Бақыт екеуміз қалай таныстық, қалай жолдас болдық, ол есімде жоқ. Есімде қалғаны бізді Бақыттың досқа, жолдасқа адал көңілі, «менде жоқ болса да, сонда болсын» деген жомарт пейілі жақындастырды.
Кейін келе отбасымызбен араластық. Екеуміз де Жуалыдан боп шықтық. Ол да Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген, мен болсам сол университеттің журналистикасын аяқтағанмын. Әңгімеміз де, ниетіміз де ортақ. Достық осылай басталды. Жұбайы Тоты да тарихшы, екеуі бірге оқыған, менің әйелім Гүлнар да өзімнің курстасым. Қысқасы, отбасымызбен жарастық, әңгіме де ортақ, арман-мүдде де ортақ. Осылай көршілік, ағайындық араласымыз әлі үзілген жоқ.
Әсіресе, қыстың күні шана сүйретіп, оған әйелдерімізді отырғызып алып, ықшам аудан аралап, марқұм Ораз бен Динаны, Жұмахан мен Гүлшатты қосып алып, үйді-үйге барып, жаңа жылды қарсы алатынымыз ұмытыла ма?! Сосын бәріміз бірге театрға Жұмахан мен Гүлшаттың ойынын көруге барушы едік. Ол да бір дәурен еді. Айтқандай, бірде Ташкенге барып, «Пахтакор» мен «Қайраттың» ойынын тамашалағанымызды ұмытамыз ба?! Сол жерде отырғанда Шымкенттің жігіттері: «Қайратты ауыздарыңа алмаңдар, әйтпесе мына өзбектер намысшыл, тас-талқанымызды шығарады» дегенін ұмытып, Пехлеваниди гол соққанда орнымыздан өре түрегеліп, жанымыздың ауырғанын білдірдік емес пе?! Бірақ өзбектер ештеңе деген де жоқ. Артынан сол Шымкенттің жігіттерінің үйінде қонақта боп, жігіттер дайындаған дымламаны тоя жегеніміз де есімізде. Олар бізді көліктерімен Ташкеннің шекарасына дейін шығарып сап еді. Ондай достық дәмді, ұзақ болады. Бір-екі жылдан соң артымыздан іздеп кеп, Таразда қонақ еткенімізді ұмытамыз ба?! Кейін келе Бақыттың ауылы Қызтоғанның құрметті қонағына айналдым. Ол жерден маринка аулаймыз да, оны қуырып жейміз. Талай тойларда болдық. Тілек айттық. Анасы Қанымай апамен де сыйластық. Ол кісі мен Красногор ауданына аудандық газетке редактор боп ауысқанымда, «Толымбек Отарға кетті» дегенді дұрыс түсінбей, «Келін екеуі бір отар қой алып, соны бағуға кетті, ойпырмай, бір отар қойға ие бола ала ма екен?» деп ұғып, күлкіге қарық қылғаны бар. Жарықтықтың сонда мені қойға ие бола алмай қалса, қарызданып қала ма деген қаупі ғой, ағалары Сержанбек марқұммен, Ержанбек, Қажымұхан, інісі Ермахан, қарындасы Ырыстармен де араластым, сыйластым. Мейрамбек, Рахымжандармен де дәм-тұзымыз жарасты. Қажымұхан Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін менен бір жыл бұрын бітірген. Ағайындарының баршасымен араластым. Тойларға бардық, тойларға келді. Жездесі Жанатпен де құрдастай араластық. Бір сапардан қайтып келе жатқанымызда МАИ-дың азаматтары ұстап, оларға жездесі Жанаттың правосын беріп кеткеніміз де бар. Сондай бір сапарда ол кезде Бурныйдың орталық дәмханасынан дәм алып, ондағылар біздің тиынымызды «жеп», артынан айқай шығып, оны «Еңбек туындағы» өзім ашқан «Шөңгелі мүйіске» бергенмін. «Осының бәрін қалай еске сақтайсың?» деп таңданғаны да бар еді. «Енді сонымен нан тауып жеп жүрміз ғой» деп шындықты да мойындағанбыз. Мен Отарда аудандық газеттің редакторы боп жүргенде де араласымызға қылау түспеді. Барып, келіп, қатысып, араласып жүрдік. Артынан мені «Ара» журналына қызметке шақырды. Ауыстым. Онда да Қалтай Мұхамеджановпен болған біраз әңгіменің куәсі болды. Тұратын жер жоқ. Бірақ Бақыт аспирантурада оқиды, ҚазМУ-дың жатақханасында жатады. Қасынан бір орын әперді. Ендігі араласымыз осылай болды. Студенттік өмір сияқты жатақханадағы жағдайымыз көңілімізді университеттің қабырғасында жүргендей сезіндірді. Жатақханадағы жайлы орында бірер жыл тұрдым. Артынан отбасымды көшіріп әкеліп, Бәйішев 36-ға көштік. Аспирантураны бітірген жылы оны бітіру құрметіне арналған, тарих ғылымының кандидаты деген атақ алған дастарханды да мен жүргіздім. Сонымен Бақыт өзінің туып-өскен елі-жұрты Таразға кете барды да жолымыз екі айырылысты. Бірақ сыйластыққа сызат түскен жоқ. Қатынасымызды үзген де жоқпыз, араласып тұрдық. Үлкені Айдар үйленгенде де тойында болдық. Менің үлкен қызым Қаламқас Жетісайға тұрмысқа шыққанда құдалықтың құрамында осы Бақыт болды. Ендігі сыйластығымыз осылай балалар арқылы болды. Балаларға ғана қарап қалған жоқ сыйластығымыз. Арагідік Таразға барғанда ең әуелі Бақыттың үйіне түсеміз, содан кейінгі сапарлардың жобасы да сол үйде жасалады. Артынан Бақыттың араласуымен одан кейінгі «жорықтарымызды» жасаймыз. Менің қайын-жұртым Ташкентке де талай бірге бардық. Онда да құданың рөлін ойнап, сыйластықпен қайтып жүрдік. Бірде Қызтоғаннан балық аулап, оны қуырып жеп, қайтып келе жатқанымызда Бауыржан Момышұлына жақындап қалғанда МАИ-дың қырағы құрығына түстік. Ол жерде арпалысу, олармен сөзге келу, артынан құжаттарымызды сыпырып алып, бізді пұшайман еткенін ұмытамыз ба? Облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Бәделхан досқа қоңырау шаламыз. Ол алмайды. Сөйтсек, оның фамилиясы ауысып кетіпті. Ақыры таптық та ол құрықтан да құтылғанымыз бар. Осындай қызықты жәйттерді бірге кешіп өскен досты естен шығару мүмкін бе?! Мен демалыс кезінде ауылға барамын. Көктемде қозықұйрық шыққанда, әсіресе, көп барушы едім. Бір жаңбырдан соң Құланның етегінен қозықұйрық теріп қайтамын да оны қуырамын. Қазанға салысымен Таразға, Бақытқа қоңырау шаламын. Қозықұйрық пісті-ау дегенде нөкерлерін ертіп, Бақыт інісін, Дәулет інілерін қасынан тастамай жетеді. Бір партия преферанс сызып, сол қозықұйрықты жеп, бір-ақ қайтатын. Немесе оның ауылы Қызтоғанда да қозықұйрық пырдай боп өседі. Кейде сол ауылға барып, қозықұйрық жеп қайтатынбыз. Ол да бір дәурен еді. Алпысқа келеміз деп ойладық па?! Міне, уақыт зымырап, өз дегенін істеді де: біз де алпысты алқымдадық. Алпыс, шындығында, тал түс секілді: еш өзгеріс жоқтай көрінеді, қырықтағы қылшылдаған жігіттің жасындағыдаймыз деп өзімізді өзіміз алдаймыз. Енді Бақыттың тілімен сол алпысты жырлағанда, былай болып шықты:
Алпысқа келдім, Көңілім киік менің! Жылдан-жылға есейдім, биіктедім. Май-мамырда ап келген дүниеге, Көктем, көктем, не деген сүйікті едің!Алпысқа келдім, Бәрі де баяғыдай. Құмар болып тұрғам жоқ таяғыңа-ай! Желе жортып кетемін жігіттердей, Қуат берсін Құдайым аяғыма-ай!
Алпысқа келдім, Жүрегім қартайған жоқ, Шаш түскені болмаса, әр тайған жоқ. Айбатым тұр жел есіп айдарынан, Қайратым да қисайып, қартайған жоқ!
Алпысқа келдім, Сезім бар түйдектеген, Қызтоғаным «қартай» деп үйретпеген. Ақ Тотымды қысып ап құшағыма Шыр айналып вальсті билеп кетем!
Алпысқа келдім, Бұл Таразды жаяу-ақ кезіп кетем, Серуендеп жүрмесем – тозып кетем. Елуден енді асқан жігіттермен Жаяу жарыс жасаса – озып кетем!
Алпысқа келдім, Өмірден көргенім бар, Алғаным бар, аз-аздап бергенім бар. Есептесер уақыт келіп қапты, Жазып-сызып қоятын ермегім бар.
Сүйретіліп әйтеуір көш-жалғанда, Жүзге келу ың-шыңсыз басты арман ба?! Бұйыртқанын көреміз, жүріңіздер, Қалғанын сөз қылайық дастарханда! Бұл – ғалым, тарих ғылымының кандидаты Бақыттың тура алпыс жылдығын тойлап жатқанда айтатын сөзі ғой. Олай болса, жүріңіздер дастарханға! Көңілі көктем, пейілі жаз Бақыт Мырзабековтің ақ дастарханынан дәм татайық!Толымбек Әлімбекұлы, ақын.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді