«Ұлттық құрама бір ойынын Таразда өткізеді» дейді Қазақстан футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапанов
Қазақстан футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапанов жұмыс сапарымен Тараз қаласында болып, футбол функционерлерімен, жанкүйерлермен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, пікірлесті. – Біз ел футболын дамытудың 2022 жылға дейінгі жоспарын түзіп, бағдарлама әзірлеудеміз. Бағдарламада балалар, жастар футболын дамыту, легионерлердің санын азайту секілді мәселелер қамтылған. Бүгінгі кездесу барысында сіздермен пікір алмассақ деген ниет бар. Мәселен, Ұлыбританияда 3 балаға бір жаттықтырушыдан келеді. Германия, Италия, Испания сияқты елдер бұл мәселеде ақсүйектер елінен кемшін түскенімен, көрсеткіштері жоғары. Ал бізде 400 балаға бір ғана жаттықтырушы. Осыдан кейін біз қалайша қазақ футболы дамымайды деген әңгімені айта аламыз? Қосымша алаңдар салу, футболдық манеждерді көбейту секілді өзекті мәселелер де күн тәртібінде тұр. Мәселен, Шымкенттің сегіз алаңы бар «Биік» спорт кешені бар. Осындай кешендер әр жерде болса дейсің. Балалар футболын дамытпай, футболымыз өрістейді деу бос әурешілік, – деп бастады федерация президенті өз сөзін. Мұнан кейін жанкүйерлер мен спорт мамандары өз сауалдарын қойды. Кездесу барысында жанкүйерлер легионерлер мәселесін, жас футболшылардың алаңға көбірек шығуын, аудандарда балалардың футболмен айналысуына жағдай жасалуын сұранды. – Өз басым легионерді тарту мәселесіне қатысты пікірімді ашық білдіріп жүрмін. Бірінші лигадағы командаға легионер керек пе?! Әрине, керек емес. Онда тек қана отандық футболшылар өнер көрсетіп, мықтылары жоғары командаларға ауысуы тиіс. Тараз футболы таланттар академиясы екенін бәріміз білеміз. Екіншіден, премьер-лигадағы клубтардағы легионерлердің санын жылына біреуден кемітіп отырған дұрыс деп ойлаймын. Оған төленетін 20 мың доллар жалақыға жинақтап, футбол алаңдарын салып, болмаса, жөндеуден өткізу керек. Еуропада тиын алып жүрген (екі мың доллар) футболшылар агенттері арқылы бізге келіп, қыруар қаржы табады. Олар төмен деңгейлі ойыншылар. Әрине, мықты легионерлерге орын табылады. «Тараз» футбол клубында легионерге қатысты мәселе жоқ. Сосын жолдастық кездесулердің бірін биыл Таразда өткізуге күш саламыз. Тараз халқы футболды жақсы көреді. Сейділда Байшақов бастаған, басқа жас ойыншылар қоштаған таланттарды тәрбиелеп шыққан өңір ұлттық құраманың ойынын көруі керек. Шетелден 2-3 мың доллар жалақыға жұмыс жасайтын бапкерлерді шақырамыз. Жоғары санатты жаттықтырушылар балғындардың шеберлігін шыңдайтын болады, – деп түйді өз ойын Е. Қожағапанов. Кездесуде жас таланттарды футболға баулу, бапкерлер мәселесі, бәрі терең қаузалып, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков бастаған азаматтар өз ойларын білдірді. Соңыра федерация президентіне «Өзіңіз елімізде 400 балаға бір бапкерден келетінін айттыңыз. 2022 жылға арналған бағдарлама жүзеге асса, бұл цифр қаншалықты өзгереді?» деген сауалымызға ол: «Бір жаттықтырушыға 200 баладан келсе де жаман болмас еді», – деп қысқа қайырды. Бастамалардың бәрін Үкімет қолдап отырғанын да сөз етті.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді