Ағымдағы жылы бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, дамыту бағытында өңірімізде аула ойындарынан дәстүрлі жарыс өткізу қолға алынған болатын. Өңірлік, қалалық, аудандық іріктеуден іркілмей өткен командалар сол аула ойындарынан облыстық додада сынға түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аясында «Ұлан» стадионында өткен облыстық додаға үш жүзден аса адам қатысты. Шараның өткізілу барысын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қадағалап отырды. Жас ерекшеліктеріне орай (10-14 жас аралығы, 14-18 жас аралығы, 18 жастан жоғары), сынға түскен командалар ләңгі, қалашық, арқан тартыс секілді спорт түрлері бойынша өзара мықтыны анықтады. Айтулы аламандағы аталған спорт түрлерінің басым бөлігі бойынша жұлдызы жанған Тараз қаласының командасы жалпы есепте топ жарса, Байзақ ауданының командасы екінші орынды, Сарысу ауданының командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңіске жеткен қалалықтарға демеушілер тарапынан 200000 теңге қаржылай сыйақы ұсынылса, Байзақ ауданының қыз-жігіттері 150000 теңгені, сарысулықтар 70 мың теңгені қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, жеңімпаз-жүлдегер спортшылар мен командалар облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдарымен, кубоктарымен және медальдарымен марапатталды. Бұқаралық спортты насихаттаудың бастауы болған бұл дода алдағы күндері де жалғасарына сенім мол.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді