрсетіп, қоржын тамның бір бұрышын көшіп келгендерге босатып беріпті. Қара нанды бөліп жеп, пейілін тарылтпапты. «Біздің үйдің қара қазаны немістің де, қазақ­тың да ырысы болды. Соғыстан кейін ауылдағы немістер Нұрлыкент ауылына қоныстанды. Ал тоқсаныншы жыл­дары Германияға көшті. Кетерінде бізбен жылап қоштасты», – дейді Төлтай әже. Төлтай Жаналиева Ақсай мен Көксай каналдарын қазу жұмыстарына да қатысыпты. Қызылша суғарып, гектарынан 500-800 центнерге дейін өнім жинап, колхоздың маңдайалды сушысы болыпты. «Небір нәубетті бастан кешсек те, еліміздің тәуелсіздік алғанын көргеніме ризамын. Отағасы жаңа заманның тоғыз жылын қарсы алды. Оған да шүкір», – деп тебіренеді кейуана. Төлтай әже жолдасы екеуі тәрбиелеп-өсірген екі қыз, бір ұлдан бүгінде 22 немере, 61 шөбере, 10 шөпшек көріпті. Ананың ендігі тілеуі – елдің тыныштығы, бірлігі, ұрпақтарының амандығы.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар