Бізді ортақ үйіміз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік біріктіреді
- author «Ақ жол»
- 25 сәуір, 2015
- 239
Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессия «Мәңгілік Ел: Бір ел – бір тағдыр» тақырыбына арналды.
Сессия жұмысына 1500-ден аса адам қатысты, олардың қатарында Ассамблеяның барлық өңірлердегі мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық миссия-ларының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар. Мемлекет басшысы сессияға қатысушыларды Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтап, бұл мекеме ел үшін күрделі кезеңде құрылғанын айтты. – Біз республиканың тағдырын өз қолымызға алдық. Сөйтіп, бүгінде бүкіл әлемге беделді мемлекет қалыптастырдық. Біз мұны өзіміздің бақытымыз үшін және қазіргі, сондай-ақ келешек ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырдық, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында бүкіл ХХ ғасыр бойы көпэтникалық халықты қалыптастырған күрделі үдеріс жүргенін, соның нәтижесінде елімізге 5,6 миллион адам қоныстандырылғанын атап өтті. Қазақстан Президенті «Стратегия – 2050», Жаңа индустрияландыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы, бес халықтық реформа, «Мәңгілік Ел» сынды барлық бастамалар алдағы көптеген жылдарға есептелгеніне, оларды тек бүкіл халықтың пәрменді қуат-күші арқылы жүзеге асыруға болатынына назар аударды. – Бұған болашағы ортақ ұлт қана қабілетті. Біз халық бірлігінің бірегей әрі бұған дейін еш жерде қайталанбаған үлгісін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік біріктіреді. Екінші, біздің ежелгі жеріміздің тарихына және тілдерді дамытуға қатысты қоғамдық келісім. Үшінші, бүгінімізге және мемлекетіміз бен оның азаматтарының ұлы болашағына деген нық сенім. Біздің Мәңгілік еліміздің өзегі – осы, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты Ассамблеяның бүгінгі орталық міндеті бес реформаны жүзеге асыруға, бірінші кезекте, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруға белсене қатысу болып саналатынын атап айтты. Сессияда ҚХА ардагерлері, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандық иелері, бюджеттік мекемелер мен жастар ұйымдарының өкілдері, Солтүстік полюске сапарлаған алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясына қатысушылар сөз сөйледі. Олар елдің орнықты дамуына негіз болып отырған тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сессия барысында елдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Л.Ни мен О.Дымов Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ассамблеяны құру ісінің бастауында тұрған ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің белсенділеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарын тапсырды. Ассамблея XXII сессиясының қорытындысы бойынша Үндеу қабылдады, онда Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы татулық пен келісімнің, тұрақтылықтың, Қазақстан Республикасының өркендеуі мен гүлденуі үшін халық тұтастығы саясатының мызғымастығы белгісімен өтіп жатқаны айтылған. Ассамблея сессиясына қатысушылар, сондай-ақ жалпы азаматтық құндылықтар жүйесі мен қоғамның рухани байлығының негізін құрайтын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын толық қолдайтынын мәлімдеді.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді