Асан Қошмамбетов:«Мен өз көлігім болмайтын шығар деп ойлайтынмын»
- author «Ақ жол»
- 19 мамыр, 2015
- 292
«Бүкпесіз әңгіменің» бұл жолғы кейіпкері белгілі кәсіпкер, Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақтың қожайыны, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Әнуарұлы ҚОШМАМБЕТОВ
– Асан Әнуарұлы, бүгінде ел таныған кәсіпкерсіз. Еңбекке бала күніңізден араластыңыз ба? Әңгімені балалық шағыңыздан бастасақ... -Егер әкем тірі болғанда бәрі басқаша болар ма еді. Жетім болғаннан кейін түрлі қажеттілік туындады. Көп нәрсе жетпейді, жетіспейді. Сондықтан, ұмтыласың, ақша табу керек, жұмыс істеу керек. Мен мысалы қазір балаларымды ондай жұмысқа жібермеймін. Өзім түсінем әрине, жұмыстан, бейнеттен адам шыңдала түседі. Дегенмен, ондай ауыр жұмысқа жіберіп қойып, қарап отыра алмаймын. Құдайға шүкір, жағдай бар, не керегіңнің бәрі бар деймін. Бір кездері менің анам да маған жұмыс жасатқысы келмеген шығар. Бірақ, ол кезде мүмкіндік болмады, жағдай мүлде басқаша еді. Қанша жерден қиналса да мені жұмысқа жіберді. Сөйтіп, 14 жасымда балық зауытында ағаш шебері болдым. Ал 15 жасымда сылақшы, әрлеуші болдым. Қазіргі троллейбус паркін салуға атсалыстым. Әрине, ол кезде де кәмелетке толмаған баланы жұмысқа алуға болмайтын. Дегенмен, бригадиріміз түсіністікпен қарап, басқа адамның атына құжаттарды рәсімдеп, ақшасын маған беріп тұратын. Заңсыз нәрсе, бірақ қажеттілік.. Осындай қиыншылықтар болмаса, адам шын еңбекке берілмейді деп ойлаймын. Жас кезінде бейнет көрмеген адам, қартайғанда оның қиындығына тап болады. – Оған көзіңіз жетті ғой? – Әрине. Біз қара жұмысқа бел шеше кірісіп, ауыр бейнетке батып жатқанда кейбір қатарластарымыз «Жигули» автокөлігін мініп жүретін еді. Қазіргі заманда жеке тікұшағың болғаны секілді, біз үшін сол сексенінші жылдары «Жигули» тек арман еді. Мен өмірде өз көлігім болмайтын шығар деп те ойлайтынмын. Бар арманым үш бөлмелі сабан үйіміздің сыртына әдемі қоршау салу ғана еді. Ал қазір сол кезде өз көлігімен жанымыздан жүйткіп өтіп, шалқып жүрген кейбір жігіттер менен жұмыс сұрап келеді. «Дүние алма-кезек» деген осы болар мүмкін. – Бәлкім, сіздің кәсіпкерлік көкжиегіне көтерілуіңізге облыста танымал тұлға болған атаңыздың, яки әкеңіздің қандай да бір ықпалы болған шығар? – «Әкенің малы балаға мал болмайды». Сол сөз тура айтылған. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге оралған соң да ерінбей еңбек еткен азамат. Әттең, өмірден ерте өтіп кетті. Мен әкем қайтыс болғанда небәрі екі жаста болатынмын. Анам сол кезде 36 жасында жесір қалған екен. Ұл бала болғандықтан, анама арқау болып, әкемнің орнын жоқтатпас үшін қабырғам ерте қатайған, өмір қатайтқан адаммын мен. Қысқасы, еңбекке ерте араластық. Мен өз жетістігімді сол маңдай тер мен ерінбей еткен еңбегімнің арқасы деп білем. Атамның да, әкемнің де ықпалы өте зор болды. Өйткені анам атамның ескерткішіне жиі апарып, әкемнің бізге арнап пластинкаға өз даусымен жазып кеткен өсиеттерін жиі тыңдататын. «Сол кісілердің атына кір келтірмеуді ойлаңдар, солар жете алмаған армандарына сендер жетулерің керек», – деп тәрбиелейтін. – Балаларыңыздың кім болғанын қалар едіңіз? – Әрине, кәсіпкер болғанын. Бір қызым қазір бала күтімі бойынша демалыста. Ал үлкен қызым «Неке сарайын» ашуға талпынып жатыр. Бірнеше рет жас жұбайлардың заңды некесін қиды. Байқаймын, оған ұнайды. Бірақ, әлі жолын таппай жүр. Өйткені, ондай бастаманы жүзеге асыруға үлкен қаржы керек. Мен берер едім, алайда, оңай келген кәсіптің соңы қайырлы болмайды деп ойлаймын. Тек қана ақшаны қалай, қайдан алуға болатынын, неден бастау керектігін айтып, өз ақылымды қосып отырамын. Олардың кәсіпкер болуын қалауымның да өз себебі бар. Негізінен көптеген азаматтар кәсіпкерлікті ақша табу мен баю үшін қолға алып жатады. Ал мен балаларымның еңбекқор болғанын қалаймын. Еңбек қана адамды ширатып, еңбек қана ел алдында сыйлы ететінін ескерсек, мен олардың осы жолды таңдағанын қалар едім. Кішкентай кездерінен іске үйретіп, қара жұмыстан қашпауға насихаттап келемін. Үй айналасындағы шаруалардан бастап, саябаққа тал-дарақтар отырғызып, жасыл желекке бөлеуге де олар атсалысты. Демалыс орталығының айналасындағы көптеген жасыл желекті менің балаларым үйде өсіріп, кейін саябақ жұмысшылары осында әкеліп орналастырды. Сондай-ақ, балаларым аттракциондарды сырлап, оларды ретке келтіруге де жиі қолұшын беріп тұрады. – Ал өзіңізді қай жасыңызда кәсіпкер ретінде сезіндіңіз? – Он алты жасымда. Сол кезде 12 рубльге үш қоянның терісін сатып алдым да одан бас киім тіктім. Оны базарға апарып қырық рубльге саттым. Сонда бизнеспен айналысуға болатынын бірінші рет сезіндім. Бірақ, ол кезде қазіргідей кәсіпкерлікке кең өріс ашылмаған. – Сол алғашқы еңбек пен саудадан тапқан ақшаңызды қалай жаратқаныңыз есіңізде ме? – Әрине. Мен оны анамның қолына ұстаттым. Сол кездегі оның қуанышын көрсеңіз ғой. Нағашы жеңгем де қатты қуанды. Барлығы мен үшін қуанып, «Әй, осы Асаннан бірдеңе шығады» деген еді. – Білуімізше, физика маманысыз. Неге ол мамандықты таңдаған едіңіз? – Мен мектепте физика, математика пәндерін жақсы көретінмін. Содан оныншы сыныпты аяқтауға сәл қалғанда анам қай мамандыққа баратынымды сұрады. Ол кезде біздің қалада үш институт болған. Содан физиканы өзіме жақын көріп, педагогикалық институтқа түстім. Мұғалім боламын деген ойым болған. Алты жыл мектепте ұстаздық еттім де. Бірақ, ол мамандық кейіннен онша қызықтырмады. Жалпы, ұстаздық етуге аса қызығушылығым болмағанымен, физикаға деген қызығушылығым сөнген емес. Оның адамды қызықтырып, елітіп әкететін тұстары өте көп. Мен қанша жерден кәсіпкер атанып, ұйымдастырушылық қызметтерде жүрсем де, өзімнің әу баста меңгерген мамандығымды жаныма серік еткен адаммын. Орталық саябақта тұрған көптеген аттракциондарды өз қолыммен, өзімнің жеке шеберханамда жасап шықтым десем біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, расы солай. Ойымша, кез-келген ер-азаматтың қолынан мұндай жұмыс келуі керек. Барлық құрал-саймандарымды түгендеп, қандай да бір дүние жасауға қажеттінің бәрін жинақтадым. Сөйтіп, қолым қалт еткенде мен сол шеберханада боламын. Ең алғаш осыдан ондаған жылдар бұрын осы саябақтың алғашқы аттракционы «Алтын әтешті» өз қолыммен жасағаным есімде. Сондай-ақ, соңғы кезде балалардың өте қатты ұнататын «Алатауы» да өз қолымнан шықты. Әрине, ауыр жұмысы, бояу жасау барысындағы түрлі химиялық қоспалардың иісі, бәрі де өте жағымсыз әсер қалдырады. Бірақ, оны біткен соң адамдарға қуаныш сыйлап, елдің игілігіне жарағанын көргенде, өз жұмысыңның жемісін көрудің рахаты ерекше. – Кәсіпкер болудың басты шарты неде? – Ең бастысы адамда ұмтылыс болу керек. Жәй әншейін «Мен кәсіпкер боламын» деп шешкеннен ештеңе де шықпайды. Адамда ерекше құлшыныс болмайынша, жұмыс алға баспайды. Әрине, кәсіптің көзін табамын деген адам бір орнында отырмауы керек. Өз арманын жүзеге асыру үшін аянбаған абзал. Мен Берік есімді бір жігітті мысалға келтіргім келеді. Осыдан сегіз жыл бұрын ол өз үйінде шұжық өндіруді қолға алды. Таразда не көп, шұжық шығаратын цехтар көп. Сондықтан, оның бастамасына сенімсіздікпен қарап, мұнысынан түк шықпайтынын айттым. Ол маған «Осыдан қарап тұрыңыз, мен бәрін де аяғына дейін жеткіземін» деді. Содан әлденеше уақыт өткенде ол бір гаражды жалға алды, кейіннен арнайы цех ашты, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Осылайша белді кәсіпкер болып шыға келді. Оған ешкім де қаржылай немесе басқалай көмектескен жоқ. Айтқым келгені, жарты жолдан қолды бір сілтемей, ерінбей, талмай жұмыс істеген адамның алар асуы биік екен. – «Ақша бәрін шешеді» деген де түсінік бар ел арасында. Соған қалай қарайсыз? – Меніңше, ол – қате түсінік. Өйткені, ақша біреуде бар, біреуде жоқ. Бірақ, ақшасы бола тұра мәселесін шеше алмай жүрген адамдар қаншама? Сол секілді қалтасы қалың болмаса да бақытты өмір сүріп жатқандар жетерлік. Ақшаның көмегімен адам қандай биікке көтерілсе де, ол биік баянсыз болмақ. Өйткені, адал еңбек пен білімнің жоқтығы бәрібір білінбей тұрмайды. Сондықтан, кез-келген азамат бала тәрбиесінде бай болудың маңызын емес, ерінбей еңбектенудің қадірін үйрету керек. Біз осы мәселеге аса көңіл бөлмей келеміз. Бұл тұрғыда бізде идеология нашар. Өйткені, теледидарда да, баспасөзде де бай адамдарды ғана көреміз. Олардың керемет өмірі мен шексіз байлығы сөз болып жатады. Бірақ, олар сол жетістікке қалай жеткені, ненің арқасында байып, ненің арқасында биікке көтерілгені айтылмайды. Мүмкін ол «таза емес» ақшаның арқасында ел алдында жүрген шығар. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек. Адал еңбекпен ақшалы болғандар көп насихатталса, жастарда да жұмыс істеуге деген мол талпыныс пайда болар еді деп ойлаймын. Ал менің балаларым да адал ақшасын таба алатын азаматтар болса, мен бұл өмірден алаңсыз кетер едім. Өйткені, менің жиғаным оларға бір күндік қана азық. – Сіз өзіңізді үлгі тұтарлық азаматпын деп ойлайсыз ба? – Иә. – Неге? – Ең біріншіден, мен өз кәсібімді адал жүргізіп отырған жанмын. Менің қол астымда елу адам жұмыс істейді. Олар жеке адамның мекемесінде еңбек еткен соң, маған басқаша көзқараспен қарауы заңдылық. Бағыныштылық сезімін тудырмас үшін арнайы жүйе қалыптастырып, барлығымен тең дәрежеде болуға тырысамын. Мұндағы әрбір жұмысшы өз пікірін білдіруге, мекеменің қаржылық жағдайын бақылауға мүмкіндігі бар. Айталық, жылына саябақтың бірнеше миллион теңге кірісі болды делік. Мен оны жылына екі рет жалпы жиналыс өткізіп, бәрін баяндап отырамын. Ондағы түсім мен шығынды да жұмысшылардың өздері жүргізіп отырады. Ал қандай мекеменің бюджеті қызметшілерден жабық, жасырын жүргізілген жерде түрлі еңбек даулары туындап жатады. Отбасымда да дәл сондай жағдай. Көптеген жанұядағы кикілжің ақшаға келіп тіреліп жататыны жасырын емес. Ал бізде қаражат бәріне ортақ. Одан жұбайым да, балаларым да қажетінше алып жаратады. Былайша айтқанда, толық демократия. – Өзіңіздің бағытыңызға айтылған ең ауыр сөз қандай? Жалпы, Сізге ауыр сөз айтқан адам болды ма? – Болды. Жалпы, менің сыртымнан сөз айтып, беделімді түсіруге тырысатындар болды. Мен мән бермеймін. Керісінше, ондай адамдардың өзіне қиын деп ойлаймын. Өйткені, олар сондай ауыр оймен, таза емес ниетпен жүреді. – Сұхбаттарыңыздың бірінде өміріңізде кезіккен үлкен бір сатқындықтан кейін адамдарға сақтықпен қарайтыныңызды және бәріне бірдей сене бермейтініңізді айтыпсыз... – Бір кездері айтқаным рас. Дегенмен, мен ол ойымда ұзақ қала алмадым. Өйткені, өмірде адамдарға сену, оларға үлкен үміт арту арқылы ғана шын бақытқа қол жеткізуге болады екен. – Бала күнгі арманыңыз орындалды ма? – Әкем ерте қайтыс болып, анам жастайынан жесір қалғанын айттым ғой жоғарыда. Сол кезде ол кісі күнде көзіне жас алып, оңашада отырып жылайтын еді. Әпкелерім мен апам анамды жұбатуға ең кішісі болғандықтан мені жіберетін. Сол кезде анамды құшақтап тұрып Құдайдан «анам сексен жасқа жетсе екен» деп тілеуші едім. Мен кішкентай болғандықтан, сексен жас деген өте ұзақ болып көрінетін. Аллаға шүкір, ол кісі сексен алты жасқа келіп өмірден озды. Бірақ, қазір ойлаймын, өте аз ғұмыр жасаған екен. – Анаңыздың жылағанын айтып отырсыз. Өзіңіз соңғы рет қашан және қандай жағдайда жыладыңыз? – Осыдан бір жыл бұрын. Анам қайтыс болғанда. Мен екі жасымнан тек сол кісінің бауырында өскен соң ба, өте жақын болдым анама. Көбінесе түн мезгілінде есіме алып, көзіме жас алатын кездерім болады. Өйткені, өмірдегі ең жақын адамың бір-ақ сәтте болмай қалды. Сол сәтте өмірімнің өзегі өртеніп кеткендей күй кештім. Бұл жалғанда еш мән қалмағандай еді. Бірақ, мен енді өз балаларыма тіреу болуым керектігін және оларды аяқтарынан тік тұрғызуым қажеттігін түсіндім. Бірақ, мен анаммен өткен өмірімде өкінетін кезім жоқ екен. Кейбір адамдар «қап, анам тірі болғанда осылай етер ем, оған осындай қызмет ете алмадым» деген секілді өкініштерін айтып жатады. Ал мен ештеңеге өкінбеймін. Ол кісімен өткен әрбір минутым қызықты болды. Ең алғаш ғашық болып, жігіттік шаққа аяқ басқанда да анаммен ақылдасып, сүйген қызымның жүрегін қалай жаулап алуға болатынын ақылдасатын едім. Әрбір табысымды алып келіп оның қолына ұстатқанда да өзімді шын бақытты сезінетінмін. Мен тапқан ақшамнан анам үйге кірерде «мама» деп жазып қоятынмын. Оны көрген анам қатты қуанып, ақ батасын беріп жататын. Бір ғана аздаған өкінішім, ол – анам қайтыс болғанда оны көп құшақтап сүйе алмадым. Тек соны ғана ойлаймын. – Қандай нәрсе жасауға батылыңыз бармайды? – Бұрыс әрекет жасап, қоғамға іріткі салып жүрген адамдарды аямай ұрар едім. Бірақ...Бірақ, ондай адамдар үшін қолыңды былғау қаншалықты қажет деп ойлаймын да өзімді тежеймін. Әйтпесе, жұдырық «жеуге» әбден лайықты адамдар бар. – Ал қандай қасиеттеріңізді дамыту керек деп ойлайсыз? – Мен жұмысбастылыққа салынып, үйге, отбасыма уақыт аз бөлетінімді көп ойлаймын. Қолымнан келсе, соларға деген ерекше ықыласымды бөлгім келеді. Таңертең ертемен жұмысқа кетемін. Кеште шаршап келіп ертерек ұйықтауға асығамыз. Осылайша бір-бірімізге деген уақытымыз тым аз екенін байқаймын. Кіші қызым үнемі «Әке, сіз бізбен көп сөйлеспейсіз» деп назын айтып жатады. Жалпы, маған мұндай ренішін тіпті, құдаларым да айтады. Шынында, жақындарыма жиі хабарласып, сөйлесіп тұруға кейде уақыт таба алмай қаламын. Сондықтан, қолымнан келсе, уақытты өз пайдама жұмсауға талпынып көрер ем. Осы тұсымды біршама дамытсам артық болмас еді. – Өзіңіз басқарып отырған Кәсіпкерлер палатасының жұмысы көп болар бәлкім? – Мұндағы жұмыстың жауапкершілігі өте ауыр. Бұл жақтағы жұмысқа түрліше қарауға болады. Бастысы, елдегі бизнесті көтеру. Ал оның тетігін әлі ешкім нақты біле алмай отыр. Оның үстіне, біздің елдің кәсіпкерлікпен айналысуға деген көзқарасы басқаша. Ол көзқарасты қалыптастырудың өзі біршама күш-жігерді талап етеді. Сонымен қатар, көптеген азаматтарға нақты көмек көрсетуіміз қажет. – Ал Сіздің кәсібіңізді дөңгелетіп әкетуіңізге ерекше көмегі, шарапаты тиген адам болды ма? – Үкімет көмектесіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс пайдаланып, өз керегіңе жұмсай алсаң болғаны тек. Мысалы, мен «Бизнестің жол картасы» арқылы несиеге ақша алдым. Ал нақты бір көмек көрсеткен тұлғаны айта алмаймын. Үкіметке ризамын. Барлық жағдайды жасап отыр. Ел соны түсініп, жолын тауып керекті кәсіппен шұғылдана алса болғаны. – Өміріңізді 10 жылға кейінге шегерсе нені өзгерткен болар едіңіз? – Білмеймін. Бәрін осылай қалдырған болар едім. Өйткені, жақсы естеліктер, еске алуға тұрарлық қуаныштар көп болды. Бір нәрсені өзгертіп жататындай емес, өмір деген өте тез өтеді екен. Тіпті байқамайсыз. Сондықтан, өмірдің әрбір сәтін сый ретінде қабылдап, оны бағалай білген абзал. – Әрбір адам танысып шығуы керек деген кітап, фильм және ән деп қайсыларды атайсыз? – Әлбетте «Абай жолын» оқу ешкімге де артық болмас еді. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындысы ретінде әрі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін бірден-бір эпопея деп ойлаймын. Ал фильмдерге келер болсақ, ол әркімнің өмір сүру ортасы мен деңгейіне, санасы мен түйсігіне қарай әрқалай болады. Өзіме ерекше ұнайтын «Дом у озера» атты фильм. Сонымен қатар, бірнеше «Оскарды» алған «Жизнь Пи» атты туындының да ерекшелігі басым. Ондағы ұнаған ең басты идея – қандай жағдайда да өмір үшін күресті тоқтатпау. Ал әнді нақты айта алмаймын. Бұл аралықта әркімнің талғамына қарай шығар... – Қазіргі жастардың белгілі бір кәсіппен айналысуға деген талпынысын қалай бағалаған болар едіңіз? – Жалпы алғанда жаман емес. Бірақ, жалқаулық пен «дайын асқа тік қасық» болуға құмартып тұратындар көп. Еңбектенуге ерінеді. Тезірек баюды ойлайды. Тіпті, байлығына қарап отбасын құру да белең алған. Қыздар жігіттердің әлеуметтік жағдайын қарайды, жігіттер де сәйкесінше қыздардың бойынан мін тапқыш. Алайда, олардың ешқайсысы өз кемшілігін көргісі келмейді. Сондықтан болар, қазіргі жастардың бірін-бірі тауып, табысуы, отбасын құруы қиындап кетті. Бірін-бірі шын ұнатқан адамдар ғана ортақ табысқа жетпек. – Ендеше «Әрбір табысты еркектің артында сүйген жары тұрады» деген сөз рас болып тұр ғой... – Әлбетте. Мен мысалы жарым Айдинаға өте ризамын. Оның маған деген құрметі мен анама, балаларыма деген қамқорлығы болмаса, әрқашан ақылдасып отырмасақ, мен мұндай бақытты болып отырмас па едім? Ол отбасымыздың ұйытқысы болумен қатар, саябақ жұмысын қолға алып, оны дамыту жолында да аянбай еңбек етуде. Оның маған деген махаббаты болмаса, менің барлық бастамам баянды болмас еді. – Махаббат туралы сөз болған екен, Сіздің сезіміңізді бағаламаған жан болды ма? -Иә. Болды. Мен мектепте сабақ беріп жүрген кезім еді. Ол кезде жасым 24-те болатын. Сонда бір қызға қатты ғашық болып, сөз айтқаным бар. Оның сұлулығы шексіз еді. Ол келісімін берсе үйленбекші ойым болған. Сөйтіп, сезімнің жетегінде алып-ұшып әлгі қызға сөз айттым. Сол кезде ол маған: «Сен кедейсің. Мен саған үйленсем не бере аласың? Бай болсаң, мүмкін сөзіңді құп алар ма едім», – деді. Сол кездегі күйім сөзбен айтып жеткізгісіз еді. Алайда, уақыт – емші деген рас. Аз ғана уақыт өткенде әлгі қыз сол кезде дәурені жүріп тұрған бір байға тұрмысқа шықты, менің де сезімім сөнді. Бірақ, мен кейін өзімнің өмірлік жарымды жолықтырып, бақытты отбасын құрған соң балаларымды қыдыртып саябақта жүргенде әлгі келіншекті кезіктірдім. Сыртымнан әлдекімнің көз алмай қарап тұрғанын байқадым. Сөйтіп, зер салып қарасам, бір кездері менен сырт айналып, кедейлігімді бетіме басқан адам. Бір кездері шынайы сезімді байлыққа айырбастап кеткен оның тұла бойы, киімі өте жұпыны еді. Бірақ, сырт келбет бір-ақ сәтте өзгеруі мүмкін ғой. Мәселе оның ішкі дүниесінің таяздығында болып тұр. Менде тек аяушылық сезімі болды. – Жоспарыммен бөліссем орындалмай қалады деген адамдардың қатарынан емессіз бе? – Жоқ. Өйткені, жоспарыңды айтып, ойыңды білдірсең, оны жүзеге асыруға талпынасың. Сөз күйінде қалып қоймауын қадағалайсың. Ал іште жүрген жоспар сол бойы жүзеге аспай қала беруі мүмкін. – Ендеше, алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз... – Бұрыннан келе жатқан үлкен арманым және өмірлік жоспарым болған ол үй салу еді. Қазір өзім тұрып жатқан үш бөлмелі әкемнің тамының жанынан жаңадан қос қабатты үй тұрғызып жатырмын. Алла қаласа, соның жұмысын толыққанды аяқтасам деген ой бар. Оны аяқтаған соң қызымның бастамасы болған «Неке сарайының» жобасын аяқтасақ деп ойлаймын. Өйткені, Таразда жас жұбайлар баратын, олардың тойын сән-салтанатпен өткізетін орын аз. Бұл кәсіпті кірісі көп деп айтуға болмас. Бірақ, елдің игілігіне өте қажетті ғимарат. – Ел игілігіне қажетті ғимарат жайлы айтып отырсыз, ал Таразға туристерді тартып, ел назарын аудару үшін, жалпы, көне қаламызды көркейту үшін не қажет деп ойлайсыз? -Біздің қаланы көркейту үшін бірінші кезекте жақсы қонақ үй жетіспейді. Қалаға келген қандай қонақтың болса да бірінші кезекте аяқ тірейтін жері – қонақ үй. Өкінішке қарай, Таразда барлық талапқа сай келетін, қызмет көрсетуі мен жағдайы жақсысы жоқ. Әлбетте, барлары бүгінгі заманауи зәулім ғимараттарда орналасқан, шетелдің және өзіміздің үлкен қалалардағы қонақжайларға жетпейді. Тіпті, олармен салыстыруға да келмейді. Содан кейін, ежелгі ескерткіштерді жаңғыртып, сол бағытқа көбірек назар аударған жөн болар еді. Бір ғана Ақыртасты алсақ, оны қажетті деңгейде көрсете білсек, әлем зерттеушілерінің еріксіз назарын аударып, олардың мұнда топ-тобымен ағылуына жол ашар еді. Біз бұрыннан кеңінен танымал болған Тектұрмас, Қарахан баба мен Айша бибі кесенелерімен қатар, талай тарихты қойнына тығып жатқан тарихи көптеген орындарды аршып, оларды зерттеу мен зерделеу жұмыстарын дұрыс жолға қоюымыз керек. Соның арқасында, қасиетті Тараз әлемдегі баға жетпес көне де көрікті қалалар қатарына енер еді. Сонымен қатар, қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің сыртқы келбетінің де көрікті болуына назар аударған жөн болар еді. Өйткені, салынғанына аз ғана уақыт өте сала, іші-сырты адам танымастай өзгеріп, қыруар қаржыға салынғанымен, бет-бейнесі ұсқынсыздау үйлердің пайда болып жатқанын көріп отырмыз. Ол үйлер тек қана тұрмыс үшін емес, қаланың көркі мен бет-бейнесі деп түсіну керек. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет! Ел игілігі үшін бел шеше кіріскен бастамаларыңыз баянды болсын!
Сұхбаттасқан Маржан Рақай, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді