Елбасы Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында бес халықтық реформаны жүргізудің маңыздылығын көрсетіп, алға нақты міндеттер қойып берді. Күні кешегі үкіметтік кеңесте де: «Біреудің есебінен күн көруге болмайды. Мемлекеттің басты міндеті – адам жұмыс істеуі үшін жұмыс орнын беруге тырысу. Болды, қалғанын ол өзі жасауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы, – ауылда жұмыс істегің келе ме – шағын несие ал, аулалық шаруашылықты дамыт, мал ұста, ақша тап. Қаламайсың ба – қалаға бар, біз сені мемлекет есебінен тегін оқытамыз, мамандық пен разряд береміз, жұмысқа тұрғызамыз, баспана да береміз. Енді тағы не істеу керек? Ал қазір жұмыс істегенге бәрі беріледі», – деді Президент. Бұл белгілі нақылмен айтылатындай, адамға «Балық берме, сол балықты өзі аулап алатын қармақ ұстат» дегенге келіп саяды. Осы тұрғыда былтыр дүниеге келген «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының шапағатын мысалға келтіруге болады. Жұмыспен қамту саласында аудан бойынша былтыр ресми түрде 85 жұмыссыз тіркелген, жұмыссыздық деңгейі – 3,5 пайыз. Жұмыссыз ретінде тіркелуге 2581 адам өтініш білдірген. Әлеуметтік қорғау шараларымен 2833 адам қамтылды, оның 1925-і тұрақты жұмыс орындарына, 88-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 38-і «Жастар тәжірибесіне» жолданып, 294-і кадрларды қайта даярлау кәсіби курстарына, 271 адам қоғамдық ақылы жұмыстарға жіберілді. «Жұмыспен қамту–2020 жол картасы» қатысушыларының қатарына 343 адам қосылып, 930 адамға жетті. Оның ішінде бағдарламаның 1-бағыты бойынша аудандағы нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 106 жұмыссыз азамат жұмысқа жіберілді. 110 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 85 адам шағын несие алып өз істерін ашып еңбек етуде. Бағдарламаның үш бағыты болды. Бірінші бағыты – елді мекендерді дамыту. Бұл бағыт бойынша ашылған жұмыс орындарына 50 пайыздан кем емес сол ауылдағы жұмыссыз азаматтар жіберілуі тиіс. Ауылдарда жүргізіліп жатқан құрылыстарға жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылуда. Екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт шағын несие ала отырып жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруды көздейді. Оған ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар азаматтар қатысуда. Осы бағыттың өз бизнесіңді дамытуға жетіспейтін инфрақұрылымдарды жүргізуге мүмкіндік беретін тармағы бойынша онға тарта шаруа қожалықтарының ең шалғайдағы қыстауларына шағын жел және күн электр стансалары орнатылды. Мұндай игілікті пайдаланудың шарты бойынша шаруа қожалығы өндірісті дамыту, яғни отарымен мал өсіруді кеңейту мақсатында шағын несие алатын болса, инженерлік инфрақұрылымы үшін қосалқы техникалық жабдықты сатып алуға өтінімді қоса береді. Шаруа қожалығы үшін техникалық жабдық мемлекет есебінен сатып алынып, бағдарламаға қатысушы ретінде шаруа қожалығының меншігіне беріледі. Осы мақсатпен өткен жылы ауданға республикалық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлінген еді. Үшінші бағыты – жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар мен аз қамтылған отбасы мүшелерін оқыту және олардың жұмысқа орналасуына көмектесу. Сондай-ақ, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Яғни, азаматтардың экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еріктерімен көшуіне жәрдемдесу. Белгілі өлшемдерге сәйкес біздің ауданнан әлеуеті төмен елді мекендер тізіміне енгізілген шалғайдағы Бел ауылынан (Отар ауылдық округі) он сегіз отбасы былтыр Қордай ауылында арнайы салынған үйлерге қоныс аударды. 1412 жұмыс орнын ашу жоспарына сәйкес, аудан бойынша 1647 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде мерзімді жұмыс орындары – 710. Аудандық бюджет есебінен 29 жасқа дейінгі жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатына 4,4 миллион теңге, әлеуметтік жұмыс орындарына 9,9 миллион теңге, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға 56,7 миллион теңге, кәсіби оқу және қайта даярлау курстарына 4,1 миллион теңге бөлінді. «Өрлеу» қанат қақты жобасы бойынша 331 отбасына 44793 мың теңге материалдық көмек көрсетілді.
Бақыт Сахатов, аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді