Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында ұлттық спорттың төрелері саналатын көкпар және аударыспақтан жастар арасында облыс біріншілігі өткізілді. Айтулы додаға өңірдің бірқатар аймағынан спортшылар белсене қатысты. Көкпар десе қазақтың қаны қызатынын осы дода барысында тағы бір байқап қалдық. Әдетте өзге аудандарға қарағанда бәсі ылғи да биік жүретін Жуалы ауданының командасы бұл сында да серкені ат үстінде еркін өңгеріп, ширақ қимылдады. Нәтижелі ойын өрнегін көрсете білген жуалылықтар көкпардан қарсыластарынан қара үзіп, жеңімпаз атанды. «Әулиеата» командасына талай талантты спортшыны тарту еткен Жуалы ауданы командасының жеңіске жетуі бір жағынан заңдылық та еді. Бұл сында жүлделі екінші орын тұғырынан Талас ауданының командасы көріне білсе, жамбылдықтар үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар, аударыспақта сынға түскен жүйріктер әр салмақ бойынша өзара үздікті айқындады. Тартысқа толы болған жарыс барысында бірнеше спортшылар үздіктердің қатарынан көрініп, марапат пен қолпашқа ие болды. Аламанды тамашалағандар да ұлттық спортты ұлықтаған спортшылар сынға түскенде қиқуға басып, оларды демеп, қолдап отырды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Шу ауданында 305 спорт нысаны жұмыс істейді
- 28 сәуір, 2026
Шу ауданында жаңа спорт кешені ашылды
- 22 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




