«Таразға» «Астана» алынбайтын асу емес
жамбылдық команда ел чемпиондарын тізе бүктірді Футболдан Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турында жергілікті «Тараз» футбол клубы ел чемпиондары «Астана» командасын қабылдап, маңызды үш ұпайды қоржынға салды.
Бұл ойындағы «Тараз» бұрынғы «Тараздан» өзгерек. Олай деп астарлауымыздың да сыры мен қыры бар. Андыздап шабуылдап қана қоймай, тайлы-тұяғымен кері шегінеді. Мықты деген Фокси Кетевеомаңыз да, басқаңыз да біздің ойыншылардың құрған қорғаныс шебіне келгенде кәдімгідей абдырап қала берді. «Тараз» алдыға аз ұмтылса да, саз шабуылдады. Ойынның 27 минутында оң қанатта ортекедей ойқастаған Санат Жұмаханов теңбіл допты айып алаңына шиіре көтерді. Діттеген жерден табыла кеткен украиналық сұңғақ бойлы легионер Александр Пищур былғары зымыранды Ненад Эрич қорғаған қақпаның оң жақ бұрышына шегелей қадады. Ағылшындардың стиліндегі гол! Есеп ашылды. Бұл «Тараз» ойыншыларының қақпа аңғарына бағыттаған алғашқы соққысы екенін де айта кету керек. Әрине, мұнан соң «Астана» ауа қармап қалған жоқ. Алыстан соққы бағыттап көрді. Алайда ол соққылары регбидегідей қақпадан биік кетті. Осы кездегі «Тараздың» қорғанысы көңіл көкжиегін серпілтіп тастады. Оны қайталап айта бергің келеді екен. Сонымен, ойынның 67 минутында алаңға жаңадан шыққан тәжірибелі жартылай қорғаушы Эдуард Сергиенко есепті еселеді. Оған пасты шығарған Санат Жұмаханов екенін айта кеткен ләзім. Егер кімде-кім алаңда жанкештілік танытса, ол осы Санат екенін тілге тиек етпеске лаж жоқ. Матчтың 74 минутында төреші Кучин алаңнан Башлайды қуды. Неге екенін кім білсін. Одан «Тараздың» ойыны әлсіреген жоқ. Қайта Тимур Досмағамбетов сәл жылдамдық танытқанда, «Астана» ойсырай ұтылар еді. Бір сөзбен айтқанда, жерлестеріміз бұл күні жеңіске лайық болды. Өткенде «Қайратты», енді «Астананы» сабасына түсірген «Тараздың» жеңісті жорығы әлі алда!
Бет қатталып жатқанда: Жетінші тур аясында сырт алаңда жергілікті «Қайсармен» кездескен «Тараз» футболшылары қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Табиғат Абаилдаев, "Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді