Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол
«Қазақстан барысы» мегажобасында өңір намысын Айбол Айтбек пен Бейбіт Ыстыбаев қорғайды
Қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен майталман балуандар ақпан-сәуір айлары аралығында ауыл-аймақтар мен аудандарда «Қазақстан барысы» мегажобасының іріктеу сынына қатысып, өзара кім мықтыны анықтаған болатын. Мың жарым балуанның ішінен бағы жанған он тоғыз баһадүр кеше «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыстық іріктеу кезеңінде «нағыз мықты кім?» деген сауалға жауап іздеді. Дуы басым доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақитов сөз алып, балуандарға сәттілік тіледі. Жамбылдықтардың басты үміті – «Қазақстан барысы – 2012» жобасының жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев бұл күні ақтық сынға алқынбай шықты. Алдымен ол Тараз қаласының тағы бір үміті Арман Сартаевты бар болғаны 52 секундта жер бауырлатып, жауырынын жер иіскетсе, келесі кездесуде сарысулық оғлан Нұржан Мұстафаевты 13 секундта тізе бүктірді. Ал жартылай финалда мойынқұмдық балуан Бегімхан Әділбеков Бейбітке қарсы бар болғаны 35 секунд қана шыдас берді. Бейбіт ақтық сынға шыққан жоқ. Бауыры, тараздық тағы бір талантты балуан Айбол Айтбекке жол берді. Айбол жартылай финалда салмағы 120 келіні тартатын жамбылдық Жасұлан Әбішевтен айласын асырғанын да айта кетейік. Осылайша, Айбол Айтбек Жамбыл облысының барысы атағын жеңіп алса, Бейбіт Ыстыбаев екінші орынды, Жасұлан Әбішев пен Бегімхан Әділбеков үшінші орынды иеленді. «Қазақстан барысы» мегажобасына жолдаманы жеңіп алған, даңқты балуанымыз Бейбіт Ыстыбаевпен жарыс соңында аз-кем әңгімелескен едік. – Бейбіт, соңғы кездері жеңістен-жеңіске жетіп жатырсыз. Құтты болсын! Дегенмен, қолыңызды матап алғаныңызға қарағанда жарақат алған сияқтысыз... Жалпы «Қазақстан барысы» жобасына жаттығу қалай өтіп жатыр? – Рахмет! Иә, Бақытжан Жаңбырбаев ағамыздың атындағы турнирде де, Қажымұқан атамыздың атындағы додада да жеңіске жеттім. Жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. Алла қаласа, биыл жақсы нәтиже көрсетуге үміттеніп отырмын. – Ақтық сынға жолдама алған соң шықпадыңыз ба, әлде жарақатты асқындырып алмайын дедіңіз бе? – Финалға шыққан балуанның «Қазақстан барысына» қатысатыны белгілі ғой. Мен бүгін жарақатқа қарамай белдестім. Жарақатты асқындырмау үшін осындай қадамға барғаным рас. Екіншіден, Айбол бауырым – талантты балуан. Жастарға да жол беру керек. Ал «Қазақстан барысында» барымызды салатын боламыз. Айбек те өңір намысын абыроймен қорғауға тырысары анық. – Беке, «Қазақстан барысындағы» басты қарсыласыңыз кім деген сауалға: «Кім осал дейсің, Бейбіт келе жатыр деп ешкім жеңіле салмайды» деп жауап беретініңізді білемін. Жерге бөлінгеніміз емес, дегенмен, соңғы екі жылда шығыстың оғландары жүлденің алдын бермеді. Биыл сол жүлдені Таразға алып келе аласыз ба? – Алла қаласа биыл жамбылдықтар үшін жақсы жаңалық болады деп ойлаймын. Жеңіске деген жігер баршылық. Ең бастысы, жарақат алып қалмау керек. Бүкіл жоспарыңды сол жарақат бүлдіреді ғой. Ол елге байқала бермейді. Сондықтан биыл бар ынтаммен дайындалып жатырмын. Жеңіс тұғырынан көрінемін деген ойдамын. – 2012 жылы: «Алла қаласа, үш мәрте «Қазақстан барысы» атанамын» деген едіңіз. Әлі сол ойдасыз ба? – Иә, ол уәдем есімде. Сол үдеден шығу үшін тынымсыз тер төгіп жүрмін. Биылғы жарыста да барымды саламын деуім сондықтан.
Иә, Бейбіт кеше үш кездесу өткізді. Үш кездесуде бар болғаны жүз секунд шығындады. «Қазақстан барысында да» әр кездесуінде жанкүйерлеріне керемет көңіл-күй, шаттық сыйлайтынына сенеміз. Өйткені, біздің жігіттер бабында!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді