Жауды жеңіп оралған

Жауды жеңіп оралған
ашық дереккөз
Жауды жеңіп оралған

Аспан мен жердің арасын астаң-кестең еткен отты жылдар жаңғырығының, алып аждаһа – жарты әлемге қанатын жайған дүрбелең шайқастың алдында шарасыз күйді бастан кешірген мыңдаған адамдардың зарлы үнін қатпарлы қалың тарихтың беттері тұншықтыра алмайды. Бұл соғыс – өңі мен түсі, ұлты мен ұлысы бөлек болса да, көктен тілегені бір, дұшпаны ортақ халықтардың достығы мен бауырластығының бекем­дігін көрсетті. Бұл дүрбелең – халқының тағдырын өз өмірінен биік қоя алатын, сын сағаттарда батыл рухын жеңдірмеген ұлы есімдерді айқындап берді. Адамзат тарихының қаралы кезеңі – екінші дүниежүзілік соғыс тари­хында аты өшпейтін ерлер­дің бірі – Михаил Перепелов болатын.

Отты майданның жалыны білінбей тұрған 1924 жылдың желтоқсан айында өмірге келген Михаилдың маңдайына нендей тағдырдың жазылғанын ол кезде ешкім болжап та, сезіп те көрмесе керек. Алты жасына дейін қазіргі Ресей Федерациясының Орынбор облысы Пономарев ауданының Софиевка селосында тұрып, 1930 жылы облысымыздың Шу ауданына отбасымен қоныс аударады. Оның ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болатын. Дәм-тұзы тартқан жаңа мекенінде орыс баласы жеті жылдық білім алып, 1939 жылы мектеп бітіреді. Қоғамда өзіндік орнын тауып, тірлігін жалғастыру үшін Тараз қаласындағы фабрика-завод училищесіне оқуға түседі. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Шу ауданының тыныс-тіршілігі негізінен шойын жолмен тығыз байланысқан. Соғыстың алғашқы ауыр толқыны лап қойған тұста Михаил Шу локомотив депосында, Локомотив жөндеу зауытында слесарь болып жұмыс істеп жүрген еді. Майдан даласындағы шайқас өршіген 1942 жылы теміржолшыға күнделікті құрал-сайманын жауынгердің суық қару-жарағына айырбастауға тура келеді. Шу әскери комиссариатынан майданға аттанған сарбаз алдымен кіші командирлер дайындайтын жаяу әскерлер училищесінде оқиды. Алайда, оқу мерзімі аяқталмастан сарбаз ұрысқа араласады. Ол І Беларусь майданының құрамындағы 27-гвардиялық дивизияның, 83-гвардиялық полкінде 45 миллиметрлік зеңбірек расчетының командирі болған. Отан алдындағы борышына әрқашанда адал жігіт көзсіз батырлығымен абырой биігіне көтерілді. Оның жауынгерлік ерлігі бағаланып, Қызыл Жұлдыз және 2 рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сонымен қатар, өзі қатысқан соғыстың 4 жылы ішінде Даңқ орденінің барлық дәрежесіне ие болған. Өр кеудесіне тағылған әр марапаттың өз оқиғасы бар. 1945 жылдың сәуір айына дейін Даңқ орденінің ІІІ және ІІ дәрежесін иеленсе, Кеңес әскерінің Берлинді алу шайқасында көрсеткен ерен ерлігі үшін І дәрежелі Даңқ орденіне лайықты деп табылады. Аға сержант Михаил Ивановичтың зеңбірегі жауды жапырған қаһарлы күшке айналады. Кеңес әскерінің Берлинге шабуылында ол жаяу әскерлермен бірге фашистер ұясына қырғидай тиіп, қиратуға бірден-бір атсалысқан жауынгер болатын. Берлин үшін болған шайқаста Алть-Тухебанд ауданынан Тиргартен саябағына дейінгі 70 шақырымдық жолда кескілескен ұрыс ортасында жүрді. Онда әрбір үй алынбас қамалдай еді. Көпқабатты үйлердің жертөлелері, шын мәнінде, бекіністің берік қорғанындай болған. Совет әскерлері Берлинге аяқ басқанша оқ-дәрі мен қару-жарақтың мол қорын жасап алған олар дамылсыз оқ жаудырады. Мұндай кезде ұрыс тәсілі ширап, жаудың атыс нүктелерін қирату арқылы ғана алға жылжу мүмкін болған. Жаяу әскер күшімен шағын зеңбірегін сүйреткен Михаил сәт сайын үдей түскен қарсылыққа қарамастан, өліспей беріспейтін ерлік танытты. Бұл шайқаста ол жаудың 4 дзотын, 6 пулемет нүктесін, қару-жарақ тиелген 3 автомашинасын және ондаған солдаттары мен офицерлерін жермен жексен етті. Берлинді алудағы ерлігі үшін М.Перепелов І дәрежелі Даңқ орденімен наградталды. Осылайша соғыс даласында жан алысып, жан берісуден тайынбаған батыр жерлесіміз Жеңісті Берлинде қарсы алады. Азаматтық міндетті абыроймен орындаған Михаил соғыстан кейін Шу өңіріне оралып, еңбек жолын жалғастырады. Темірдей тәртіпке дағдыланған ол темір жол саласында талмай еңбектеніп, Локомотив депосынан зейнетке шығады. Оның Қазақстанның Құрметті теміржолшысы атағы да бар. Михаил Перепелов – саналы ғұмырында өзінің 4 ұлына ғана емес, кейінгі жас ұрпақтың бәріне шын патриоттықтың, еңбеккерліктің, ерліктің үлгісін көрсетіп, өнеге көрсеткен жан.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар