«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» дейді дана қазақ. Отан үшін кеудесін оққа тосатын, елінің тыныштығы мен халқының амандығы үшін жанын пида етуге даяр жауынгерлердің ерлігі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында да жарқырай көрінді. «Ерлік елдің қасиеті, жүректілік жігіттің қасиеті» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, бір ғана Украина үшін болған шайқастарда 200-ге жуық қазақстандық «Кеңес Одағының Батыры» атанған. Сол сияқты Венгрияны азат етуге қатысқан ел жауынгерлерінің 22-сі осындай ең жоғары атаққа ие болған. Солардың бірі – Андрей Сорокин.
Андрей Сорокин 1905 жылдың 25 мамырында Ресей Федерациясының Иркутск облысындағы Гадалей ауылында қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Ол осында бастауыш мектепті бітіріп, кейіннен Бурят АКСР-ндағы Баргузин ауылында тұрады. Ал Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына 1937 жылы көшіп келген. Сөйтіп осындағы қант зауытында еңбек етеді. Жалынды жігіт ағасы 1942 жылы Әулиеата жерінен әскер қатарына алынып, майдан даласына жіберіледі. Ол от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Дегенмен, соғыс жағдайында әртүрлі тосын оқиғалардың кездесуі заңдылық. Андрей 1944 жылы 13 сәуірде контузия алып, ес-түссіз жатқан жерінен фашистердің тұтқынына түсіп қалады. Ол осылайша Венгрия жерінде дұшпан құрсауында болады. Бірақ, қайсар азамат мойыған жоқ. Қайткен күнде де қиындықтан жол тауып, қаруластарының қатарына қосылатынына сенді. Сеніп қана қоймай, оның айла-амалдарын ойластырумен болды. Отанға деген патриоттық сезім мен жауынгерлік жігер оны бәрібір жау тұтқынынан алып шықты. Неміс фашистерінен қашып құтылған А.Сорокин ақыры өзінің әскери бөлімшесіне келіп қосылды. Бөлімшедегілер оның өткен өмір жолын жан-жақты саралап, армия қатарында Отан қорғауға мүмкіншілік берді. «Бәрі де Отан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен қанаттанған кеңестік жауынгерлер 1944 жылы неміс әскерін тықсыра қуып, батысқа қарай алға жылжыды. Осы жылы Венгрия жерінде адам айтса нанғысыз алапат айқастар болды. Андрей Сорокиннің Отан қорғау жолындағы көзсіз ерлігі 27 қыркүйек күні Галамбош станциясының маңында болған ұрыста жарқырай көрінді. Тап осы тұстан кеңес әскерінің шебін бұзып, олардың алға жылжуын тоқтатуды мақсат еткен неміс фашистерінің әрекетіне құрамында А.Сорокин болған 49-гвардиялық атқыштар дивизиясының 144-полкінің 3-батальоны табандылықпен қарсы тұра білді. Осы тұста атқыш Андрей өзінің зеңбірегімен қиядағы нүктелерді дәл көздеп, бір өзі жаудың 20 жауынгері мен офицерін жайратып салды. Осылайша батальон батырлары жаудың бірінші шабуылына тойтарыс бере білді. Дегенмен, мұздай қаруланған фашистер алға қарай жылжуға тағы да талпыныс жасап бақты. Ойлары белгілі: кеңес әскерін қоршауға алып, тылға өту. Бірақ, бұл жолы да Андрейдің қаруластары олардың жолын бөгеді. Жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет өзінің «Мәңгілік Ерлік» атты кітабында А.Сорокиннің шешуші айқасы туралы «Күші басым жау кеңес әскерінің зеңбіректерін бірінен соң бірін істен шығарды. Тек қана Андрей Сорокин өз зеңбірегімен жау ортасында қалды. Қайыспас қайсар ұлан жаудың пулемет нүктелерімен бірге шабуылдап келе жатқан әскерлеріне оқты жаудырды. Тағы да бір танкі отқа оранды. Жау совет әскерлерінің тылына өте алмады. Фашистер үшінші рет шабуылға шықты. Ауыр жараланған Андрей Сорокин бар күшін жинап, зеңбірегін оқтап, жақындап келген жауды тағы да атқылады. Өліспей беріспеген Андрей Алексеевич осы шайқаста үшінші рет ауыр жараланып, майдан даласында қаза тапты. Алайда, жау алға жылжи алмады» деп жазады. Міне, осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Андрей Сорокинге 1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жамбылдықтар батырдың даңқын мәңгі есте қалдыру үшін Тараз қаласының қант зауыты аумағында оның есімін үлкен бір көшеге берген. Сонымен қатар ерлік көрсеткен Галамбош қаласында да оның атында көше бар. «Ер есімі – ел есінде» деген осы!
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді