Ауыр жүк көліктерінің қозғалысы назардан тыс қалып отыр Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауының негізгі түйіні болған жолдардың жағдайы облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесінде тағы қаралды. Өйткені бұған дейін де мәселесі арагідік кеңестің күн тәртібіне қойылып келген аймақтың автомобиль жолдары – ұлттық экономикамыздың күретамыры екені анық. Елбасы айтып өткендей, шын мәнінде бүгінгі нарықта қайнаған тіршілік – нағыз күре жолдардың бойында. Сондықтан да, «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады», – деген болатын Елбасы былтырғы 11 қарашадағы Жолдауында. Аппараттық кеңестің күн тәртібімен таныстырып өткен соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдымен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевті тыңдады. Ол облыс аумағындағы автомобиль жолдарының қазіргі жағдайы жайлы хабарлады. Сандарды сөйлетcек, облыста пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы желісі 5184 шақырымды құрайды. Оның ішіндегі 1056 шақырымы – республикалық, 2210 шақырымы облыстық және 1918 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар екен. Р.Байтелиевтің айтуынша, облыс әкімдігі соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 23,6 миллиард теңге жұмсапты. Нәтижесі мынадай: 2010 жылғы автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жүз пайыздың жартысына жетсе (54,6 пайыз), жоғарыда айтып өткен бес жылдағы игерілген қыруар қаржының арқасында көрсеткіш 70 пайызға жеткен. Ендігі меже – осыны 74 пайызға жеткізу. Бұл – биылдыққа жасалған жоспар. – Осыған байланысты, 2015 жылға жергілікті маңызы бар автожолдар мен көшелерді жөндеу мен күтіп ұстауға 6,8 миллиард теңге жұмыс жобалары әзірленіп, тиісті қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатқа 6 шақырым жол күрделі жөндеумен қамтылса, орта жөндеумен 296 шақырым жол, 3 құбыр, 1 көпір қамтылмақ, – деді Р.Байтелиев өз хабарламасында. Басқарма басшысының хабарлауынша, бүгінгі таңда облыстық мәндегі автожолдарды ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау, орта жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары толық аяқталып, анықталған мердігер ұйымдармен келісім-шарттар жасалған екен. Енді арнайы әзірленген жұмыс кестесіне сәйкес 1 сәуірден бастап облыстық мәндегі барлық жолдарда су өткізгіш құбырлармен оның арналарын қоқыстан тазалап, жол бойы элементтерін әктеп-сырлау жұмыстарымен қатар, жол жиегін тегістеу мен қыс кезеңінен кейін пайда болған шұңқырлықтарды жөндеу жұмыстары басталмақ. Алайда, жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бағытындағы жұмыстар төңірегінде Рахманқұл Байтелиевтің аудан әкімдеріне айтар уәжі бар екен. Өйткені, өңірлерде кемшіліктер бар. – Аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуіне жергілікті атқарушы органдар тарапынан толыққанды мән берілмеуде, көбіне жөндеу жұмыстарымен елді мекендер көшелері қамтылады. Аудан жолдарының қанағаттанарлықсыз жағдайдағы 1020 шақырымның тек 63 шақырымы ғана немесе 6 пайызы қамтылған. Бұл өз кезегінде, жоғарыда көрсетілген (74%) индикаторлық көрсеткіштің орындалмауына қауіп төндіреді. Мәселен, 2014 жылы Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Қордай аудандары бойынша аудандық маңызы бар автожолдарын орта жөндеу жұмыстары мүлдем қарастырылмаған. Ал 2015 жылы Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында аталған кемшіліктер орын алып отыр, – дейді басқарма басшысы. Хабарламашының айтуынша, жергілікті жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына аудандардың әрқайсысына орта есеппен 15-20 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Биылғы қыста қардың аз жауып, суық күндердің де аз болғанын айта келе облыс әкімі қар күреуден қалып қойған қаржыны ретін тауып, жол тазалау техникаларын сатып алуға аудан әкімдеріне кеңес берді. Дегенмен, жергілікті маңызы бар жолдардың қысқы күтіміне бұған дейін басқарма жауапты болып келсе, енді аудан әкімдіктеріне тапсырылып отыр. Бұл жобаның тиімді не тиімсіз екенін білу үшін Кәрім Нәсбекұлы Рахманқұл Байтелиевке сұрақ қойды. Басқарма басшысы мұның ең алдымен аудандағы жергілікті жол күтіміне жауапты мекемелерге тиімді екенін жеткізді. Себебі, жылда осы бағытта жұмыс жүретін болса, аудандардың базалық-техникалық әлеуеті жақсарып, нығая түспек. Кәрім Нәсбекұлының айтуына қарағанда, мұндай өзгеріске кезінде алдымен аудан әкімдері мүдделілік танытқан екен. Алайда, орын алған кемшілік бойынша облыс басшысының сұрағына жауап берген Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев өздеріне мұның тиімсіз екені жөніндегі пікірін білдірді. Бұл мәселе төңірегінде әлі де жұмыс жүргізілу керектігін айтқан облыс әкімі мұнымен айналысуды бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке жүктеді. Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел», «Ақкөл-Ойық-Ұланбел», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автомобиль жолдарында да ақаулар көптеп орын алған. Өйткені бұл жолдармен Қырғызстанға бағыт түзеген тұз тасушы алып жүк көліктері тоқтаусыз жүйткіп жүр. Салдарынан шамамен 1 миллиард теңгедей қаржымен қайта жөнделген жолдардың кейбір бөліктері мезгілінен бұрын бұзылуда. Оған Оңтүстік өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының облыс бойынша №1 филиалы басшысы Арман Ақылжанов былтыр 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салғандарын айтып ақталмақшы болғанымен облыс басшысы инспекцияның жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Тіпті, орынбасарларына инспекцияның үстінен қарайтын министрлікке мұндағы мамандарының жұмыстары жайлы арнайы хат жолдап, тиісті шара қабылдауға ұсыныс беру керектігі жөнінде де тапсырма жүктеді. Ашығын айтқанда, облыстағы жолдардың басым бөлігі өткен ғасырдың 1960-1980 жылдары салынған. Олардың қара шағалды жамылғылары ары кетсе 6 тоннаға дейінгі есеппен төселген. Ал, қазір сол жолдармен бүгінгінің 40-60 тонналық ауыр жүк көліктері жүруде. Басқарма тарапынан көктем мезгіліндегі жол төсемінің қатты ылғалдану кезеңінде қозғалыс қауіпсіздігі мен автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдауға аудан әкімдеріне ұсыныс хаттар жолданыпты. Сонымен қатар, көліктік бақылау инспекциясына да бірлескен тексерістер жүргізу кестесі әзірленіп, ұсынылған екен. Алайда, инспекция тарапынан жергілікті маңызы бар жолдардағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау, оларға нақты шара қолдану назардан тыс қалып отыр. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғанова да қосымша хабарлама жасады. Ол филиалдың 2015 жылға қарастырған іс-жоспарға сәйкес атқарылатын ағымды жөндеу және күтіп-ұстау, орташа жөндеу жұмыстарымен таныстырып өтті. Сондай-ақ, 2015 жылға республикалық мәні бар автожолдарды ағымды жөндеуге, күтіп-ұстау мен көгалдандыруға 600 миллион теңге бөлінген. Келесі мәселе бойынша тағы да Р.Байтелиев хабарлама жасады. Ол еліміздегі көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын баяндады. Президенттің 2014 жылғы 13 қаңтарда №725 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында 2020 жылға дейін 10 автостанция, 10 жолаушыларға қызмет көрсету пункттері және 79 такси тұрақтарын салу жоспарланған. Сонымен қатар, бағдарламаның 2-кезеңінде 2017 жылы Мойынқұм ауданындағы әуеайлақты қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу қаралған. Хабарламадан білгеніміздей 2014 жылы Тараз қаласында жаңа автостанция және Б. Момышұлы ауылында жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жамбыл ауданы Аса ауылында автостанция құрылысына жер телімі бөлініп, автостанцияның құрылысын, «Нұрабай» ЖШС ағымдағы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Ағымдағы жылы Б.Момышұлы және Қордай ауылдарында жаңа автостанцияларды салу жоспарланған. Облыс әкімі Қазақ хандығының 550 жылдық тойы кезінде қонақтарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Тараз қаласы әкіміне қаладағы барлық автотұрақтарды реттеуді тапсырды. Одан бөлек, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбековке жолаушылар тасымалымен айналысатын тұлғалардан салық өндіру ісін жүктесе, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековке автостанциялардағы жұмысшылардың тіркелуі жайын тапсырды. Кеңесте күн тәртібіндегі және одан өзге қаралған мәселелер бойынша облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев орынбасарлары мен аппарат басшысына және бірқатар басшыларға тиісті тапсырмалар беріп, жұмыстардың уақтылы қадағалануын міндеттеді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді