«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АУЫЛДЫҚ НЕСИЕЛЕУ СЕРІКТЕСТІКТЕРІ

АУЫЛДЫҚ НЕСИЕЛЕУ СЕРІКТЕСТІКТЕРІ
ашық дереккөз
АУЫЛДЫҚ НЕСИЕЛЕУ СЕРІКТЕСТІКТЕРІ

қаржылай қолдауды күтеді

Кәсіпкерлік қалаға ғана тән деген баяғы пікір бүгінде келмеске кеткен. Ел экономикасында қазіргі агроөнеркәсіптік кешеннің алар орны әжептәуір. Сондықтан қазіргі таңда мемлекет алдында несие беруші ұйымдардың ауыл кәсіпкерлерін, ондағы бизнес жобаларды қаржыландыруға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту мәселесі кесе көлденең тұр. Ауыл бизнесін дамытуға алдымен мемлекет мүдделі. Сондықтан ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесін жаңалау бағытында түрлі басқосулардың өткізілуі заңдылық.

Бүгінде шын мәнінде ауылдық қаржыландыру серіктестіктері үлкен сын алдында тұр. Себебі оларды қаржылай қолдау жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілмек. Тараз қаласындағы Жастар сарайында өткен алқалы жиында сол өзгерістердің алдағы жүзеге асу жайы кеңінен талқыланды. Оған «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі, «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ, «Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу серіктестіктері Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі және облыс әкімдігінің басшылық өкілдері қатысты. Ақпарат үшін айта кететін болсақ, несиелеу серіктестіктері аудандардағы ауыл шаруашылық тауарларын өндіруші тұлғаларды жеңілдетілген несие қаражатымен қамтамасыз ету мақсатында 2001 жылы құрыла бастаған еді. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық ауыл шаруашылық тауарлары өндірушілерінің басын біріктіріп отырған олардың саны еліміз бойынша 170-ке жеткен. Ал өзіміздің аймақтағы мұндай ұйымдардың ұзын саны – 11. Ауылдық шағын несиелеу ұйымдарының игілігін көріп отырған шаруалар аз емес. Мәселен, 2012 жылы республика бойынша қаржыландыру көлемі 15,5 миллиард теңге болса, жылдам өсу қарқынының арқасында көрсеткіш өткен жылы 26 миллиард теңгеге жеткен. – Өткен жылы Жамбыл облысында барлығы 200 займға өтініш берілген. Несие рәсімдеуде негізінен «Құлан-дан», «Меркі», «Қордай» және «Шу» несие серіктестіктері белсенділік танытқан. «Саудакент», «Жуалы», «Байзақ», «Әулие-Ата», «Мойынқұм» және «Диқан» шағын несие беру ұйымдары төмен нәтиже көрсеткен, – дейді «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ несиелеу серіктестіктерімен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Альмира Сағатова. Қалай десек те, тап қазір ауылдағы шағын несиелеу серіктестіктері қиын жағдайды бастан өткергелі тұр. Себебі, былтырғы жылға дейін мұндай ұйымдарды қаржымен қамтамасыз ету тікелей республикалық бюджеттің мойнында болған. Яғни мемлекетке масылдық етпей, ендігі жерде жүйе 2013 жылдан бастап несиелеу ұйымдарын мүмкіндігінше мемлекеттік бюджеттен қаржыландырмау саясатына көше бастады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай қадам алғашында ауыр тиері сөзсіз. Себебі, жаңа қаржы көздерін табу, олармен жан-жақты іскерлік байланыстар орнату – әлі тәжірибеде қалыптаса қоймаған шаруа. Сондықтан, қаржы мамандарына жаңадан құрылған жүйені институционалды түрде нығайту бағытында тер төгулеріне тура келіп тұр. Әрине, жүйе өзгерді екен деп, салы суға кеткен адамдай басты салбыратуға және болмайды. Өмір бар жерде өзгеріс бар. Заманның талабы да сол – барлық саладан инновациялық жаңа технологияларға бетбұрыс керек. Осыған байланысты жамбылдық несиелеу серіктестіктерінің жаңа жұмыс жағдайын тез меңгеріп алу үшін және біліктіліктерін толықтыра түсу үшін жуырда Тараз қаласында 10 күндік курс өткізіліпті. Онда мамандарға бухгалтерлік есеп пен баланс, несиелерге қойылған сыйақы ставкаларын субсидиялау ережелері мен ауыл шаруашылық технологиялық қондырғылары мен техникаларының лизингі бойынша дәріс берілген. Ең бастысы жаңа жүйені игерудің алғышарттары да қолға алына бастады. Жаңа жүйеге өтудің бірнеше кезеңнен тұратын концепциясы жасалған. Ол бойынша, ауылдық несиелендіру ұйымдарын қаражатпен қамтамасыз етуге екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы институттарын тарту жолдары кезең-кезеңімен шешілмек.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар