«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕРІ ТАМҒАН

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕРІ ТАМҒАН
ашық дереккөз
ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕРІ ТАМҒАН
зергер Абзал Елемесов Жаңатаста тұрады Қазақта қолөнер, оның ішінде, зер­гер­лік, ұсталық ықылым заман­нан бар. Археологиялық қазбалар арқылы табылған жәдігерлердің ішіндегі алтын­мен апталған киім мен әшекей бұйымдары оған дәлел. Ұлт зиялылары Әлкей Марғұлан мен Өзбекәлі Жәнібековтердің ата-баба­ларымыздың өркениетке қосқан мәдени мұраларының теңдесі жоқ екендігі турасындағы тұжырымдары куә. Абзал – сол ұрпақтың өкілі. Оның зергерлікпен айналыса бастағанына мүшел жастан асыпты. Өзінің айтуынша, екінші сыныпты оқып жүргенінде кәдімгі қайыстан қамшы өріп әке-шешесін, туған-туыстарын таңғалдырған. Келе-келе темірден түйін түйіп, білезік, сақина, жүзік жасауды үйреніпті. – Менің ұлттық қол өнерімізге деген қызығушылығымды оятқан туған әпкем Жақсыкүлдің ұлдары Ғабит пен Рашид, – деді ол, – олар – мына көршілес Талас ауданындағы Ақкөл ауылының тумалары. Ғабитты танимын. Оның қолынан шыққан сақина, сырға, білезіктердің сапалылығы қытай, араб, түрік, үнді шеберлерінің жасағандарынан асып түспесе еш кем емес. Абзал Алматыдағы республикалық колледждің стоматология бөлімінде оқып жүргенде жиендерімен бірігіп зергерлікпен айналыса бастапты. Солардың шеберханасында иненің көзіндей жерге ою салуды, алтынмен аптап, күміспен күптеуді үйренген. Жиендерінің шеберханасында жеті жыл шеберлігін шыңдағанын айтады. Ақыры хас шеберге айналған. Абзалдың қолынан шыққан торсық, қамшы тағы басқа бұйымдар өте сапалы, олар қазақтың қошқар мүйізді оюларымен зерленген. Негізінен бұл заттарды сирелет елтірісінен (әбден июі қанып иленген тері) жасайды екен. Ал қалқан, найза, қылыш, оқшантай, жебелерді темірден, ағаштан жасап, сирелетпен қаптайды. Садаққа тау текенің мүйізін пайдаланатын көрінеді. Сондықтан ба, оның бағасы қымбаттау. Найзаны темірден, не ағаштан жасап безендіреді. Хас шебер Жаңатас қаласындағы 6-мөлтек ауданында тұрады. Шеберханасы да сонда. – Тапсырыс берушілер жеткілікті, – дейді ол ағынан жарылып, – мысалы, қазақтың бес қаруы сахналық қойылымдар мен мұражайларға керек. Негізі тапсырыс берушілер Алматыдан, Тараздан келетін сыңайлы. Осы күні «ЭКСПО-2017» көрмесіне не нәрсе қоямыз деген сауал туындап жатады. Әрі шетелдік туристердің қазақтың қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығы ерен. Сондықтан Абзал Артықұлы өз бұйымдарын көрмелерге дайындап, қазақ айбынын, өнерін, мәдениетін жаһанға жаймақ ниетте.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы.

Ұқсас жаңалықтар