Жуалының жампозы

Жуалының жампозы
ашық дереккөз
Жуалының жампозы

9Дмитрий Кавешниковтың ерлігі

Қара қытайдай қаулаған неміс жасағына той­тарыс беруге жуалылық жампоздар да аттанды. Белуардан қар кешіп, мұз жастанса да олар жеңісті жақындата түсті. Зеңгір көктің көркем келбетін будақ-будақ қара қошқыл бұлт бүркемелеген, тұтас­тай торлап алған, сайын даланың сағым тарт­­қан белдері көз ұшында буалдыр кейіпке енген қатар­­дағы күндердің бірінде жуалылық жауынгер Дмитрий Кавешников та майдан даласына шақырту алды. 

10Әсілінде түгін тартсаң майы шығатын, жері жайсаң Жуалы жерінде, Ақсайдың жағалауында жүріп офицер болуды балаң көңілімен армандады ол. «Генерал болуды мақсат етпейтін солдат – солдат емес» деген қағидатты көңіл көзімен берік түйсінгенмен, ол үшін оқ пен оттың ортасында Отан үшін жалын кешу керектігін сезген жоқ. Ол Алаштың маңдайына біткен асқақ ойлы, айбарлы, тік мінезді қаһарман Бауыржан Момышұлымен бір мектепте, тіпті кейін бір академияда білім нұрымен сусындады. Елдің тағдыры таразыға салынған Ұлы Отан соғысында Дмитрий Кавешников кіші командир ретінде ұқыптылығымен, әскери тәртіпті тиянақты орындай білетін асқан алғырлығымен көзге түсті.

Керчь бұғазындағы қанды қырғын, Қырымды жаудан арашалау операциясы, Кавказ маңайы үшін болған шайқастардың бәрінің мәні орасан зор еді. Сол мазмұнды миссиялар Кавешниковты шарболаттай ширықтырды. Сақылдап қоя берген сойқан мінезді сарышұнақ аязыңыз да, төрт қиырдан алма-кезек құйындай құйғыта соққан көкбет жел де Отан қорғаушы сарбаздардың жігерін жанши алмады. Қайта намыстарын қайрап, қаруын сайлап, ентелей енген дұшпанның бетін қайтаруға, тойтаруға талпындырды, ұмтылдырды. Иә, Қырым жері үшін болған алапат айқаста, шартпа-шұрт өрбіген шытырман шайқаста Дмитрий Кавешников өзінің озық ойлы командир екенін тағы бір мәрте танытып, қапелімде қазаға ұшыраған командирін алмастырып, полк басшысы миссиясын да өз қолына нықтап алды. Осылайша аз шығынмен Керчь бұғазындағы Қырымға барар плацдармды ырқына бағындырды. 1943 жылдың қара суығы бетті қарыған қыркүйек айының оныншы жұлдызында ол бастаған полк Қара теңіздің қапталындағы Цемес бұғазына десант жөнелтіп, баһадүрлерден құралған топ электр стансасы маңындағы плацдармды бақылауға алды. Мұндағы жорық та сәтімен жалғаса берді. Кавешниковтың десанттарды дер кезінде іске қосуының арқасында міндеттелген миссия тиянақты түйінделіп, 1943 жылдың қараша айында 318-атқыштар дивизиясы құрамындағы 1339-атқыштар полкі Керчь бұғазын алып, түстікке қарай созылып жатқан Эльтиген ауданына десант жасағын аттандырды. Жұдырықтай жұмыла қимылдап, бір қолдың саласындай бірлікті көрсете білген жасақ дұшпанның қарасы басым әскеріне артиллериялық соққы беріп, кеңес жауынгерлерінің адымдап алға жылжуының кепілдігі бола білді. Кеңес әскерлері тартып алған плацдармды өз иеліктеріне қайтаруды мақсат еткен неміс жауынгерлері мыңдаған отты қардай боратып, екі күнде жиырма рет шабуылға шықса да, полк үздік әскери тактиканы пайдаланып, бағындырған аймақтан кері шегінбеді. Қайта андыздай келіп, ауыр соққылар жасады. Жаудың бетін кері қайтарып, өздерін шегінуге мәжбүрледі. Өздері алдыға жылжыды. Дәл осы «боранды бекетті» қорғау операциясы жүріп жатқан 1943 жылдың қараша айының он жетісінде Дмитрий Кавешников Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сол кезде асау жүректі айбарлы батырдың ауылдағы анасы: «Қымбатты Дмитрий! Сенің батыр атанғаныңды естігенімде, төбем көкке жеткендей болды. Жұмыр жердің бетінде бекер өмір сүрмегеніме, менің де бақытты сәттерім болатындығына қуандым. Балам, жауға аямай соққы беріңдер. Біз қанша қиын болса да, жеңіс үшін аянбай еңбек етеміз» деп хат жолдапты. Бұл – енді мейірім шуағы мен шапағатын қатар толғатқан ана жүрегінің сәлемі. Оның алған марапаттарында қисап жоқ. «Алтын жұлдыз» медалі, Ленин, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту ордендері соның бір парасы ғана. Ол қанды майданнан кейінгі ғұмырын да еңбекке арнады. Талмай тер төкті. Үскірік желге де, ақтүтек ақ боранға да мойымаған ақ жаулықты аналар сол жылдары еңбек даласында жан жүректері езіле жүріп, жүйкелеріне ши жүгірсе де жеңіс үшін жан аямады. Қолдары жарылса да, қайнаған қызу еңбектің ортасынан табылған балалардың да ерте есейгені анық. Жауын құрттай жауған қара қағаз кімнің еңсесін түсіріп, жүрегін жараламады десеңізші... Батырлардың көбісі Отан үшін шейіт болды. Бірақ, олар өлген жоқ. Өйткені, олар елге жеңіс болып оралды!

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар