«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Наурыз айы келгенде...

Наурыз айы келгенде...
ашық дереккөз
Наурыз айы келгенде...
Түркі тілдес елдердің көпшілігі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтеді. Дегенмен, әр халықтың әз мерекені атап өту дәстүрі, салты әрқилы. Енді солардың бірқатарына тоқталып өтсек. Ежелгі тәжіктер «Наурыз» сөзін «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылар «наусарыз», армяндықтар «навасарди» деп түрліше атаған. Сәйкесінше әр елдің мерекені тойлауда да өз ерекшелігі бар. Новруз байрамы – әзірбайжандықтардың ең басты әрі сүйікті мерекесі. Бағзы заманнан бері онда мереке күндері шаруалар егіншілік жұмыстарын тоқтатып, салт-дәстүр бойынша көңіл көтерген. Байрамның алғашқы күні таң қылаң бере ұйқыдан ояну – міндет. Сосын әзірбайжандықтар жақын маңдағы өзен-бұлақтарға барып, бір-біріне су шашысып ойнаған. Су – тазалықтың белгісі болғандықтан, жаңа жылда жаңа бақыт әкеледі деген нанымға сенген. Ас мәзіріне де көп көңіл бөледі. Дәстүр бойынша әрбір отбасы дастарханға «с» әрпінен келетін жеті түрлі тағам түрлерін қояды. Ол «сумах», «скэд» (аудармасы сүт дегенді білдіреді), «сирке» (сірке суы), «семени» (арнайы бидайдан жасалған ботқа), «сабзи» (түрлі аскөк және т.б.). Бұдан бөлек дастарханға айна қояды екен. Себебі, ерте замандағы елдердің мифологиясы бойынша жер шары алып өгіздің мүйізінде орналасқан. Бір жыл бойы әбден шаршап-шалдыққан өгіз жер бетін бір мүйізінен екінші мүйізіне лақтырып, орнын ауыстырады екен. Дәл осы кезде дастарханға қойылған айна қозғалып, жаңа жылдың келгенін білдіреді. Қырғыздар да бұл күндері ақ дастархан жайып, құрамында ұн, май және шекері бар «сумелек» әзірлейді. Мереке қарсаңында адамдар үй іші мен сыртын тазалап, қарыздарынан құтылған. Егер араздасқан адамы болса, татуласқан. Молшылық болсын деген ырыммен барлық ыдыс-аяққа сүт, айран және бұлақтың таза суын толтырып құйған. Ағайын-туыс пен көрші-қолаң кездескен жерде жақсы тілектерін айтып, жамандық атаулыдан аулақ болуын тілеген. Тұрғындар үстеріне таза немесе жаңа киім киіп, бүкіл ауыл болып жиналған. Онда үлкен өгізді соғымдап, етінен «нооруз кедже» әлде «чон кедже» (үлкен көже) әзірлеген. Көжеге ет, май, күріш, түрлі дәнді дақылдар мен ұн, картоп пен басқа да қоспалар қосқан. «Кавут», «ауз кедже» деген ас түрлері де дастарханнан табылған. Ал бүгінде мереке күндері халық арасында көженің орнына «палау» дайындау кеңінен тараған. Түрікменстанда «Новруз» мейрамы ресми түрде 1992 жылдан бері аталып келеді. Бұл елде дастархан басына бидайдан жасалған тағам түрлері мен халва қойылған. Сондай-ақ, міндетті түрде 7 тағамнан тұратын көже болады. Олар: сипанд (рута дәні), себ, (алма), сиахдане (қара дәнектер), санджид (жабайы зәйтүн), сирке (сірке), сир (сарымсақ) және сабзи (бидай). Дегенмен түрікмендер үшін ең басты тағам бидай сабағынан дайындалған «семене» болып есептеледі. Өзбекстан халқы «Навруз» мейрамына 15-20 күн бұрын дайындала бастайды. Арық-атыздарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктейді. Әр махалля (көше, ауыл) Наурыз мерекесін алдымен өз шайханасында, сосын көршілес шайханаларға барып, көңіл көтерген. Бұл елде тек осы мереке кезінде ғана әзірленетін тағам түрлері «сумәләк» пен ханпалау. Өзбектер де қазақтар сияқты бұл күндері қайырымдылық шараларын кеңінен өткізуге қатты көңіл бөледі. Ирандықтар Наурыз мерекесін бірнеше күн тойлайды екен. Олар аулаға от жағып, оған май құяды. Жеті ақ кесемен ұлттық көжесі «сумалакты» қонақтарға ұсынады. Түріктер мейрамға 2 аптадай уақыт қалғанда бидай өсіріп, «сумаляк» ұлттық тағамын дайындайды. Ирандықтар секілді олар да от жағады. Сол оттан адам 7 рет аттап секіруі керек. Орта Азия елдерінде Наурызда міндетті түрде палау жасалады. Және сумаляк пен гуджа атты тағам да болады. Ауғанстанда әулеттің әйелдер қауымы жиналып сумаляк дайындайды. Көже дайындау бастаңғыға айналып, әңгіме-дүкен, шай ішуге ұласады. Солай түнді өткеріп, таңертең сумалякты таратады.

Дайындаған Эльвира Жарылқасынова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар