«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік нысандар...

Әлеуметтік нысандар...
ашық дереккөз
Әлеуметтік нысандар...

5немесе әлеуметтің бүгінгі сұранысы қай деңгейде?

Бұл... қызмет аясы 

өте кең сала Әлеуметтік нысандар дегенде алдымен балабақша, мектеп, емхананы атаймыз. Сөйтетін де жөніміз бар. Өйткені, әлеуметке ең қажеттісі де осылар. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді тапсыруы да сондықтан. «Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі», – деді Мемлекет басшысы. Жолдаудан туындаған тапсырмалар бойынша бұл проблеманы 2017 жылға дейін біржақты ету үшін Үкімет оған үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржыдан бөлек қосымша 70 миллиард теңге бөлуі керек. Балабақшалардың жетіспеушілігін жоюға да осылайша 3 жыл бойы 20 миллиард теңге бағытталып тұруы тиіс. Президент әкімдерге балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен жүз пайыз қамтуда жеке секторды тарту қажет екенін айтты. Иә, бұл міндеттемелер толықтай жүзеге асырылғанда білім берудің бастапқы және орта сатысындағы бірқатар мәселелер шешімін табатыны анық. Бастысы, халықтың арман-тілегі орындалады. Жаңадан бой көтеретін әлеуметтік нысандарда жаңа жұмыс орындары ашылатыны белгілі. Тұрғындарға осының өзі үлкен табыс болар еді. Бірақ... алпауыт мемлекеттердің өзін қос бүйірден қыспаққа алған әлемдік қаржы дағдарысы қаражатты үнемдеу керектігін анық ұқтырды. Сол себепті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобасына біршама өзгерістер енгізілді. Елбасы басталмаған құрылысты кейінге қалдыра тұратынымызды, ал іргесі қаланғандарында жұмыс тоқтаусыз жүретінін ашық айтты. Иә, сонымен шаруасын оңдап, шатырын түзеп алуды жоспарлаған білім, денсаулық нысандары дағдарыстың «салқыны» басылғанша біраз күте тұрады. Әлеуметтік нысандардың ішінде бұл екеуін ерекше даралап айтуымызда мән бар. Өйткені, қажеттілікке байланысты соңғы жылдарда осы екі салада құрылыс қарқынды жүрді. Бірді-екілі күрделі жөндеуден өткізілгені болмаса, жаңадан мәдениет ошақтары, демалыс орындары салынған жоқ. Ал тұрмыстық қызмет көрсетудің тізгіні толық жекеменшік секторларына берілді. Бизнестегі бәсекелестіктің арқасы шығар, бүгінде кәсіпкерлер қоғамдық қызмет көрсетуде бірінен-бірі асып түседі. Ақысына қарай – жақсысы. Әлеуметтік инфрақұрылым – қызмет аясы өте кең сала. Ол толықтай халыққа қызмет көрсететін, 30-дай саланы құрайтын күрделі кешен. Негізгі міндет – тұрғындардың қалыпты тұрмыс-жағдайын, білім алуын қамтамасыз етіп, мамандар даярлау, адамдарды әртүрлі аурулардан қорғап, олардың дұрыс дем алуын ұйымдастыру. Нақты айтқанда, еңбек өнімділігі мен елдің өркендеуі үшін «жұмыс істейді». Әлеуметтік инфрақұрылым салалары көрсетілер қызметтің түріне қарай жаппай және арнаулы болып екіге бөлінеді. Мәселен, денсаулық сақтау, дем алу және сауда орындарының көмегіне барлығымыз зәруміз. Ал білім берудің кез-келген сатысы – өскелең ұрпақ үшін маңызды қызмет. Сондай-ақ, қарттықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету қарияларға қажет. Бір сөзбен айтқанда, бәрі – әлеуметке керек көмек. Сондықтан, тұрғындарға осы қызметтерді көрсететін орындар әлеуметтік нысандар деп аталады. Ал оларға көпшіліктің сұранысы қандай деңгейде?

КЕШЕ... Кеше бізге не керек еді? Тоқсаныншы жылдардағы ауылдардың бейнесі әлі күнге көз алдымызда. Ең бірінші балабақша, содан кейін мәдениет ошақтарының есіктеріне дәу қара құлып салынып, кітапханалар жабылды. Қараусыз қалған соң кеңестік кезеңнен қалған орталық дүкен, колхоз кеңсесінің де тоз-тозы шықты. Бір қорап сіріңке, бір келі шекер алу үшін де аудан орталығындағы базарға сабылу керек. Тиынды-тиынға қосқан ауыл жұртының бар міндеті қара баланың қамы үшін қара қазанды бос қалдырмау болды. Сондай кезеңде жұрт нені ойлады? Қайткен күнде ұл-қызына білім беріп, ешқашан жұмыссыз қалмайтын мамандық иесі болуына жәрдемдесуге тырысты. Сол кездегі қажеттілік жалғыз мектеп пен тұрғындардың тіршілік тауқыметінен шаршағаннан шеке тамыры солқылдап, маза бермегенде амалсыз бас сұғатын амбулатория еді. Тоқырау жылдарында ауылдағы кірпіші талан-таражға түспей, шатыры аман қалған жалғыз еңселі ғимарат мектеп болатын. Десе де, терезелерінің әйнегі жалғыз қабат, кейбірінің төбесінің сылағы түскен, шатыры ескі, спорт залының едені тесілген... Тізе берсең, осылай жалғаса беретін. Соны көріп-біліп жүргендердің айтар арманы да, әкімдерден сұрар тілегі де осы еді. Бүгінде соның біразы бүтінделді, ескінің орнына жаңасы бой көтерді. Тіпті, ауылдық амбулаториялардың өзі күрделі жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі жаңартылды. Пошта ғимараттары да жаңа. Жекеменшікке сатылып кеткен мәдениет ошақтары мемлекет меншігіне қайтарылды. Мектеп жанынан шағын орталықтар ашылып, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жұмыстары да жөнге келе бастады. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде келген әлемдік дағдарыстан еңсемізді тік ұстап шыққанымыз Елбасының сарабдал саясатының арқасы. «Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, ауруханаларды, медициналық пункттерді жөндеуге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орындарын да құрамыз» деген Мемлекет басшысы сол кезеңде. 2009 жылы Президент тапсырмасымен қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы нағыз дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары болды. Аталған бағдарламаның арқасында елді мекендердегі мәдениет ошақтары, білім нысандары, емдеу мекемелері жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғырды. Ауыл тұрғындары жұмысқа тартылып, біршама тұрмысын түзеді.

БҮГІН... Бүгінде әлеуметтік инфрақұрылым салаларына жекеменшік секторын тарту ісі өз жемісін беруде. Тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсету жеке кәсіпкерлердің қолына көшкені де дұрыс болды. Ауылда монша, шаштараз, көлік жөндеу орындары көптеп бой көтерді. Дүкендер де аз емес. Тіпті, жекеменшік емдеу мекемелері мен балабақшалар, мектептер де пайда бола бастады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қызмет көрсетудегі бәсекелестікті ұлғайтып, сала мамандарын саннан гөрі сапаға баса мән беруге итермелеуде. Негізі қазіргі кезде ең бір бәсекелі орта осы бағытта қалыптасқан десек, қателеспейміз. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірімізде 29 жекеменшік балабақша бар көрінеді. Ал жалпы саны 406-ға жеткен, онда 44 мыңға жуық бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Облыстық статистика департаментінде сақталған дерекке қарасақ, 2003 жылы облыста 46 ғана мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп тұрған екен. Осыған қарап, он екі жылдың ішінде қаншама қыруар іс атқарылғанын іштей шамалай беріңіз. Мектептер мәселесіне келсек, былтырдың өзінде 6 білім ошағы пайдалануға берілді. Білім нысандарының 44-і күрделі, 135-і ағымдағы жөндеуден өткізілді. Денсаулық сақтау, спорт салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бар. «350 дәрігерлік амбулатория фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы аясында елді мекендерде өткен жылы 19 нысан іске қосылды. Жалпы, 2014 жылы 25 емдеу мекемесі жаңарды. Спорт кешендері, кіші футбол және ойын алаңдарының саны да жыл санап артып келеді. Былтыр спорттық нысандар саны 23-ке артып, 3 мекемемен толыққан. Жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар талғамға да сай. Солардың қатарына Тараз қаласында бой көтерген қайталанбас архитектуралық үлгісімен көз тартатын «Тараз-Арена» спорт сарайын, Назарбаев зияткерлік мектебін, балалар денсаулығын оңалтуда барлық қажеттілікті өтеп тұрған облыстық және қалалық балалар ауруханасын, қан орталығын жатқызуға болады. Бұл – өңір әлеуетінің өскендігінің, кешегі күнмен салыстырғанда, тұрғындардың сұранысы да артқанының көрінісі. Орталықта ашылған «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы мен білікті дәрігер С. Жошыбаевтың кардиохирургия және трансплантология ғылыми орталығы сала мамандарының жоғары медициналық көмек көрсетуде де көздегені көп екенін көрсетеді. Саладағы жарқын іске деген ұмтылыстар мұнымен шектелмек емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметіне сүйенсек, биыл Тараз қаласында 300 төсектік көп салалы қалалық аурухана мен 200 төсектік облыстық перинаталдық орталықтың құрылыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

ЕРТЕҢ... Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Бәйтелиевтің айтуынша, іргесі 2013 жылы және былтыр қаланған нысандардың ішінде жыл соңына дейін жоғарыда айтып өткен екі емдеу мекемесімен бірге, Байзақ ауданында салынып жатқан 60 төсектік туберкулез ауруханасы, Меркі, Талас аудандарының орталығындағы 250 орындық емханалар, Мойынқұм ауылындағы спорт зал және 4 мектеп, 4 балабақша пайдалануға беріледі екен. Бұл – қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, басталған іс аяқсыз қалмайды деген сөз. Өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де тұрғындардың тілек-талаптарына сай атқарылуда. Жалпы, осы жылдардың ішінде жаңадан мәдениет ошақтары салынбады демесеңіз, білім, денсаулық, спорт салалары «жыртығын» бүтіндеп, керегін түгендеп бітіп қалды деуге де болады. Түгелдей жекеменшікке көшкенімен, тұмыстық қызмет көрсетуде де ілгерілеушіліктер бар. Ірі-ірі сауда нүктелері бой көтерді. Кейбір сервистік қызмет желілері аудандарға да жете бастады. Мұндай қызметтің тиімділігі – тауардың бағасы қалада да, ауылда да біркелкі болатындығында. «Ауылымыздан «Grand» сауда үйінің желісі ашылды. Алғашқы тауарларын әкеле бастады. Бірақ, қалада таңдау көп болады деп ойлаймын. Кім білсін, кейін жақсаратын шығар» дейді құландық саудагерлер. Дегенмен, бұл – бүгінгі сұраныс. Халықтың әл-ауқатының түзелгеніне қарай, ертең талап-тілектердің де өзгеретіні түсінікті. Мәселен, күні кеше ауыл тұрғындары үшін мектеп мәселесі ғана маңызды болатын. Бүгін балабақша, сапалы қызмет көрсететін емхана, монша, дүкен, шаштараз, көлік жөндейтін орын бәрі-бәрі қажет. Талғам өсіп, таным кеңейген сайын көзқарас та басқаша қалыптасатыны белгілі. Қазірдің өзінде Алматы, Астана қалаларында балаларға арналған «MEGA» секілді ойын-сауық орталықтарының желісі дамып келеді. Тараз қаласында осындай нысан құрылысы қолға алынғанмен, қашан іске қосылатыны белгісіз. «Тараз жасыл желегі көп қала ғой. Жазда қиналмаймыз, ал қыста балалардың амалсыз үйге қамалатыны жаман. Алматы, Астанадағыдай ойын-сауық орындары жоқ» дейді Гүлжан есімді қала тұрғыны. Иә, жаз айларында ашық су айдыны немесе өзен-көл жағалауындағы демалыс орындарына деген сұраныс жоғары болады. Бірақ, облыста «Аю тропик» демалыс кешені, бірді-екілі аудандарда кәсіпкерлердің жекеменшік сауықжайларынан басқа мұндай нысандар жоқтың қасы. Олардың саны санаулы болған соң, ақысы да қолжетімсіз. Дамыған мемлекеттерде қазір демалыс орындарын, туризмді, ашық аспан астындағы тарихи музейлер желісін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Шетелдіктер сағаттап сауда нысандарын аралап жүргеннен гөрі, қажетін тапсырыспен үйіне алдырғанды жөн көреді. Сөйтіп, соған жоғалтатын уақытын табиғат аясында өткізуге бейіл. Бұл ненің көрінісі? Түптің-түбінде адамзат виртуалды дүниелерден жалығып, табиғи нәрселерді іздей бастайды. Бір-бірінен аумайтын ойын-cауық орталықтарынан да, түнгі клубтардан да жалығады. Этномузей, этнографиялық демалыс орындары сол кезде керек болады.

Тілші түйіні: Бүгінгі қиыншылық, қаржылық дағдарыс – бәрі өтпелі. Әлемде тыныштық пен бейбітшілік болса, ертең-ақ жағдай жақсарады. Ел еңсесін тіктейді. Әлеуметтік, рухани қажеттіліктерін түгендей бастайды. Сондықтан, жерімізден табылған бай археологиялық мұраларды, ұлттың көне бұйымдарын сақтап, қазірден бір кәдеге жаратуды ойлағанымыз дұрыс. Туризм де осы бағытта дамытылуы тиіс. Бүгінгі тарихи нысандарды қорғау, оларды ЮНЕСКО тізіліміне енгізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың аясын кеңейте түсу қажет. Еліміздің өрлеу кезеңінде әлеуметтік инфрақұрылым салаларын дамыту ісі кенжелеп қалған жоқ. Негізі олай етуге, арқаны кеңге салуға уақыт талабы, замана ағымы да «жол бере» қоймас. Сондықтан, бәріне бірдей көңіл бөлініп, қажетіне қарай қаржы да қарастырылуда. Мәдениет ошақтары да солай. Жаңасы бой көтермесе де, күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылғаны көп. Өйткені, рухани күш-қуат алатын орындар адамзат үшін әлі керек. Сол себепті, келешектегі сұраныстың осы салаға қатысты боларына шек келтірмейміз.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар