Ойын да – бесінші, орын да – бесінші

Ойын  да – бесінші,  орын  да – бесінші
ашық дереккөз
Ойын да – бесінші, орын да – бесінші

5жерлестеріміз «Тобылды» тобықтан шалды 

Футболдан премьер-лиганың сегізінші туры аясында жергілікті «Тараз» футбол клубы қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Бірнеше жылдар бойы «Тараз» үшін «ыңғайсыз» қарсылас атанған «Тобыл» бұл жолы арнасынан таси алған жоқ. Евгений Яровенко сенім артқан жігіттер бірден шабуылға лап қойды деп айта алмайсыз. Дегенмен, бұл жолы «Тараз» футболшылары ақылды ойын көрсетуге тырысты. Әрбір пас өз иесін тауып жатты. Әрине, еуропалық стильде қысқа пастар арқылы ойынды өрбітуге күш салды деу қисынға келмес. Әйткенмен, жігіттердің диагональдары, қорғаушылардың ортасын кесіп өткізген пастары көңілге қонды.

Александр Пищур бастаған алымды ойыншылар бірінші таймда қарымды ойнай алғанымен, қарсыластың қақпасына қақырата соққы бағыттай алмады. Ұрымтал тұстарда мүлт кетіп жатты. Ең бастысы жасы отыз төртке келсе де тек қана шабуылда емес, қорғаныста да өзінің бойшаң бойымен көмектесе алған Пищурға риза болдық. Екінші кезеңде «Тараздың» қарқыны екіленіп кетті. Әуедегі доптар да таласта «Тобылға» түк татырған жоқ. Матчтың 57 минутында сол Александр Пищур айып алаңына андыздай енгенімен, соққыны өзі бағыттамай, теңбіл допты Альмир Мухутдиновтың аяғына қондырып берді. Альмир асып-сасқан жоқ. Допты оң аяғына ыңғайлады да, қақпашының сол жақ бұрышына солқ еткізді. Гол! Есеп ашылды. Бұдан кейін «Тобыл» ойыншылары алдыға ұмтылды. Бірнеше қауіпті сәт орын алғанымен қорғаушылар қарсылас команданың футболшыларына лайықты тойтарыс жасай білді. Тіпті, ойын соңына қарай жерлестеріміз есепті еселер еді. Алайда, он бір метрлік айып добын Александр Пищур орындай алмады. Соққы апандай қақпаға енбей, алақандай бағанадан қайтты. Матч финишінде қарсыластардың ойыны тіпті сұйылды. «Тараз» сенімді жеңіске қол жеткізді. «Тараздың» үш матч қатарынан жеңіске жеткенін ескерсек, ойынды бес деп, бас бармақпен бағалауға болады. Айтпақшы, осы турдан кейін «Тараз» турнир кестесінде де бесінші орынға шықты. Топ басындағы «Астана» бар болғаны бізден екі ұпай алда. Енді жерлестеріміз жеңісті жорықтарын қонақта «Жетісуға» қарсы ойында жалғастыруды көздейді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар