«Астана Арландары» «Баку оттарын» бағытынан жаңылдырды
Бүкіләлемдік бокс сериясының оныншы туры аясында «Астана арландары» Шымкент шаһарында ежелгі бәсекелестеріне айналған Әзірбайжанның «Баку файрс» («Баку оттары») командасын қабылдады. Бұған дейінгі маусымдарда да жолдары жиі түйіскен қос команда алма-кезек жеңіс тойын тойлап, ит жығыс түсіп жүретін. Биыл қос ұжымның алғашқы айқасында жерлестеріміздің мерейі үстем болып, Губа қаласынан (3:2) жеңіспен оралған. Сол үрдіс осы жолы да жалғасын тапты. Шымкент қаласындағы жеңіл атлетика кешені жанкүйерлерге лық толды. Матч басталмай тұрып, командамызға жанкүйерлік танытуды бастап кеткен жергілікті жұртшылықтың қолдауы кездесу барысында да толастаған жоқ. Ол қолдауды 52 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев та айқын сезінді. «Баку файрстың» ресейлік легионері Мұрат Рабадановпен рингке көтерілген Олжас бұл жолы да жасындай жарқырады. Ә дегеннен Рабадановтан жылдам екенін байқатты. Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында бұған дейін тек қана сырт алаңда жұдырықтасып жүрген жамбылдық боксшы жергілікті жанкүйерлер алдында еркін ойқастады. Аяққа еркін ойнап, қарсыласын сол қолымен жасқап барып, оң қолын қақ шекеге де, жаққа да, бүйірге де дөп тигізіп жатты. Сәттібаев сәтті шабуылдан кейін әдемі қорғанып, лезде артқа шегіне білді. Бес раунд бойы Рабадановтың сілікпесін шығарған Олжастың жеңісін төрешілер бірауыздан мақұлдап, бес раундта да басымдықты біздің боксшыға жазды. Осылайша алғашқы кездесуде Олжас қарсыласын ойсырата ұтып, команданы есепте алдыға шығарды. Мұнан соң рингке жергілікті боксшы Закир Сафиуллин беттеді. 60 келідегі саңлағымыз бұл жолы бүкіләлемдік бокс сериясында әбден ысылған, тәжірибелі Альберт Селимовпен жұдырықтасты. Бұған дейін екі мәрте жеңіліске ұшыраған Закир осы жолы жергілікті жанкүйерлердің қиқуымен тек қана жеңіс үшін шайқасты. Бес раунд бойы Селимовтен кем түсті деп айта алмаймыз. Дегенмен, төрешілер аздаған басымдылықпен жеңіске мейман команданың боксшысын лайық деп тапты. Таразы басы теңескен тұста шаршы алаңға командамыздың хорватиялық легионері, 81 келідегі шымыр боксшылардың бірі – Хврое Сэп көтерілді. Кейін шегінуді білмейтін хорват оғланы Михаил Долголевецті бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Тіпті, Долголевецтің дәрменсіздігін аңғарған рингтегі төреші 5-раундта есеп ашты. Дегенмен, әзірбайжандық команданың белоруссиялық легионері соңына дейін шыдас берді. Қарсыласын құлаштап та, қапталдатып та, төменнен жоғарыға қолын серпе жұмсап та соққының астына алған Сэп айқын жеңіске жетіп, таразы басын командасының пайдасына қарай аударды. Бұдан соң рингке 69 келі салмақ дәрежесіндегі оғландар шықты. Қазақстандық клубтың намысын серияның дебютанты Қанағат Маралов қорғады. Тәжірибесі басым Парвиз Багировпен терезесі тең өнер көрсеткен Қанағат Маралов аздаған басымдыққа ие болды. Осылайша Қанағат матчтағы жеңісті командасына тарту етті. Шаршы рингке бокс кешін түйіндеуге алыптар көтерілді. Қонақтардың сапындағы Хаджи Муртузалиевте Филипп Хрговичтің кеткен есесі бар еді. Өткен маусымдағы жартылай финалдық матчта дәл осы Хаджиға төрешілер жеңісті «жұлып» әпергенін көз көрген. Бұл жолы Филипп барын салатынын айтқан. Бірақ, кездесу ұзаққа созылмады. Бірінші раундтың аяқталуына отыз секунд қалғанда «Баку оттары» командасының бапкерлері рингке ақ орамал лақтырып, боксшыларын арашалап алды. Қорытынды есеп 4:1 «Астана арландары» он кездесудің барлығында жеңіс тойын тойлады. Әр кездесуден кейін боксшылармен тілдестік. Сэпке «басты қарсыласың кім?» деген сыңайда сауал қойсақ, ол: «Мен ешкімнен қорықпаймын. Бәрімен шайқасуға дайынмын» дейді. Филипп Хргович басты мақсаты олимпиада жолдамасын жеңіп алу екенін тілге тиек етті. Ал команданың бас директоры Серік Сәпиев: «Біз үшін әрбір жеңіс маңызды. Алдағы кездесулерде де қазақ елінің үмітін ақтауға тырысамыз. Команда бір отбасы секілді ауызбіршілігі мығым. Демек, жақсы нәтижеге арқа сүйеуге негіз бар» деп өз ойын айтты. Жекпе-жектен кейін жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаевтың да пікірін білдік.
Олжас Сәттібаев, «Астана арландары» командасының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
«Жеңіске жету үшін жан аямаймыз»
– Олжас, жеңіс құтты болсын! Бұған дейін сыртта олжа салып жүрдің. Өз еліміздегі алғашқы кездесуіңе қалай баға бересің. «А» тобындағы боксшылардың қарымын байқап жүрміз. «Украина атамандарының» боксшысы Азат Үсенәлиев Эндрю Сэлбиді жеңді. Кубалық, мексикалық боксшылардың да қарымы жақсы. Өз салмағыңдағы өрендер плей-оффта қарсылас болуы ықтимал. Оларға қарсы іштей дайындалып, бақылап жүрген боларсың...
– Алдымен, «Баку оттары» командасымен әр кездесу тартысқа толы болғанын айта кету керек. Өте мықты командалардың бірі. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Өз еліңде бокстасқан соң жауапкершілікті екі есе сезінесің. Ал «А» тобындағы боксшылардың қарымын жақсы білемін. Оларға қарсы әлі-ақ дайындалатын боламыз. Жеңіске жету жолында жан аямаймыз. Өйткені команда үшін әрбір жеңіс маңызды. Әр ұпайдың орны ерекше.
Енді «Астана арландары» келесі кездесулерін сырт алаңда өткізеді. Алдымен АҚШ-қа ат басын бұрып, жергілікті командамен бақ сынасады. «АҚШ нокаутшыларын» өз алаңымызда 5:0 есебімен жеңген болатынбыз. Бұл матчта команда намысын Теміртас Жүсіпов, Мейірболат Тойытов, Самат Бәшенов, Мейірім Нұрсұлтанов, Василий Левит сияқты боксшылар қорғайды. «Арландар» топта бірінші орынды иеленсе, автоматты түрде жартылай финалға жолдама алатынын да айта кетейік.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Тараз-Шымкент-Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді