Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың экономика саласы бойынша ғылым докторы.
Жақында өткен Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Елбасы өзінің сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген бес халықтық реформаның қажеттілігін түсіндіріп берді. «Біріншіден, мемлекеттік құрылысқа сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне жол бермеу керек. Екіншіден, даму қарқынын сақтау қажет. Үшіншіден, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау. Төртіншіден, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгерілеуді жалғастыру қажет», – деді Президент. Күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бес халықтық реформаның маңыздылығына тағы да тоқталып, нақты міндеттер белгіледі. Шындығында, қазіргі таңда әлемде дағдарыстар толқыны толастамай отыр. 2007 жылы АҚШ-та басталған ипотекалық дағдарыс 2008 жылдың қыркүйек айында әлем банктерінің өтімділік дағдарысына алып келді. Бұл дағдарыс салдарынан әлемдегі әртүрлі деңгейдегі банктер несие беруді тоқтатты. Автокөлік нарығында несиелердің берілмеуі, Еуропадағы бірнеше алып автокөлік өндірістерін жауып, ал Opel, Daimler және Ford компаниялары өндіріс көлемін қатты тежеуге мәжбүр болды. Жылжымайтын мүлік нарығынан дағдарыс өндіріс саласына ауысып, ол өз кезегінде әлемдік өндіріс көлемдерін азайтуға алып келді. Өндіріс көлемінің азаюынан, көптеген мемлекеттердегі жұмыс орындары санын кемітіп, мемлекеттердегі жұмыссыздар қатарын көбейтті. Дағдарыс салдарынан дамушы елдер ғана емес, экономикасы ғасырлар бойы алдыңғы қатарда болған кәрі құрлық мемлекеттері де қатты зардап шегуде. Сол ел халықтарының әлеуметтік жағдайлары төмендеуде. БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің баяндамасына сәйкес 2015 жылғы әлемдік экономиканың өсуін тежейтін жаңа факторлар қосылды. Олар: Украинадағы жағдай мен Африка құрлығындағы эбола індеті. Оған қазір толастамай отырған ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттер Сирия және Ирактағы азаматтық соғыстар мен алып мемлекеттердің Ресейге жариялап отырған экономикалық санкцияларын қосатын болсақ, әлемдік экономикадағы дағдарыс әлі жалғасады деп анық айтуға болады. Сирия мен Ирактағы соғыс салдарынан әлемдік нарықтардағы мұнай бағасы күрт төмендеп отыр. Мұнай бағасы қазіргі таңда 100 доллардан 60 долларға төмендеген. Бұл Қазақстан мемлекетінің бюджеттік түсімдер көлеміне әсер етуде. Мұнай – біздің негізгі асыраушымыз ғана емес, ол біздің қауіпсіздігіміз. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 10-орын алады. Сондықтан, бар қорды ысырапсыз қолдану керек. Қазіргі таңда өзінде мұнай болмаса да оны басқа елдерден импорттау арқылы алып мұнай қорларын жасақтап отырған елдер бар. Олар: Жапония мен Оңтүстік Корея. Қытай да қазір өзіне мұнай қорын жасақтап, оның үлесін 2020 жылы 800 миллион тоннаға жеткізбек. Украинада болып жатқан жағдайлар мемлекеттің экспорттық әлеуетін күрт төмендетуде. Мамандардың есебі бойынша, бұл мемлекет өткен ғасырдың 90-жылдарындағы экономикалық тоқырауды қайта бастан кешеді деп болжануда. Жоғарыдағы мемлекеттермен Қазақстан тығыз экономикалық байланыста. Ал кейбір мемлекеттермен көптеген жылдар бойы бір империя ішінде өмір сүріп, ондаған жылдар бойы әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қарым-қатынастары мығым орныққан және бір-біріне әсері бар. 2012 жылы Қазақстан экономикасындағы сырттан әкелінетін тауарлар мен қызметтердегі Ресейдің үлес салмағы 77-80 пайыз болса, Украинаның біздің импорттағы үлес салмағы 13 пайызға дейін болған. Сондықтан, бұл мемлекеттердегі болып жатқан әртүрлі экономикалық және саяси өзгерістер біздің экономикаға қатты әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Осы орайда Елбасы ұсынып отырған реформалар қазіргі кезде өте өзекті. Оның ішіндегі ел экономикасын әртараптандыру мәселесінің маңызы зор. Иә, қазіргі таңда Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының бірінші бесжылдығы толық жүзеге асты. Осы бағдарламаның жемісті еңбегі нәтижесінде ел аумағында жүз мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазіргі кезде осы бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Ол 2015-2019 жылдар аралығын қамтитын болады. Бұл бағдарлама аясында жаңадан 60 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Реформаның тағы да бізге қонымды тұстары ол ауыл шаруашылығына Үкімет тарапынан бөлінетін көмек болып отыр. 2015 жылы көктемгі егін егу жұмыстарына 60 миллиард теңге бюджеттік несие бөлінді. Аталмыш қаражат кейін ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді несиелендіру мақсатында 2014 жылмен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге артық. Бұл қаражаттар қарыз ретінде екінші деңгейлі банктер мен «Продкорпорация» АҚ және «Аграрлық несие корпорация» АҚ-на жіберілді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылық кәсіпорындарына 15,7 миллиард теңге берілді. Соның ішінде 13,1 миллиард теңге бюджеттік несиеден, 2,6 миллиард теңге бюджеттен тыс көздерден бөлінді. Мерзімді сатып алу, яғни, жедел келісім-шарттар бойынша «Продкорпорация» АҚ бидай және арпа өнімдерін сатып алу өтінімін жүзеге асыру аясында 8 миллиард теңгеге қаржыландырды. Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау үшін 78,2 миллиард теңге бағытталады. Осы берілетін көмектер, біздің облыс сияқты ауыл шаруашылық саласына бейім аймаққа да өте көп көмегін тигізетіні сөзсіз. Президентіміздің жемісті еңбегінің арқасында еліміз дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Ендігі уақытта Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің көшбасшылығына ұмтылуы заңды құбылыс. Өйткені, еліміздің экономикалық әлеуеті мен қоғамдағы саяси тұрақтылық, демократияның дамуы мүмкіндікке жете алатынымызды айқындап отыр. «Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалалар Қазақстанның әрбір азаматының қатысуын талап етеді. Реформалар мәні – ұлтты жаңғыртуда», деді – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кірісу рәсімінде. Сондықтан Елбасы ұсынып отырған реформалардың болашақта Қазақстанымызды бұдан әрі көркейтетіні күмәнсіз.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді