Тимофеев мал шаруашылығының тасын өрге домалатып отыр
Қазақта «көзін тырнап ашқаннан» дейтін ұғым бар. Яғни, адамдардың бала күнінен бойына сіңісті болып өскен кәсібін солай деп атайды. Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Тимофеев» шаруа қожалығының жетекшісі Андрей Тимофеевтің де көзін тырнап ашқалы көргені – шаруашылық. Егін де екті, мал да бақты. Жердің жайымен, төрт түлік малдың бабын бес саусағындай біледі.
Мен мұнда келгенімде небәрі бір жаста ғана болатынмын, – деп бастады ол әңгімесін. – Онда бұл жер ХХІІ партсъезд атындағы колхоз деп аталатын. Анам ұжымшарда сауыншы болып еңбек етті. Бақытты балалық шақтың бал дәурені бізге онша бұйыра қойған жоқ. Себебі, ол кезде техниканың бүгінгідей дамыған заманы емес. Жұмыстың көбі қолмен атқарылатын болғандықтан жұмысшы күші жиі жетіспей жататын. Сондықтан маған да еңбекке ерте араласуға тура келді. Токарь болып станокқа да тұрдым, кейін машақаты мол механизаторлық істі меңгеріп, ұжымшардағы ауыл шаруашылық техникаларының ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз еттім. Қант қызылшасын егудің қиыншылығын да көп көрдік. Сол жылдары біздің облыс қант қызылшасын өсіруден республика көлемінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізсе, оған менің де қосқан үлесім бар деп білемін. Қызылша егіп жүрген жылдардағы қызу еңбектің арқасында екі мәрте Дінмұхаммед Қонаевпен жүздесудің сәті түсті. Облыс басшылары Димаш Ахметұлына мені еңбек озаты ретінде таныстырды. Ал мен ол кісіге иелігімдегі қызылша алқабының жай-жапсары туралы айтып бердім. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында қызылшадан «қызық» кетті. Қаладағы қант зауытының жұмысы тоқтап, қызылшаның құны төмендеді. Төккен тер мен еткен еңбектің ақысын ақтамайтындай дәрежеге жетті. Содан Андрейге егіншіліктен мал шаруашылығына ауысуға тура келген. – Өз алдыма шаруа қожалығын құрып, тірлік бастағанымда бар-жоғы екі сиырым болды. Сол екі сиырдың сүтінен құрт, ірімшік, май, айран, қаймақ жасап, сатып жүрдік. Аз-аздан болса да, түскен ақшаны шашау шығармай жинап, мал басын арттыруға күш салдым. Сиырдан бөлек, жылқы, қой, шошқа, түйе бағуды да қолға алдық. Жасыратыны жоқ, бір кездері бұл кәсіпті тастап кеткім келді. Себебі, ел егемендігін жаңадан алып, еңсесін тіктей алмай жатқан тұстағы ұрлық-қарлық біздің бастамамызға үлкен кедергі келтірді. Ұрылар бір жылы 14 бас жылқымды, бір жылы 15 сиырымды, бір жылы 100 қойымды қолды етті. Ол бізге өте ауыр тиді. Бірақ, қанша қиналсақ та, болған іске болаттай берік болып, алға қарай жылжи бердік. Еңбегіміз еш кетпеді, – дейді ол. Бүгінде шаруашылықта 280 бас сиыр бар. Одан бөлек, төрт түліктің басқа түрлерін де ұстап отыр. Мұнымен қоса, егіншілікпен де айналысады. Арпа, бидай, жоңышқа, сәбіз, картоп, пияз егу – жылдағы тіршіліктері. Себебі, қожалықтағы малдың қысқы жемшөбін өздері дайындап отырады. Сатып алса, қыруар шығынға кенелері анық. Сондықтан, бұл шаруаның барлығы осында жұмыс істейтін адамдардың арқасында жүзеге асуда. – Қазіргі таңда шаруа қожалығында 25 адам жұмыс істейді. Шамам келгенше әрқайсысымен жақын араласып, жай-күйін түсінуге тырысамын. Тіпті, мені олардың отбасылық мәселелері де алаңдатады. Сол себепті, әр жұмысшыммен жақын араласып, қиналғанда қол ұшын беріп, көмектескім келеді. Бүгінге дейін 3 адамға пәтер әпердім. Пәтердің ақысын олар өз жалақыларынан шетінен пайызсыз төлеп тұрды. Сонымен қатар, қажет еткендеріне 500 мың теңгеге дейін пайызсыз несие де береміз. Қаржы-экономикалық жағдайымыз жақсарған сайын мұндай қолдаулардың қатары да арта бермек, – деген Андрейдің бойынан нағыз мәрттікті байқадық. Рас, қазір бизнеспен айналысу бұрынғыға қарағанда едәуір жеңілдеген. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмек те аз емес. Мұны шаруалар сезініп те жатыр. Кәсіпкерлер палатасының құрылып, жұмыс істей бастауы өңір бизнесіне жаңаша серпін берді. Палата тарапынан жасалып жатқан небір пайдалы істердің шапағатын Андрейдің шаруа қожалығы да көруде. – Біз жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнеске сервистік қолдау көрсету орталығы арқылы бизнес-жоспар жасаттық. Енді соған сәйкес шаруашылығымызды кеңейтіп, жаңа техника сатып алсақ деген ойымыз бар. Алла қаласа, кәсіпкерлер палатасы секілді ықпалды ұйымның қолдауымен ойға алған істеріміздің жүзеге асатынына сеніміміз мол, – дейді бүгінде үлкен шаруа қожалығын басқарып, табыстың тайқазанын қайнатып отырған Андрей Тимофеев.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді