Жеңгеме хат
(Хикаят-монологтан үзінді. Төртінші хат) Асыл жеңешем! Өз ұлын өгейсіткен мынау тас бауыр дүниеге титтей ғана мейірім жетпейді дегеніңізде іштей мырс еткенмін де қойғанмын. Сол сәтте он екі мың ғаламды екі аяқты пенденің мейірім-шапағатына зәру етіп қойған Жаратқанның шеберлігіне, әлде ет жақының да жарылқамайтын жалған, жат өмірді өз жүрегінің жылуымен жылытатындай елітіп отырған сізге қарап таңданғанымды анық ажырата алмадым. Әйтеуір, менің бойымды озбыр дүниеден жиіркенгеннен пайда болған ыза буып тастаған еді. Содан да болар, мен бұл сөзге селт етпедім. Керісінше, ащы мысқыл езуіме үйіріле келіп қалған еді. Күн өткен сайын сүреңсіз, сұрқай күйге енген әлемді құтқарудың жалғыз жолы осы болса, жетіскен екенбіз дей жаздап, өзімді тежеп қалдым. Ішімде ит өліп жатса да сыртқа жүнімді қампайтып, алдырмайтын ғадетімнен бұл ретте де танбадым. Бес күндік жалғанға деген ызбар-ашу көмейімде тұншыққанда, жүрегімді мұз қарығандай болды. Жаңа бір әлетте жылы көрпеге оранып жатып, орнымнан тұра бере табаныммен сыз еденді басқандай бір күй кештім бе? Қабағым кіржиіп, тыжырынды. Іле мұнымды байқап қоймады ма дегендей, ұрлана жүзіңізге қарадым.
Иә, мен ол кезде өзіңізге қарсы уәж айтсам, көңіліңізге кірбің түсіріп алармын деген үреймен үнсіз қалғанмын. Бұрын қалыптасқан қасаң қағидаға қарсы өз ойымды ашық айтудан еш тайсалмайтынмын. Бұған дейін сан мәрте өзімді қамшылап, санамда қордаланған қозды үрлеп тұтатып, жалынын сыртқа шығарар сәт туғанда өзіме тоқтау салдым. Көмейімде бүлкілдеп, буырқанған алапат алауды қайтадан сөндіре алмай әлектендім. Кісі төзбес жан күйзелісін кешіп отырсам да бас көтерсе, бой бермей кететін асау сөзді күшпен тізгіндедім. Бірақ, мен бұл әрекетімнің дәл сол сіз айтқан титтей ғана мейірімнің шуағына жылынған жүрегімнің өзіме кескен үкімі екенін түсінбеген болатынмын.
* * *
Кеше есі кіресілі-шығасылы күйде жүріп, терезенің пердесін түсірмеген екен. Түн падишасының әлемді басып қалған түнек сарбаздарына күн ханшайымның әскерлері бүйідей тиіскен соң қойсын ба, елден жырақ түре қуып тастапты. Мұнымен де тынбады. Қараңғылықтың түпсіз терең тұңғиығымен арбап, тіршілік атаулыны ұйыққа тартқан түнектің иірімінен құтқармаққа білек сыбана кіріскен еді.
Ашық терезеден мол құйылған жарық сәуле көзін қарықтырды. Шақырайып, шекесін тесіп барады. Күннің өткір сәулелері ішімдіктің әсерінен күп болып іскен мұның бетін, мұрнын шымшылады. Тіпті қояр емес. Жан біткенді жұлқып оятқан падишаның әміріне селт етпестен, мұның шалжиып жатып алғанына шамданғандай, ендігі сәтте саңылау тауып, жүзіне көз тоқтатып қарай алмайтын найзаларымен санасын шабақтай бастады. Былшық басқан қос жанарын ала қашып, басын қорғаштағанына да қараған жоқ. Бұл да қарап жатпады. Енді қайтер екенсің дегендей, аяқ жағында иленіп жатқан жұмсақ төсенішпен тарс бүркеніп, тұмшаланып алды. Мұндай қарсылықты күтпесе керек. Күн-Ару тосылып қалды. Ашық шабуылдан ештеңе шықпасын түсінді. Түсінген сәтте, мына жағдайда өзінің лажсыздығын мойындағандай мұңайды.
Астарын шытпен тыстап, ортасына жұмсақ, әрі жеңіл болсын деп мақта орнына қой жүнін салып, бетін оюлап жасаған көрпе күтім көрмей тоза бастапты. Бір кездері үйдің төрінен орын теуіп, сыйлы меймандарға ғана қызмет көрсетуге жаралған көрпенің мына сиқына қарау мүмкін емес болатын. Әбден аяқ асты болып, кірлепті. Баттасқан кірдің бе, әлде... Бір жағымсыз иіс қолқаны атады. Оған көптен бері тіс щеткасы тимей арақтың уытты иісімен араласқан өз демі қосылғанда оңсын ба? Шыдамады. Көрпені кері серпіп тастады. Шұғылалы арай бағанағыдай жанарын қарымады. Нұрлы шуағымен Аңсағанның іркілдеген ісік жайылған қараторы жүзін аймалады. Басқалардай ішкілікке салынып, ұрпағын ұмытқан тасбауыр әйелден теріс айналып, жерімеді. Жиіркенбеді. Аялай қарады. Өз баласына мейірленіп көрмеген ана жүрегінің де мейірімге зәру екендігін сезетіндей. Жер бетіндегі кеудесінде қыбырлаған жаны бар тіршілік иесінің барлығына алаламай жан жылуын сыйлайтын құдіретті Күн-Ана тұрғанда жалғанды жалпағынан басып, жайлап алғандай болып жүрген зұлымдық та ұзақ уақыт билік құра алмас. Оның да күні бітіп, тауы шағылар.
Жат санап, жатырқап сыртқа теппеген жарық дүниенің өлшеусіз мейірім-шапағатына шомылып жатып, кешегі оқиға ойына оралды. Күндегі әдетімен жас ғұмырын ерте өксіткен опасыз тағдырына нала айтып, бөтелкелес, мұңдас құрбыларымен армансыз шерін ақтарып отырып, үйіне кеш оралған. Мұндай отырыстардың соңы неге апарып соғатыны белгілі. Ымырт қараңғылығында үйде жалғыз елегізіп, үрейі ұшып отырған қызына таусылып бітпейтін арманын айтып жылады. Туған шешесінің осынау қылығынан запы болған ба, қашанғы әдетімен Жанар үнсіз қалды. Аңсаған жас деп Жанарын аямады. Әкесіз жетімек екенін бетіне басты. Ақ ит кіріп, көк ит шыққан Аңсағанның аузынан ақтарылған зар заманға бағытталған запыран өздігінен таусыла қояр ма еді. Кім білсін? Осы сәтте үйге бөгде адамдар кіріп келді. Бейтаныс жандарды көріп қызы мазасыздана бастағанын сезді. Жо-жоқ, өзіндегі сезім атаулы мүлдем семіп, бітпепті. Бауыр еті баласының, әлденеге алаңдап, жыларман халде тұрғанын жан жүрегімен сезінді. Бұдан ары не болғаны есінде жоқ. Бірақ, құлағында Жанардың «Сіздер мені анамнан айырмаңыздаршы. Ол енді мүлдем ішпейді. Менің анам – жақсы адам. Мен анамның қасында қалғым келеді», – деп шырылдаған үні қалыпты.
Аңсағанның бұған дейін тас болып қатып қалғандай көрінетін жүрегі қатты бір бұлқынып, шаншып қоя берді. Арақпен жолдас болғалы бері мұның ауласынан безініп кеткендей көрінетін ақылы санасының түкпірінен бас көтерді. Кеуде сарайын ыстық ағын қуалап өткендей сезінді.
Опасыз жалғаннан опынып, алды тұман, арты өрт жолға түскен оны қаршадай қызының өзіне деген шексіз мейірімі түпсіз ұйықтан тартып, шығарып алғандай болып еді.
* * *
Аяқ-қолы кемістеу жаратылғанмен ол мұнысын оғаш санамайтын. Ән айтуды сүйеді. Ән салғанда бар ынтасымен беріліп айтады. Тілінің аздап мүкістігі кедергі келтіргенмен, әнге деген құштарлығы жеңіп тынатын. Рахиманы нағашы атасынан берілген осы бір қабілеті өзі секілді балалардың арасынан даралап тұратын. Сондықтан байқау өтеді дегенде, Рахима бірден қандай ән айтатынын жұптап та қойған-ды. Бұдан бұрын да бір-екі жерде ән салып көрген болатын.
Үлкен сахнаның мысы басты ма, Рахима әуенге бірден ілесіп кете алмады. Мүдіре берді. Алдында емініп, ән күтіп отырғандардың барлығы бұған мүсіркей қарайтындай. Қарап тұрып жылағысы келді. Рахимаға қажетті тректі дискіден тауып қойып беріп отырған ағай да мұның көңіл-күйін сезіп, әуенді өшіре қойды. Не істерін білмей тұрып қалған. Кенет қалың көпшіліктің арасынан өзіне қарай ентелеп, жүгіріп келе жатқан ағасын көрді. Ол келе дискіні қайта айналдырып, сахнаның сыртына шықты. Әуен басталғанда екінші микрофонды қолына алып, әнді бастап кеп жіберді. Рахиманың бойына батылдық пайда болды. Ағасына ілесіп, шырқай жөнелгенін сезбей де қалды. Әнді жап-жақсы орындап шықты. Қысылмады. Ағасының қамқор көңілі демеу болды.
* * *
Санаулы минуттардың ішінде өте шыққан осы оқиғаға мен өзім де куә болдым. Көңіл сарайыма шұғылалы шуақ ұялағандай. Адамға ой салуға титтей ғана мейірімнің сәулесі жеткілікті екендігін ұққандай болдым. Міне, солай, жеңеше.
Әзірше хош.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді