Бағытымыз - бес халықтық реформа
мемлекеттік қызметшілерге маңызды міндет жүктелді Барша «нұротандықтар» асыға күткен партияның XVI съезінде айқындалған елімізде алдағы уақытта оңды өзгерістердің орын алатыны мені де қуантты. Бүгінде әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, геосаяси жағдайдың еліміздің экономикасына тікелей әсер етіп тұрған кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы орынды болды. Партия Төрағасының саяси басқосуда «нұротандықтардың» қолдауы ел басқару ісінде өзіне жігер мен қуат беретінін айтып, алдағы уақытта өтетін президенттік сайлауға қатысуға келісім беріп, биік мақсаттарды бағындыруда жаңа міндеттерді жариялады.
Қазіргі таңда, елімізде мемлекеттік билік пен халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағы маңызды мәнге ие. Себебі, ел арасында тараған жалған патриотизм, жеке мүдденің ел алдындағы мүддеден басымдығы, күнделікті тұрмыста орын алатын жемқорлық жағдайлары мемлекетті алға итермелеудің орнына кері қарай сүйреп келеді. Сол себепті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қызметшілерге жаңа талаптарды күшейту, әлеуметтік лифт пен меритократия принциптері туралы маңызды мәселелерді алға қойды.
Мемлекеттік қызметтегі жаңа өзгерістер кадр тетіктерін – мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тәртібін, үздіксіз кәсіби өсу мүмкіндігін, жұмыс нәтижелері мен ынталандыру жүйесінің өзара байланысын қалыптастыруға бағытталған.
Командалық ауысуға тежеу қою мақсатымен бір мемлекеттік органнан екінші бір басқа органның бос лауазымдарына ауысу тәртібімен тағайындау мүмкіндіктері шектелді. Көрсеткіштерге сүйенсек, шектеу енгізілгенге дейінгі жылдарда өңірімізде жыл сайын 1000-нан астам ауысу жолымен тағайындаулар жүзеге асырылатын. Мемлекеттік қызметтің реформасы нәтижесінде 2014 жылы нақты көрсеткіш екі есеге азайған. Дегенмен, бұл бағытта әлі де меритократия қағидаттарының сақталуын тыңғылықты қадағалауымыз қажет.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысының тиімділігін және сапасын айқындау үшін олардың қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесі енгізілген. Дәл солай өткен 2014 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмыс тиімділігіне алғашқы бағалау өткізілді. Дегенмен, бұл үдерісте кәсібилік қажет. Яғни, алдағы уақытта бағалауды формализмге айналдырмай, жүйелі талдау жүргізе отырып, персоналды басқару қызметтері бағалауды шынайылықпен жүзеге асыру міндетіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімізде «меритократия» қағидатын ұстану, жемқорлыққа қарсы тосқауыл болуда жүйелі жұмыстар атқару – біздің басты міндетіміз. Осы тұрғыда Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттік қызметке қабылдау үшін қойылатын талаптарды қатаңдату, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудан өткізу туралы мәлімдемесі қарапайым сөзбен айтқанда, билік жолында опасыздық танытпайтын, қазына қаражатын қалтасымен шатастырмайтын, тек Отанға адал қызмет ететін азаматтарды қызметте қалдыру, яғни «електен өткізуді» қажет етеді. Сәйкесінше, мемлекеттік органдардағы жемқорлық көріністерін болдырмаудың бірден бір құралы – жалақы көлемінің әсерін ескеретін болсақ, жұмыс нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, яғни қызмет пен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру, мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономиялы етіп жасау, ағымдағы позициялылықтан мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу бастамасы да нәтижелерін беретіні анық.
Өмірдегі барлық жаңарулар уақыт пен заман ағымына сай жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет жүйесін әділдік, адалдық, тиімділік және ашықтық принциптеріне сай дамытып, талаптарға сәйкестендіру қоғамымыздағы бірліктің негізі болып табылады.
Алдағы уақытта Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірлеу, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға өзгерістер енгізу мәселелері де өзіндік маңызға ие екендігін атап өткен жөн. Өйткені, алпауыттармен арпалысуға, бәсекеге қабілетті қоғам құруда бірінші кезекте – тәртіп қажет.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының тарихи мәжілісінде айтып өткен бес институттық реформаларды шындыққа ұштастыру баршамыздың бағындыруға тиіс белесіміз деп есептеймін.
Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді