«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғылым мен білімнің бесігі

Ғылым мен білімнің бесігі
ашық дереккөз
Ғылым мен білімнің бесігі

Тәуелсіз елімізде білікті де білімді кәсіби мамандар даярлау ісі жоғары оқу орындарынан бастау алады. Бұл іске сексеннің сеңгіріне шыққан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы да өзіндік үлесін қосып келеді. Университеттің 80 жылдық тарихы кезеңдеріне ой жүгіртсек, бірқатар айтулы оқиғаларға куә боламыз. Соңғы он жыл мұғдарында жеткен жетістіктері де көп-ақ. Атап айтқанда, 2003 жылы Болонья (Италия) қаласында біздің оқу орнымыз университеттердің Ұлы Хартиясы қатарына қабылданып, Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері арасынан бірінші болып еуропалық білім беру кеңістігіне енді. Бертінде БҰҚ-ның «Академиялық ықпал» атты бағдарламасына қатысушы бірден-бір жоғары оқу орны ретінде 90-нан астам елдің, 500-дей университеттердің қатарына қосылды. Ғылыми-инновациялық инфрақұрылымдарды жасау мен мамандарды даярлаудың халықаралық талаптарын енгізуге байланысты алғашқы қадамдар жасалып, елімізде білім берудің үш сатылы жүйесі бізде алғаш рет енгізілді. Бүгінгі таңда университетте 2 мыңнан аса білікті оқытушы-профессорлар, оның ішінде жүздеген академиктер, ондаған философия докторлары дәріс оқиды. Білім алып жатқан 18 мың студент, магистрант, докторанттардың ішінде мыңға жуық шетелдік жастар да бар. Бұлар болашақта білімді маман болумен қатар, ұлт элитасын құрайды деп үміт артуға болады. Сапалы білім берудің маңызды факторларының бірі – білім мен ғылымды тікелей ұштастыру болып табылады. Оқу және ғылыми үдерістерді тығыз байланыстыру Болон үдерісінің қағидасына да сай келеді. Осы мақсатта университет құрамында ғылыми-зерттеу институттары мен технологиялық парктер құрылған. Мамандардың кәсіби біліктілігі мен ғылымды дамыту үшін тек жаңа оқу технологияларын меңгеріп қана қоймай, оның сапалы білім беру мақсатында әртүрлі деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бүгінгі күн талабына айналып отыр. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдайы да осыны талап етуде. Классикалық үрдістегі университеттердің ерекшелігі – сапалы білім берумен қатар, оның жақсы, дамыған ғылыми базасын құру болып табылады. Сол арқылы білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерістерін тығыз ұштастыра отырып, тәжірибе, жас ерекшеліктеріне қарамай ғалымдар мен студенттердің бірлесе жұмыс істеуі арқасында жекелеген ғылыми мектептер мен ғылыми орталықтардың қалыптасып, дамуына жол ашылады. Осы орайда Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі кафедралар, оның ішінде «Қаржы» кафедрасы мен Экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстары өзара сабақтастығын табуда. Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысы негізінен жаһандану жағдайында Қазақстан экономикасының өзекті мәселелерін зерттеуге, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету факторы ретінде инновациялық белсенділікті арттыру механизмін жетілдіруге бағытталған. Осындай елеулі жетістіктер – сексен жылдық тарихы бар қара­шаңырақ құрамындағы Экономика және бизнес жоғары мектебі «Қаржы» кафедрасы профессор-оқытушылар құрамының да ауызбіршілікпен еңбек етуінің нақты нәтижесі екені анық. Елбасымыз Н.Назарбаев алға қойған «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарына сәйкес университет, оның ішінде «Қаржы» кафедрасының ұжымы білім, ғылым және инновациялық өндірістің тиімді интеграциясы негізінде еліміздің стратегиялық даму және заманауи интеллектуалдық талаптарына сай қаржы мамандығы бойынша жаңа тұрпатты мамандар әлеуетін қалыптастыру арқылы киелі қарашаңырақтың қарымды істеріне өз үлесін қосуда деп сеніммен айта аламыз.

М. АРЗАЕВА, Д.САДЫХАНОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қаржы» кафедрасының оқытушылары.

Ұқсас жаңалықтар