Бұрынғы Ресей империясындағы Вятск губерниясының Уржум уезіндегі Русская Купта деревнясында, шаруа отбасында дүниеге келген Яков Тюлькин бастауыш мектепті тәмамдаған соң, сол тұста басталған Антанта-Герман соғысында – немістерге, кейін Қазан төңкерісі жеңісін баянды ету үшін болған шайқастарда-ақ гвардияшыларға қарсы ұрыстарға қатысқан. Азамат соғысы аяқталысымен әскер қатарынан босанып, бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына көшіп келіп қоныстанады. Осындағы облыстық ауыл шаруашылығын жабдықтау қызметінің қойма меңгерушісі болып қызмет атқарады. Гитлершілдер Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашып, елдің батыс өңіріне баса-көктей кіргенінде, жасының ұлғайып қалғандығына қарамастан майданға аттану үшін жергілікті әскери комиссариатқа қайта-қайта өтініш беріп жүріп, ақыры 1943 жылдың екінші жартысында діттегеніне жетіп, Қызыл Армия қатарына алынады.
Яков Николаевичтің екінші дүниежүзілік соғыстағы жорық жолы Армия генералы Николай Ватутин басқаратын Воронеж майданының 38-армиясы 136-атқыштар дивизиясы 269-атқыштар полкінің бірінші батальонына пулеметші болып тағайындалуынан басталған-ды. Кейін майданның атауы өзгеріп, I Украина майданы деп аталған. Ұлы Отан соғысы тарихына атауы алтын әріптермен жазылған аталған майданның жеңісті жолына шайқасқа қатысқан алғашқы күндерінен-ақ, өзін ержүрек әрі тәжірибелі сарбаз ретінде танытқан қарт жауынгер де өзіндік үлесін қоса біледі. Ол Украинаның Днепр өзенінің сол жағалауы аумағын жаудан тазарту үшін болған ұрыстардың бірінде, шабуылдап келе жатқан бұлардың жолын кесу мақсатымен қарсы шабуылға шыққан гитлершілдерді тура көздеп атып, жиырма шақты неміс солдаты мен офицерінің көзін жояды. Осы ерлігі үшін оған полк командирінің бұйрығымен сержант атағы беріліп, пулемет расчетінің командирлігіне тағайындалады. Ал Днепрден жеделдетіп өтіп, өзеннің оң жағалауынан плацдарм әзірлеу үшін болған сұрапыл ұрыстар басталғанда Яков Тюлькиннің пулемет расчеті Казачий аралының тұсында Днепрден өтіп, басып алған шебін жаудан қорғау кезінде фашистердің үш бірдей қарсы шабуылын тойтарады. Сондай-ақ, арада он күннен астам уақыт өткен соң, қазан айының 13-14 күндері аралығында Украинаның Киев облысындағы Вышгород ауданының Лютеж селосы түбіндегі жан алысып, жан беріскен қанды шайқаста да сержант Я. Тюлькиннің пулемет расчеті негізгі күштердің алдыңғы сапында болады. Олар қарсы шабуылға шыққан немістерге оқты қарша боратып жаудырып, жауды үлкен шығынға ұшыратады. Сөйтіп, немістердің таңдаулы әскери бөлімдерінің діттеген ниеттерін болдырмай тастауға үлес қосады. Сол ерлігі және Украинаның Днепр өзенінің оң жағалауындағы аумағын гитлершілдерден азат етуге қосқан жауынгерлік үлесі үшін 1944 жылғы қаңтар айының 10 күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен сержант Яков Тюлькинге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылады. Адамзатқа алапат қайғы-қасірет әкеліп, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс деген атаумен тарихта ізі қалған екі бірдей жойқын соғысқа қатысқан, соның екеуінде де оқ пен өрттің өтінен аман қалған Яков Николаевич Тюлькин фашистік Германия тізе бүккен соң әскер қатарынан босайды. Өзі майданға жолдама алған Жамбыл облысынан қазіргі Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесіне қоныс аударады. Сонда ұзақ жылдар тұрып 1958 жылдың 12 тамызында 61 жасында өмірден озған. Әйтсе де батырдың өзі дүниеден өткенімен оның бүгінгі ұрпақтың бақыты, бейбіт өмірі үшін жасаған жанқиярлық ерлік ісі жұртшылықтың көңілінде жаттаулы. Оның өнегелі өмір жолы, жарқын есімі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналып жазылған шығармашылық еңбектер, Кеңес Одағының Батырларының тізімдері жарияланған жинақтар арқылы ұрпақтар жадында қайта жаңғырып, сабақтастық табатындығы анық.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді