«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аталар аманаты

Аталар аманаты
ашық дереккөз
Аталар аманаты

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Өнер» бөлімінің оқытушылары М.Есіркепова, М.Дүйсенова, Е.Қарабеков, М.Қасымбаевтардың ұйымдастыруымен жоғары курс білімгерлері арасында шеберлік класы өткізілді. Бұл шеберлік класы білімгерлердің теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, сұлулықты, әсемдікті сезінуге, эстетикалық талғамдарын арттыруға бейімдеп, болашақ мамандардың кәсіби шеберліктерін  шыңдап, шығармашылық жетістіктерімен бөлісу мақсатын көздеді. Қазақтың мәдени құндылықтарының ішінде ұлттық өнер ерекше дамыған.  Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың күнделікті өмір салтына байланысты халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттіліктен туындайды. Сол сияқты күнделікті тұрмыс қажеттілігінен туындаған өнер деп қолөнерді айтуға болады. Табиғаттың бай қазынасы – темір, ағаш, тас, балшық, тері, жүн, аң мүйіздерін ата-бабаларымыз кеңінен біліп, өз істеріне жарата білген. Тек пайдаланып қоймай, жасаған бұйымдарына әртүрлі көркем әшекейлер мен оюлар, адамдар мен жануарлардың бейнелерін әсем безендіріп өрнектеген. Халықтың қолөнерге деген ынтасы бүгінде жойылған жоқ. Осы іс-шарада сол анық аңғарылды. Т.Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылының Октябрь шаруа орта мектебінен келген технология пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Жапарқұлова қарапайым сәнге тағатын, түрлі-түсті моншақтарды қолдану арқылы әртүрлі пішінде жасалатын бұйымдардың жасалу техникасымен таныстырды. Бұл бұйымдарды жасау әдісіне қызығушылық танытушылардың өздері жасап үйренді. Қазақ зергерлері негізінен, түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар шығарған. Әсіресе, күмістен соғылған көптеген сәндік бұйымдар – cәукеле әшекейлері: сырға, шолпы, шекелік алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, сақина, қапсырма – ертеден-ақ кең тараған заттар. Ерлерге арналған – кемер белбеу, кісе, ер-тұрмандардың  күмістелген, алтынданған әшекейлердің неше түрлісі өте әдемі жасалды. Халық шеберлері темірден жасалған кейбір үй бұйымдарын да әдемілеп көркемдеуге тырысты. Олар жұмырлап соғылған темірден үш бұрышты ошақтар жасады, ал аяқтарының өн бойын мүсіндеп, өрнектеп көркемдеді.

Шолпан Рүстемова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар