«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖЕТІ ЖЫЛ СОҒЫСҚАН ЖАУЫНГЕР

ЖЕТІ ЖЫЛ  СОҒЫСҚАН ЖАУЫНГЕР
ашық дереккөз
ЖЕТІ ЖЫЛ СОҒЫСҚАН ЖАУЫНГЕР

Арамызда өмірлері өнегеге толы азаматтар баршылық. Сондай жандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Сауытбек Рыспаев. Бұл кісінің балалық шағы 1932 жылғы ашаршылық, одан қала берді 1937 жылғы қуғын-сүргін кезіне, ал жігіттік кезеңі 1941 жылғы неміс басқыншыларының Кеңес одағына шабуыл жасаған екінші дүниежүзілік соғысына тура келеді.

Ол 1925 жылы дүниеге келген. Дүрбелеңге толы осынау кезеңдер жас баланың бойына қайраттылық қасиеттерді сіңіргенінен болар, ерте еңбекке араласты, ата-анасына қолғабыс жасады, сөйте жүріп оқуға да уақыт тапты. Түймекент ауылындағы мектепте 9 жыл білім алып, соғыстың алғашқы жылдарында ауылдың үлкен-кішісімен бірге еңбекке араласады. Бір жылдан кейін, әскер қатарына шақырылған өрімдей жас жігіт қолына қару алып, соғыс майданына аттанады. – Бағытымыз шығысқа қарай. Айлап, апталап жол жүріп, үстімізден неміс ұшақтары бомбалап, әзер дегенде Липецк қаласына жеттік-ау. Сол жерде қалың орманды паналадық. Взвод-взвод болып алғаш рет соғысқа кіргеніміз де әлі күнге көз алдымда. Ржев қаласына да табан тіреп кескілескен ұрысқа кіріп, немістердің бетін қайтардық. Соғыстың аты соғыс қой. Кей кездері окоптан бас көтере алмаймыз. Сәл көтерсең болды, жау жағы басыңды жұлып түсіреді. Барлаушылар егжей-тегжейлі біліп, жоспар құрғаннан кейін ғана шабуылға шығамыз. 250-300-дей сарбаз уралап алға ұмтылып, жауға соққы береміз. Содан небәрі 20-30 адам ғана тірі қайтамыз. Келесі күні әскерді қайта толықтырып, ұрысқа дайындаламыз. Бір күні Павлик атты командиріміз «сендерге жаңалық айтайын ба, ертең Катя келеді» дейді. Біз ол не деп ойласақ, атақты «Катюша» екен. Ол жауға қарсы оқты жаңбырша жаудырады, сондықтан да немістер «Катюшадан» қатты қорқады. Мен Ровно қаласы үшін болған соғыста басымнан жараланып, контузия алдым. Есімді жисам, госпитальда жатыр екенмін. Сонда 15 күндей емделіп, соғысқа қайта кірдім. Алдымызда не болары тек Құдайға ғана аян. Жауды жеңіп, елге аман-есен оралсақ деген үміт қана бізді алға жетеледі. Содан 1945 жылы Германияның Бреслау қаласына кіргенімізде соғыс аяқталды деп естідік. Сол кезде жауынгерлердің қуанышында шек болмады. Алайда, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бір-екі күннен кейін бізді қайта топ-топқа бөліп, ойламаған жерден Қиыр Шығысқа, Жапон милитаристерін талқандауға алып кетті. Онда біз Кореяның Юнке, Юшань, Ранан, Хедзио, Пхеньян қалаларын басқыншылардан азат етуге көмектестік, – дейді С.Рыспаев сол бір зұлмат кезеңдерді еріксіз еске алып. Иә, оның майдандағы жолы соғыстың ақырына дейін жалғасты. Ржев, Липецк қалаларының маңында болған қырғынды басынан өткізген С.Рыспаев Курск доғасындағы қан майданға қатысқандардың бірі болып тарихқа жазылды. Ержүрек жауынгеріміз осы айқастарда жау әскерін жеңіп шығуға үлкен үлес қосты. Одан кейін Ровно, Львов қалаларын азат ету шайқастарының ішінде болып, 157, 175, 505, 627 және 10-шы механикаландырылған полктың құрамында ерліктің нағыз үлгісін көрсетеді. Одан кейін Қиыр Шығысты басқыншылардан азат етуге атсалысады. Сөйтіп 1942 жылы Отан алдында борышын өтеу үшін Ұлы Отан соғысына аттанған жас солдат туған жерге 1949 жылы, яғни 7 жылдан кейін ғана оралады. Ұлы Отан соғысының ардагері С.Рыспаев майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 21 медальмен марапатталды. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс хатына ие болғанынан-ақ жасаған ерліктері аз еместігін аңғаруға болады. Сауытбек Рыспаев Украина жерін азат етуге де қатысқан. Бұл ерлігі үшін Украина елінің бұрынғы президенті Л.Кучма құттықтау хатпен мадақтап, омырауына медаль тақты. Сұм соғыста етігімен қан кешкен жауынгер аға елге оралып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек етеді. Алдымен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының ішкі істер бөліміне қызметке орналасты. Жұмыс пен білімді ұштастырып, Қазақ мемлекеттік университетін, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орта мектебін тәмамдайды. Заңгер мамандығына қол жеткізеді. Білікті маман бірте-бірте көзге түсіп, ауданда төлқұжат беретін мекемеге басшы болып ауысады. Мұнан кейін облыстық ішкі істер басқармасында қылмысты іздеу бөлімінде жауапты қызметтер атқарады. Басқарманың арнайы комендатурасының аға тергеушісі, 1960 жылдан бастап Талас және Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандарында ішкі істер бөлімінің басшысы болып жемісті еңбек етті. Қылмыскерлердің құрықталуына, заң бұзушылықтардың алдын алуға бар білімін арнап, абыройлы қызмет атқарған Сауытбек ағаға милиция полковнигі атағы беріледі. Еткен еңбек еленді деген осы емес пе? Ағаның ішкі істер саласындағы ілкімді тірлігі де елеусіз қалған жоқ. Талай рет әскери наградаларға ие болып, қызметіне қарай «Милиция үздігі» белгісімен, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Ал 1984 жылдың 1 наурызынан бастап ол кісі зейнеткерлік демалысына шығады. Алайда, демалысқа шықтым деп қол қусырып отырған жоқ. Жамбыл кірпіш зауытында заңгерлік қызметін жалғастырады. Бүгінде 90 жастың төріне шығып отырған ардагер аға жары Рысбике екеуі бес бала тәрбиелеп-өсірді. Олардың өмірден өз жолдарын табуына демеу болды. Бреслау тозағынан аман қалған солдат бейбіт өмірде де өнегелі ғұмыр кешіп, ұрпақтарына үлгі болып отырған жайы бар.

Төленқұл Папиев, зейнеткер.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар