Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі өлшемі – білім. Бұған ата-ананың да, баланың да әлдеқашан көзі жеткен. Сондықтан әке-шеше перзентін еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орнында оқытуға ұмтылады. Мектеп бітіруші түлекке де керегі сол. Арманы –қатарластарының алды болу. Тек ол үшін ұлттық бірыңғай тестілеуде 70-тен жоғары балл жинау керек. Сонда ғана ұлттық мәртебеге ие білім ордасында оқуға мүмкіндік алады. Ал оған қол жеткізу оңай емес. Тестілеу кезінде ұялы телефон, шпаргалка секілді қосымша көмекші құралдарды қолдануға болмайды. Талап қатаң.
Жалпы, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу талаптарында анау айтқандай өзгерістер жоқ. Тараз қаласындағы №53 орта мектепте өткен семинар-кеңесте Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Қали Әбдиев осыны мәлімдеді. Маманның айтуынша, тестілеу жылдағыдай маусым айының алғашқы апталарында өтеді. Қазақ және орыс тілдерінде сынақ тапсыруға өтініш білдіргендер бұрынғыдай бес пән бойынша әзірленген 125 сұраққа (әр пәнде 25 тапсырма) жауап беруі тиіс. Тестке үш жарым сағат астрономиялық сағат беріледі. – Тестілеуге қатысуға өтініш беру 25 сәуірде аяқталды. Қазіргі мәлімет бойынша, республика бойынша тестке қатысушылар мектеп бітірушілердің орта есеппен 70 пайызын құрап отыр. Шетелде жүріп немесе нақты бір дәлелді себептермен белгіленген мерзімде өтініш беріп үлгермегендердің талап-өтініштерін арнайы қарап, құжаттарын қабылдап жатырмыз. Сондықтан қорытынды статистика әлі де өзгереді. Ал ҰБТ 2 маусымда басталады, – дейді Қали Сейілбекұлы. Халықаралық білім додаларының жеңімпаздары тестілеуден босатылатыны белгілі. Ал «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер ҰБТ-ға қатысуға міндетті. Сынаққа қатысушылардың ішінде «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткерлерге жеңілдік қарастырылмаған. Ата-аналар мен түлектер тарапынан осыған қатысты көптеген өтініштер түсіп, сұрақтар туындағанымен, тестілеу өткізуде осы талап өзгеріссіз қалып отыр. Десе де, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ҰБТ-ның тестілеу қорытындысы бойынша бағалау жүйесіне өзгешеліктер енгізілуі мүмкін екенін айтты. Егер бұл жүйе қолға алынса, көптеген мәселелер оң шешімін табатыны анық. Әсіресе, «Алтын белгіге» үміткерлердің жолын кес-кестейтін сәтсіздікке тоқтам болар еді. Қали Әбдиевтің айтуынша, тестілеудің сұрақтары толықтырылып, жаңартылған. Тест тапсырмаларын арнайы сараптамалық комиссия тарапынан тексеріліп, апробациядан өткізіліпті. Оқушылардың жаңа тапсырмаларды оқу бағдарламасында меңгергендігі нақтыланған соң сауалдар бірнеше нұсқаға бөлініп, кітапшалар әзірленеді. Қазір осы жұмыстар жүргізілу үстінде. Семинар-кеңесте көтерілген мәселенің бірі – тестілеу өткізу тәртібі. Өткен жылы ҰБТ кезінде тестілеу өткізу пункттерінде көптеген тәртіпсіздіктер орын алғаны мәлім. «Сынақ барысында қосымша көмекті пайдаланбақ болған 8 мыңнан астам түлектен ұялы телефондары алынып қойылғанмен, аудиториядан шығарылып жіберілгендер саны онымен сәйкес келмейді. Былай қарасаңыз, «қалта телефонын алып қойды, баланы одан әрі жазалай бергенде не шығады?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ал оның арғы жағында қаржылық құқық бұзушылықтар жатқанын ешкім аңғармайды. Әлдекімнің көмегіне жүгінген бала жоғары балл жинап, мемлекеттік грантты иеленді делік. Ал ол ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орнына түссе, оның оқуына жылына жарты миллионнан астам қаржы жұмсалады. Төрт жылда екі миллионнан астам қаражат кетеді», – дейді Қали Сейілбекұлы. Маманның сөзіне сүйенсек, былтыр тестілеу кезінде үлкен қалалардың бірінде ұялы телефонды былай қойғанда, микроқұрылғыны пайдаланған оқушы ұсталыпты. Бір сөзбен айтқанда, ҰБТ – білім бәсекесі емес, заманауи құрылғылардың сынақ алаңына айналғандай. Осыған байланысты биыл тестілеу өткізу тәртібі одан сайын күшейтіле түспек. Тіпті, алдағы уақытта аудиторияларға жылжымалы микробақылау орнатылуы да мүмкін.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді