«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күнбағыс

Күнбағыс
ашық дереккөз
Күнбағыс
Көз салып тіршіліктің тынысына, Қол жеткіз дүниеде ырысыңа. Ұсындық ата, бала әңгімесін, Тоқтарсың ақыл қойып дұрысына. Бала алып базарлығын жақын келді, – Ата, мұның не дейді атын? – деді. Қолға алып құлынының құнды затын, «Күнбағыс» деген, ботам, мақұл деді. Өмірін күнге қарап құрғандықтан, Күн бағып күнге жүзін бұрғандықтан. «Күнбағыс» атаныпты бұл дақылың, Өзі де күнге қарап тұрғандықтан. – Ата, қара, мына бір дәнегіне, Түсіп қапты құрттардың дәнегіне. Мына бірдің іші бос, дәні де жоқ, Ал мынаусы дәні бар, әдемі де. Үш түрлі неге бірге тұрғанменен, Бір баста өмір түгел құрғанменен. Күн мен жер сабағы да ортақ болып, Бәріне бірдей еңбек қылғанменен? – Айналдым, сұрағыңнан балам сенің, Келмепті ойыма да маман менің. Дұрысы сен бұларды дән деп білме, Үш түрлі, үшеуін де адам дегін. Дәнсізі жеңіл жолды таңдағандар, Ұры-қары; иман, намыс қалмағандар. Құрт түскені – есірткі, араққұмар, Ақылы ақырына бармағандар. Толық дән – бұл иманын сақтағандар, Адамдық ар-намысын ақтағандар. Разы боп, қанағат қып бергеніне, Әрдайым бір Алласын мақтағандар. Кетеді алғы екеуі шіріп енді, Дәні бар ексең қайта тіріледі. Барлығы екі өмірдің дәннен дағы, Қарасаң қандай жақсы білінеді. Белгілі екеудің нақ күйетіні, Тозақтың пендеге де тиетіні. Осынау сынақ өмір айдынында, Алланың имандыны сүйетіні. Тәңірдің танып біліп сабақтарын, Дәлелге ақылды жөн қаратқаның. Қандай дән, балам, өзің бола білсең, Тағдырын берер соның Жаратқаным. Жауап беріп екі өмір сұрағына, Жақсы сөзді іле біл құлағыңа. Ақылмен ажыратып ақ-қарасын, Төзе біл, балам, өмір сынағына!

Әсет Қуанышбеков.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар