«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҰБТ-ға жүйелі дайындық керек

ҰБТ-ға жүйелі  дайындық керек
ашық дереккөз
ҰБТ-ға жүйелі дайындық керек

Мектеп бітірушілерге ұлттық бірыңғай тестілеу ең маңызды сынақ екені белгілі. Себебі, бірыңғай жүйе оқушылардың орта білімін бағалап қана қоймайды, болашақ мамандықтарын таңдауына мүмкіндік береді. Тестілеудегі жинаған ұпайы жастардың жоғары оқу орнына түсуіне жол ашады. Сондықтан, түлектер үшін ҰБТ-да қажетті балды жинай алмау – үлкен психологиялық дағдарыс. Ал қатты күйзелістің соңы келеңсіз жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Осыны ескерген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының облыстағы институтының инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі арнайы семинар өткізді. Негізгі мақсат – оқушылардың тестке дайындық шараларын жүйелі ұйымдастыру. Тараз политехникалық колледжінде өткен семинарға мектеп басшылары мен пән мұғалімдері, орталықтың профессор-оқытушылары қатысты. «Өрлеу» орталығының облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғ. Сыздықбаева оқушылардың орта білімін аттестаттайтын бірыңғай ұлттық жүйенің мән-маңызына, тестілеуге дайындық барысында ескерілетін бірнеше мәселеге тоқталды. Тараз қаласындағы №41 мектеп-гимназиясының директоры Ж. Түребекова мектеп бітірушілердің ҰБТ кезіндегі кездесетін қиындықтар жайлы сөз етті. Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері Г. Тәджібаева өзінің «Педагогикалық диагностикалауда болжамдық көрсеткіш» оқу құралы бойынша сынаққа дайындалудың тиімділігін түсіндірді. Жалпы, бұл – облысымызда жарық көрген, ұстаздарға сынаққа дайындықтың тиімді жолын көрсететін алғашқы нұсқаулықтардың бірі екенін айта кеткен жөн. Тестілеуде сауалдары мен дұрыс жауаптарының нұсқалары дау туғызатын пән – «Қазақстан тарихы» екені мәлім. Ел тарихына қатысты логикалық сұрақтардың шешімін таппаған талапкерлер сынақтан кейін «ми ашытарлық» тапсырмалар топтастырылған» деп шу шығарып жататын кездер де аз емес. Мұндай келеңсіздіктің алдын алудың бірден-бір жолы – тест тапсырмаларының сапалы әзірленуін талап ету және оқушылардың Отан тарихын танып-білуге деген құштарлығын ояту. Меркі ауданындағы №5 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі семинарда осы мәселелерді қозғай келе, әріптестеріне «Қазақстан тарихы» пәнінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдарын таныстырды. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №38 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі З. Көбенбаева, географ-маманы Г. Елтүзерова, Меркі ауылындағы №17 мектеп-гимназияның химия және биология пәнінің мұғалімі А. Тұрарова өз тәжірибелеріндегі озық әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Бұл педагогтар үшін оқытудағы ортақ мәселені талқылаған пайдалы басқосу болды. Тестілеу кезіндегі ұйымдастыру шаралары, сынаққа дайындық барысы пысықталды. Әрбір қатысушы өзіндік пікірін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

Гүлнұр Иманалиева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институтының қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар