«Мәңгілік Ел» – бір халық және ортақ құндылықтар» тақырыбында баяндама жасаған облыс басшысы өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жеткен жетістігі мен ел татулығын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды. – Мерейлі мереке жылы елімізде жағымды жаңалықтар көп болғаны өздеріңізге мәлім. Оның ішінде Президентімізді сайлап алғанымызды айрықша атап өтуге болады. Қазақстан халқы татулығын әлемге тағы бір рет паш етіп, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берді. Ел бірлігінен асқан қасиетті құндылық жоқ екенін көрсетті. Елордада өткен Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Елбасы халқына айрықша ризашылығын білдіріп, ел бірлігін жоғары бағалады. Ұлт көшбасшысының жоғары бағасы Әулиеата елінің әрбір азаматына да тиесілі екенін атап өткім келеді. Салтанатты шарада Мемлекет басшысы аса маңызды мәселелер көтерді. Елбасының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бес институционалдық реформаны жүйелі түрде жүзеге асыруға қатысты ауқымды міндеттер күн тәртібіне шығарылды. Қазір осы бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Бес халықтық реформаны алға жылжыту үшін жаңадан Ұлттық комиссия құрылды. Енді біз соларды орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Биылғы жыл – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы, бейбітшілік жылы. Биылғы жыл – ел бірлігінің, Елбасы жариялаған Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің салтанат құру жылы. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – нақты істер жылы десек артық емес. Мерейлі жылдың құрметіне орай облыс орталығында, облыстың 374 елді мекенінде біртұтас Қазақстан халқының теңдессіз және елеулі жетістіктерін паш етуге арналған 1,5 мыңнан астам іс-шара өтті. Оған барлығы 400 мыңға жуық адам қамтылды. Мемлекет басшысының қатысуымен Тараз қаласында «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық форум өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына арналған «Менің Қазақстаным», «Денсаулық» пойыздарын қарсы алу аясында бірқатар әлеуметтік, медициналық, құқықтық қызмет көрсету, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізілді. «Жиырма ізгі іс» эстафетасының нышаны – халықтың бірлігі мен берекесін бейнелейтін «Тайқазанды» қайырымдылық істермен толтыруға атсалыстық. Акция аясында тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, соғыс және тыл ардагерлеріне, балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиеленушілеріне атаулы көмектер көрсетілді. Күні кеше су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды, Ақмола облыстарына 640 тонна гуманитарлық құрылыс материалдары мен 2,9 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілді. Бұл жұмыс өз жалғасын табуда. Мұның барлығы – халқымыздың дархан көңілінің көрінісі. Ауқымды шаралар халықты ұлттық бірлікке шақырып, қоғамдық келісім мен толерантты еліміздің экономикалық-әлеуметтік өрлеуі мен демократиялық мемлекет құру жолындағы жаңа белеске көтерілуімізге мол мүмкіндік береді. Этномәдени бірлестіктердің басшыларына мерейлі жыл барысында атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Кәрім Нәсбекұлы баяндамасында. Сондай-ақ, ол алда ассамблея мүшелерінің атсалысуымен атқарылуы тиіс бірқатар жобаларды ұсынып, арнайы тапсырма берді. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, барлық ірі кәсіпорындар мен мекемелерде қоғамдық келісім кеңесі құрылуы, барлық мемлекеттік мекемелер этномәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы, ассамблеяға қарасты ғылыми-зерттеу орталығы білім беру мекемелері мен БАҚ-тарда патриоттық рух қалыптастырудың жүйесін енгізуі, ішкі саясат басқармасы мен ассамблея біріге отырып БАҚ арқылы жалпыхалықтық құндылықтарды насихаттайтын арнайы жобалар жасауы, жергілікті атқарушы органдар мен барлық деңгейдегі әкімдер Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында этномәдени бірлестіктермен жұмысын жандандырулары тиіс. Ал жарыссөзге шыққан грек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Виолетта Капасакалис Қазақстанға жер аударылып келген өз қандастарының қиын тағдыры жайлы, алайда, қазақтың дархан пейілі мен жанашырлығының арқасында олардың өсіп-өніп, бүгінде дүйім жұртқа айналып отырғандығын асқан тебіреніспен, көзіне жас ала отырып жеткізді. Сонымен қатар, өзге де сөз сөйлеушілер елге, жерге деген ыстық ықыластарын және құрметін айтты. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының басшылығы мен құрамы бекітілді. Сессия соңында халықтар достығы мен татулықтың жолында, бірлік пен ынтымақты арттыру мақсатында аянбай еңбек етіп, мемлекеттік саясатты жүргізуге атсалысып жүрген бірқатар азаматтар қоғамдық «Бірлік» медалімен марапатталды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді