Күн ұясына батар шақта Ерлан қалаға бет алды. Ол Астанадан қашық емес ауылдың бірінде тұрады. Жазда құрылыста жүргенімен, қыста жұмыссыз. Балаларға бас-көз болып, үйде жатады. Тек әйелі қаладағы үлкен сауда орталығындағы кинотеатрда жұмыс істейді. Ол кеш шығатындықтан Ерлан ауылдан келіп жұмысынан алып кетеді. Жол ортада көліктер аялдайтын бір ғана жер бар, онда бірнеше жүк көлігі және бір автобус аялдап тұр. Одан бірер шақырым ұзаған бетте жол шетінен қарауытқан сұлба қараң ете қалды. Жақындап келгенде байқады, жеңілдеу киінген 12-13 жас шамасындағы қыз бала. «Ойбуу-у мына суықта неғылып жүрсің, тоңып қалдың ғой» деп іштей күбірледі. Жылдамдықты азайтты. Көлік ышқынып барып, іркіле тоқтады. Қыз көліктің артқы есігін ашып кіріп отырып алды. Жол бойы серік болатын адам отырғанына көңілденіп, «неге айдалада жүрсің?» деп сұрағысы келді. Бірақ кішірек балаға тіл қатудың ретін таппады. «Қой, өзі сөйлессе, сұрайын», – деп кешкі отырыстың жоспарын қайтадан бүге-шүгесіне дейін бір пысықтап кетті. Қалаға 10 шақырымдай қалғанда, жаңағы баладан қай жерге баратынын сұрау керектігі басына сарт етіп келе қалғаны. Сұрауға оқталып, артына мойын бұрғаны сол еді қыз: «Аға айып болмаса, телефоныңызды бере тұрыңызшы, менікі дұрыс істемей тұр», – деп қиылды. Дауысы бір түрлі жабырқаңқы естілді. «Мына бала жылаған ба өзі… Басына не қиыншылық туды екен?» Ойын жинақтап үлгермеді. Қыз біреумен сөйлесіп жатыр. «Аға, неге сол жолы қателікке бой алдырдыңыз… Жолда абайлап жүрмедіңіз бе? Мені қинадыңыз ғой. Ата-анам қалды ғой зар жылап…» Көз жасын жұтып тұр… даусы құмығыңқы, көліктің дауысынан айтқанының Ерланға бірі естіліп, бірі естілмей жатты. Тұтқаның арғы жағындағы кісіні ауыр айыптап сөйледі. «Жас қызға жаманшылық жасаған қандай қаражүрек» деп ойлаған Ерланның бойы бір қызынып, бір суыды. Не қылған қиянат ол? Қараса, қалаға кіреберістегі бекетке бес-алты шақырым қалыпты. Жылдамдықты азайту керек деп ойлағанша телефоны жанындағы орынға сарт етіп құлап түсті. Қыз: «Аға, осы жерден қалдырып кетіңізші», – деді. Жылдамдық тағы да кенет азайды, көлік іркіліп қалғанымен, тоқтай алмай сырғанап келеді. Ерлан мынадай кеште жас баланы далада қалдыра алмайтынын айтпақ болып артына бұрылып үлгермеді. Есік сарт етіп жабылды. Сырғанап бара жатқан көлік біраз сүйретіліп барып тоқтады. Артына қарап еді, әлгі қыз көрінбеді. Жолдың қарсы бетінен де байқалмады. Әрі-бері қарап баланы таппай дымы құрыды. Осы кезде телефоны шу көтеріп қоңыраулата бастады. Көтерсе келіншегі: «Қайда жүрсің? Күтіп қалдым». Жол бойындағы жайтты түсіндіріп созбалап отыратын жағдайы жоқ. Алды-артына қарады, қыздың қарасы көрінбегесін қолды бір сілтеп газды басты. «Жарты сағаттан соң сыртқа шыға бер», – деді келіншегіне. Кіреберістегі бекеттен өтті. Жолдағы полицейлер бұған назар салмады, телефонмен сөйлесіп тұр екен. Есіне қыздың біреумен өз телефоны арқылы сөйлескені сарт ете қалды. Дереу телефонды алып, нөмірді тауып алды. Гудок барып тұр. «Алло, алло» деп қайталаған жігіттің даусы естілді. «Жаңа сізге бір қыз звондап еді…» – деп сөзінің соңын жұтып. «Иә… иә…» дегеннен басқа жауап жоқ. Неден бастап сұрарын білмей абдырап Ерлан тұр. Сәл кідірістен соң, тұтқаның арғы жағындағы жігіт сайрап сала берді. «Аға, сіз көлік тізгінінде шығарсыз?» – деп сұрады. Жауабын күтпестен сөзін жалғай бастады. «Сіздің көлікті тоқтатып жолдан мінген қыз маған телефон шалды. Ол қыз жолай көлігіңізден түсіп қалғасын маған қоңыраулатқан шығарсыз». Мынау бәрін біліп тұр. – Аға, мен мән-жайды түсіндірейін. Сіз бір жерге аялдаңызшы. Тізгінде отырған кезіңізде ештеңе айта алмаймын, – дейді жігіт. – Жарайды, – деп күбірлеген Ерлан бір дүкеннің алдындағы машинаның қасына жанасалай тоқтады. – Аға, былтыр күзде аса бір жайсыз күні жолға шықтым, – деп бастады бейтаныс жігіт әңгімесін. – Қар аралас жаңбыр жауып тұр еді. Жер қатты тайғақ. Өте маңызды шаруамен жолға шығып кеткесін, үйге қайтуға қиынсындым да алған бетімді жалғастыра бердім. Бара жатқан жолымда көлік сирек екен. Ештеңеге ұрынбаспын деп ойлағанмын. Қателесіппін. Бұрылыстың бірін талдар көлегейлеп тұрады екен. Қарсы беттен жеңіл көлік атып шыққаны. Тоқтай алмай барып соғылдым. Олар да жер тайғақ болған соң жолдың ортасымен келе жатқан болып шықты. Есімді ауруханада жидым. Аяғым, бірнеше қабырғам сыныпты. Омыртқам мен басыма зақым келіпті. Бәрін кейін білдім ғой. Сөйтсем көлік иесінің қасында 12-13 жасар қызы, келіншегі болған екен. Жігіт пен келіншегі жеңіл жарақаттанғанымен қызы апатта көз жұмыпты. Менің кесірімнен, әрине. Қыршынынан қиылды ғой. Жігіттің кемсеңдеп жылағаны естілді. – Бауырым, жылама, қой! – Оқиға болғанына бір жылдан асып кетті. Соңғы кезде сол қыз бала, аруағы тыншымаған шығар, осылай маған хабарласып тұрады. Жолда көлік тоқтатып мініп, жүргізушінің телефонымен маған қоңырау шалады. Ылғи айтатыны: «Аға, сол күні неге жолға шықпай-ақ қоймадыңыз», – деп айыптайды. Түнде осылай жиі хабарласатын болды. Сіз көлігіңізге отырғызған, телефоныңыздан қоңырау шалған – сол қыздың елесі… Аға, қорықпаңыз, оның сізге зияны жоқ… Байланыс үзіліп кетті. Ерланның бойы бір суынып, бір ысынды, қолы терлеп кеткен. Жүрегі тас төбесіне шықты. «Елес дей ме? Құдай сақтасын!». Бала кезінде әжесінің: «Елес көрсең «біссімәллаһи» де, соңғы «һи» дегенді қаттырақ айт», – дегені жадында қапты. Бірнеше рет қайталады біссімәлләсін. Рөлді қолына алса, екі қолының дірілдеп тұрғанын байқады...
(Кейіпкердің аты-жөні өзгертілді).
Бек Қараша.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді