«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайта оралған бақыт

Қайта оралған бақыт
ашық дереккөз
Қайта оралған бақыт

3Қамар Қарасаева.

(Әңгіме) 

Маңғыстаудың маңғаз даласын мекендеген қазақтар «Қызылдар келе жатыр. Бір қазаннан ас ішіп, бар мүлкіңді ортақтастырады, тіпті қойныңдағы жарың да ортақ болады екен» деген қауесетті естіп, шошынды. Желдей ескен сөз күн өткен сайын өрши түсті. Бейқам жатқан ел атамекенімен қимай қоштасып, үдере көшуге бел буады. Көбіне адайлар қоныстанған Маңғыстаудың халқы елді дүрліктірген дүрбелеңнен бой тасалап, дүркірей көшкенде ойға құлапты. Сол кездерде Хорезмнің ойы деп аталған Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан жерлеріне қоныс аударады. Көш жол-жөнекей қона жатып, тынығып, қайта жүріп, ілгерілей береді. Көш жүгінің ауырын артқан түйелер өз мекенінің жұпар иісті жусанын іздеп, өзге шөпке тұмсық тыға алмай, кері қашады. Арып-ашып, әлсіздікке бой алдырғандары мертігеді. Мал екеш, мал да мұндай күй кешкенде, адамдар тіптен қалжырайды. Осы көште қимастарымен амалсыз ажыраған кішкене бала Тұма да келе жатты. Ел ішіне «қызылдар келе жатыр» деген үрейлі хабар тарағанда анасы, аға-жеңгесі, екі әпкесімен бұлар қамқоршы пана, асқар таудай ардақты әкелерін мәңгілік сапарға аттандырып, жер қойнына тапсырған еді. Басқа түскен тағдыр тауқыметіне шарасыз көндігіп, алаңсыз шалқып өскен ата қоныспен қимай қоштасты. Ол аздай, атадан балаға ауысқан асыл мұра, мерген әкенің көзіндей қымбат бұйым – мылтығынан және ажырады. Талай жанның, тіпті, ауыл аймағының аузын қызылға тойдырып, майлаған күнкөріс құралы іспетті бұл қарапайым ғана мылтық жайлы айтылар әңгіме өз алдына бір бөлек. Жәдігер мерген атанған Тұманың әкесі, тумысынан мерген екен. Өз кәсібінің хас шеберіне айналып, бір сапарынан жиған олжасын ауылдастарына мырзалықпен үлестірген жомарт жан болыпты. Дархандығын елі сыйлаған мергеннің туабітті аңшылық өнері үлкен ұлы Қайраққа да дариды. Үлкен ұлға мерген әке мұра етіп қалдырған мылтықты балалары көшерде мерген әке мәңгілікке мекен еткен даланың қойнауына таза матамен орап, әспеттей көміп кетеді. Талай жылдар бойы жолдасы болған қаруы иесінің қасында қалсын деді ме екен ұлдары? Әлде алағай заманның аласапыранында қадірлі бұйымнан қол жазып қалармыз деген күмәнді ой туды ма, кім білсін? Осылай аса қымбат­тыларын атамекеннің құша­ғында қал­дырып, өздері алмағайып кезеңнің керуеніне ілесіп кете барды... Олар Қара­қалпақстан­мен шекара­дағы Қоңырат жерін басып өтіп, Түрікменстанның Ташауызына келіп тұрақ­тайды. Әрине, беймәлім өлке, бейтаныс жандар жатыр­қатады. Алайда, қиындық адамды шира­тады. Бала үшін бәріне де дайын ана балаларын үлкен ұлы Қайрақтың қарауына қалдырып, өзі түрікмендердің диірменін тартып, нан табуға үй-үйді кезіп кетеді. Бірнеше күннен соң тапқан-таянғанын жинап әкелген ана сағынған балаларын көріп, мауқын басып, қайта кетеді. Кішкентайларға бас-көз болып қалған тұңғыш ұлы Қайрақ түрікмендердің тесілген шелек, қауғаларын түптеп, шоңқайма аяқкиімдерін жамап, қолақыға жүгері алады. Оны келіншегі көршілердің қол диірменіне тарттырып әкеп, күнделікті тамақтарына талғажау етеді. Осы жап-жас келіншек бала күнінде әке-шешеден жетім қалып, үш жасында Қайрақтың шаңырағына келіпті. Қараусыз қалған қызды Жәдігер мерген өз қамқорлығына алып, қолбала ретінде тәрбиелейді. Ержеткен ұлы 13-14 жасқа келгенде, қолбала қызды жар етеді. Содан бері қыз осы шаңырақтың келісті келіні. Міне, запыранды шақта да ол бұл үйге келін ғана емес, осы шаңырақтың жанашыр отанасындай қолынан келгенін аямай, құрақ ұшып жүр. Бірінен-бірі айнымай жылжып жатқан сүреңсіз күндердің бірінде алыстан арнайы іздеп, немере ағалары Сейсен келеді. Жұмсауға жарап қалған 7-8 жасар Тұманы қойын бақтыруға алып кетеді. «Қой-қозы бақтырып, балаңды тәрбиелеп, өсіремін» деп анасын сендірсе керек. Алайда, күні тымырсық ыстық, құмдауыт аймақта отар-отар қой бағатын ағасы бұғанасы қатпаған балғын баланы мыңғырған қойдың соңына салды. Шөптің шұрайлысын іздеп, жайылған қойдың бір шеті олай, бір шеті бұлай жамырағанда, қайыруға анда бір, мында бір жүгірген бала аяғына шөңге кіріп, қанша рет құлады. Тауқыметке толы тағдырына налып, жылады. Бірақ, қиындық шынықтырды ма екен, қайта тұрады. Тікен кіре-кіре тілім-тілім болған табаны 40 градусқа дейін ысыған күнге су қайнатардай қызған құмға күйіп, жанына батады. Әбден күйген сәтте жанұшыра айғайлай жылап отыра қалса, қойы кетеді балаға бағынбай бытырап. Екі көзден бұлаулай ағып, тарамданған жас бетін айғыздаған кішкене Тұма көрген қорлығына бұйыға қаймығады. Қапырық ыстықтан шөліркеп, ашыққанда кейде момындау бір қойды сауып ішеді. Балдай тәтті бақытқа бөленер балалық шағында тәтті ұйқысынан таң алагеуімнен оятып, қой артына жүгіртетін ағасы тым құрығанда ішер асқа да жарытпады. Күн ұясына қонар сәтте арып-ашып, үйге әрең жеткен жеткіншекке бір шыны ащы айранын әкіреңдеп беретін қытымыр да у тілді жеңгей: «Жетімнің құрсағы жеті қабат деген, бұл жетім тоймайды» деп өңменінен өткізе біз тілін сұғып та алады. Жетімдіктің кермек дәмін әбден татып, қорсына жылап жүрген күндердің бірінде анасы іздеп келеді. Сағына іздеп келген анасы кіп-кішкентай баласының құмжілік бола арығанын көріп, жүрегі езілді. Бірақ, онысын қайнысына байқатпауға тырысты. Ренішін сездірмей-ақ баласын алып кетті. Тұма үйіне оралғасын өз ұясына қонған балапандай қанатын қомдап, қара су ішсе де қайғысыз, әлдекімнің зіркілдеген зәрінсіз ішті. Мектепке барды, сауат ашты. Алтыншы сыныптан кейін жазғы демалыста алаңсыз ойнап жүрген Тұманы бір күні ауыл ішін аралап жүрген әлдебір машинадағы бейтаныс кісілер шақырды. Олардың қасына жақындағаны сол еді, әй-шәйға қаратпай, көлікке мінгізіп алды. Байқаса, бұл жалғыз емес. Өңшең өзі қатарлас балалар. Барар жеріне жеткенде ғана қайда әкелгендерін ұқты. Соғыс зардаптарынан қираған аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына елдегі барлық еңбекке жарамдыларды жинап, қара жұмысқа салыпты. Жаздың апшыны қуырған аптабында да, қыстың қақаған аязында да ауыр жұмыстан бел жаз­дырмай, белгілі уақытында ғана тамағын беретін бұл орта Тұманың бұрынғы көрген азап-мехнатын қайта жалғады. Қасындағылардың ішіндегі ең кішісі болғандықтан ба, араларындағы бір бойжеткен қазақ қыз бұған жанашырлық танытты. Қамқорлық көрсетіп, өзіне тиесілі бір жапырақ нанының да жартысын бөліп берді. Әйтеуір, қолынан келген көмекті аямады. Шыдамы шегіне жетіп, запы болған балалар бірлесіп қашып кетуді жоспарлайды. Тұма да балалардан қалмай, әлгі бойжеткен қыздың көмегімен жасырына жолға шығады. Үстерінде кенептен тігілген көйлек-шалбар, аяқтарында жұқа, жеңіл жаздық сүйретпемен күздің ызғарлы қара суығында жолүсті кездескендердің жөн сілтеуімен жолсыз тұстарда бой тасалап, күн-түн демей, жүріп отырып, керуеншілерге жолығады. Сірә, құбылған заманның құрығына іліккен бейкүнә балаларды аяса керек, керуеншілер бұларға бағыт көрсетті. Біраз жерге дейін өздерімен бірге ілестірді. «Өлмегенге өлі балық кездеседі». Ілініп-салынып, ел шетіне кірген соң, әркім өз ауылының тұсына жеткенде сапарластарымен қоштасып қала берді. Тұма да ауылына жақындағанда жолдастарынан жырақтап, жалғыз төте жолға түсті. Қас қарайған сәт еді, тоғай ішінде жан-жағына сезіктене сергек қарап келе жатқан-тын. Кенет алдынан әлдене қараңдағанын байқап қалып, кілт тоқтады. Мұқият қарап, жақындады... Қақпан құрып жүрген адам екен. Жанына жуықтай келсе, өз ағасы – Қайрақ. Таңданыс, қуаныш, сағыныса табысу... * * * Ілгерілеген уақытпен ел тұрмысы да алға жылжып, қиындықтар біртіндеп, артқа шегінді. Тұманың екі әпкесі де күйеуге шықты, біреуден біреу естіп, бір ауқатты жанұяның жалғыз қызын Тұма да үйіне келін етіп түсірді. Қолөнерге шебер келін түрлі текемет, түскиіз, алаша тоқып, жүдеу тартқан үйге әр кіргізді. Ақ орамалды шашағын төгілте тартып, қызылкүрең түсті мақпал көйлектің сыртынан қызылбарқыт жеңсіз киген бойшаң, аққұба келіннің сәніне тап-тұйнақтай тиянақты қимылы, ойлана сабырлы сөйлейтін салиқалылығы үйлесім тауып, үй ішін қуантты. Шаңырағын шаттыққа бөлеген құтты келінін ағасы Қайрақ көре алмады. Алғашында құяңнан басталған науқасы халін нашарлатып, інісі отау тігер шақта сол сырқаттан көз жұмған болатын. Қайрақтың жары бірнеше рет құрсақ көтеріп, нәресте сүйген. Бірақ, бәрі сәби шағында шетінеп, соңында туған қызын «Жаратқан жаңылып, осыны тірі қалдырар ма екен?!» деген үмітпен есімін Жаңыл атады. Кейде ырым да болжамды ақиқатқа айналдырады екен. Қайрақтың артында сол жалғыз Жаңыл қалды... Жылдар жылжып, уақыт өте келе ес жиып, етек жапқанда «Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, қандастарды Отанға шақырып жатыр» деген жылы хабар да жетті-ау. Мұны естіген Тұма өсіп қалған балаларымен кеңесіп, атамекенге қайтуды ұйғарды. Бүлдіршін күнінде қимастықпен қоштасқан атақонысқа Тұма бес ұл, үш қыздың әкесі, немере сүйген ата, баталы ауызды, көргені, көңілге түйгені көп қазыналы қария болып оралды. ...Иә, тағдыр тартқан сан түрлі қиындыққа мойымай, жанарлары жыласа да жігері жасымай, құласа, қайта тұрып, алға құлаштай қадамдаған бір кездегі жүдеу жүзді балғын бала атамекенге де жетті. Жапырағын жайқалта жайған бәйтеректей, шаңырағын кеңейтті. Балалары өз таңдауларымен білім алды. Туған халқының игілігіне жарап, еңбекке араласты. Сан түрлі сыннан сыр алдырмай өтіп, сыралғы болған Тұма атаның жүзіндегі терең әжім жүріп өткен жолының ізі іспетті. Әрбірі ащы балалықтың, жаншылмайтын жастықтың куәгеріндей. Заман теперіші алыстатқан атамекенге түптің түбінде талмай талпына жүріп оралған, ұрпақтарын өз мекеніне жеткізіп, үрім-бұтағын туған жерде таратып, өрісін кеңейткен Тұма әуел баста көздеген ізгі мақсатына жетті. Қай жерде жүрсе де, қандай қиын тағдыр көрсе де Тұма туған тіліне, діні мен салтына, ұлттық рухына дақ түсірмей, қастерлеп жетті кіндік қаны тамған өлкеге. Қайта оралған бақыттың құндылығын сәт сайын ұғынып, әр таңды көргенде Тәңірге тәубе айтады. Бәлкім, бұл да құндылықты ұғындырудың бір сынағы болар, сірә.

Ұқсас жаңалықтар