Лотерея билеті
(баллада) Ғұмырында қуаныш-сый көрмеген,
Тауқыметтен бірақ та именбеген.
Тұратын-ды ауылда кемпір мен шал
Өткізетін өмірін күйбеңменен.
Қонақ келсе, күлімдеп қабылдаған,
Жандар еді пейілі тарылмаған.
Тек олардың әркім-ақ байқар еді
Көздерінен мұң табын арылмаған.
Тарқатпайтын шерін бір болар ма адам?
Ұзақ дастан тыңдаушы ек ол ортадан.
Жалғыз ұлын арман ғып айтушы еді
Қайта айналып соғыстан оралмаған.
Қайта жоқтап жоғалған бақ-мұратын,
Көз жастарын сығуға шақ тұратын.
Жақсы, алайда олардың күн-көрісі
Өкіметтен пенсия ап тұратын.
Өкіметтің ырза боп көмегіне,
Жаудыратын алғысын шал егіле.
Лотерея билетін беруші еді
Пошташы қалған тиын-тебеніне.
«Бұл қағаздың», – дейтін шал: «керегі не?
Өкіметтің бұл да бір көмегі ме?».
Сонсоң оны салатын екі бүктеп
Қалтасының сүңгітіп тереңіне.
Оларды аяп Құдай бір бақ берді ме?
Бақ берді ме, кездейсоқ тап келді ме?
«Машина ұттың!» – дей берді бір топ жігіт,
Ұтыс шыққан газетті ап келді де.
«Қуанышын шал-кемпір тойлайды әлі !» –
Десіп жатыр жамырай қоймай бәрі.
Қуанудың орнына қуарып шал
Сақал-мұртын жұлды да, ойбайлады.
Жылады шал ұлына жоқтау айтып,
Басу айтқан халыққа тоқтамай түк.
«Машинаны, Құдай-ау, кім мінеді
Оралмаса жалғыз ұл топқа қайтып?
Машинаның мен үшін құны бар ма?
Кете бергің біреуің мініп ал да!
Машинаны мен ұтсам ұлым барда
Қуанбайтын, Құдай-ау, жыным бар ма?
Той жасар ем бір тайды сойып бүгін,
Тойламадым, ал оған айыпты кім?
Кеткен жоқ па қырық жыл бұрын соғыс
Қуаныштың бүгінгі жойып құнын?
Қатал тағдыр адамды алалай ма?
Машина ұттым, мінетін бала қайда?
Шын иесін таппаған дүниені
Мен берейін ұлы көп Танабайға».
Деп зарланған байғұс шал боздайды кеп,
Кейде шаттық мұңнан бір озбайды үдеп.
Бір қуаныш өз орнын таппай қалса,
Өршітіп бар қайғыны қозғайды тек... Шорабек АЙДАРОВ.
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




