«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

110 жастағы Бейсекүл әже

110 жастағы Бейсекүл әже
ашық дереккөз
110 жастағы Бейсекүл әже
Бала кезімізде ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің «Жасымда бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр», – деп Жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай куә болдық. Олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Қазақтың «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейтіні де бекер емес. Осы тұрғыдан алғанда, ұзақ та жасап, көпті де көрген өмір жолы өзгеге өнеге боларлықтай қарияларымыз баршылық. Солардың бірі – өңіріміздің тұрғыны, ғасырдан аса жасап келе жатқан Бейсекүл әжей. Бүгінде жүз он жасқа табан тіреп отырған көргені көп кейуана кейінгі ұрпаққа өзінің жүріп өткен ізімен-ақ сабақ болары сөзсіз. Өйткені өткен ғасырдың басында өмір есігін ашқан Бейсекүл Жарылқапова тағдыры тартқан тауқыметтің ешбірінен жеңілген де, жерінген де емес. Қиындықтың бәрін қасқая қарсы алып, алғы күнге деген сенімін жоғалтпады. Асылдың сынықтары деп осындай жандарды айтатын шығар. Әйтпесе, отарлау тұстағы ұлт-азаттық көтеріліс, одан кейінгі ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, тіпті қайта құру кезіндегі құлдыраулар, тоқыраудың түрлі келеңсіздіктері бәрі-бәрі кейуанаға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Солардың бәрі Бейсекүл әжейдің көз алдында әлі күнге көрініс тауып, көкейінде сайрап тұр. Бірін де ұмытқан жоқ. Қалай ұмытсын, ашаршылықтың азабында нені азық етпеді, одан қалды сұм соғыстың салған зардабынан қара шалы мен жалғыз ұлы бақиға ұзап кете берсе... Бұл хақында әжейдің өзі былай деп тебіренеді: – Мен не көрмедім, Құдай қосқан қосағым Мамыт Жарылқапов екеуміз басымыздан біраз нәрсені өткердік қой. Бүкіл елді жайлаған ашаршылықта таудан алғы-жұмыр қазып қорек қылып, өлместің тамағын қаужаладық. Шалыма ілесіп белорақпен пішен орып, елмен бірге мая-мая шөп жинадық. Таңның атысы, күннің батысы колхозда талмай еңбек еттік. Соғыс жылдарында шалым Мамытты еңбек әскеріне алып, Ресейдің Челябі қаласында заводқа жұмысқа салды. Ұлым әскер қатарына алынып, қайнап жатқан майдан даласына түсті де кетті. Келінім Мінтай екеумізге ауылда ала таңнан қара іңірге дейін еңбек етуге тура келді. Қап-қап бидай көтеріп, ауданға тасыдық. Ол ғана емес, темір дөңгелекті жер айдайтын тракторлар болатын ол кезде, соған бір-екі шақырым жерден шелекпен су жеткізу жұмысы да біздей нәзік жандылардың мойнына артылды ғой. Солардың бәрі бізді босатқан жоқ, қайта қатайта түсті, – дейді өткен күндердің бейнетті жылдарына ой жүгірткен Бейсекүл әже. Біз де әжейдің әлпетіндегі әр әжімнен сондағы ақжаулықтылардың нәзіктіктерін ұмыттырған ауыр жылдардың жүзін байқағандай едік. Жалғыз ұлы соғыстан жараланып, әйтеуір елге оралғанда соған да шүкір еткен әжейдің қуанышы көпке созылмады. Соғыстан кейінгі жылдары жұбайы ауыр тірліктен алған ауруы асқынып, көз жұмса, майдан даласында дарыған жарақаты дендеген ұлы Ұрғұлжа сал болып, арбаға таңылады. Бар тірлік тағы да әжей мен келінінің мойнына артылады. Ақыры, араны ашылған ажал әжейдің жалғыз ұлы Ұрғұлжа Мамытовты да алып, әкесінің артынан бақиға ұзатады. «Бір айналғанды шыр айналдырады» деген бар емес пе, қатарынан төнген қазаға қайғыланған келіні Мінтай да ішқұса болып, дертке шалдығып, зайыбының артынан аттанғанда Бейсекүл әжей шиеттей немерелерімен жалғыз қалады. Сондағы ұл-келінінің соңынан өрбіген немерелерінің кенжесі емізулі шақалақ болған екен. Міне, сол тұстағы заманның запыраны тамып тұрғанына қарамастан, ақ жаулықты кейуана немерелерінің барлығының өсіп-жетілуін өз мойнына алған соң, таңнан-таңға талмай еңбек етуіне тура келеді. Қашаннан қара жұмысқа еті өлген ол мойнына түскен батпан қайғыға еш мойымады. Ұлынан қалған немерелерінің тұңғышы Мәдуарбекті әу бастан бауырына басты. Содан шығар, әжесіне қолқанат болуға талпынған Мәдуарбек ерте есейіп, еңбекке араласады. Әжесі екеуі колхозда жұмыс жасап, мал да бағады. Кейінірек 1974 жылы біржола қалаға көшіп келеді. ПОШ-та (жүн өңдеу фабрикасы) жұмыс жасайды. Біраз уақыттан соң фабрика жабылып Мәдуарбек жұмыссыз қалады. Еңбекке ерте араласқаннан ба, әжейдің ұлындай болып кеткен үлкен немересі Мәдуарбек Ұрғұлжаев сырқаттанып ердің жасы елуден өте бере өмірден озады. Осындай ойдым-шойдым өмір жолынан көресіні әбден көрген әжей бәрібір сына қойған жоқ. Алпыстан асқан шағында шөбересі Мәдиді бауырына басады. Жөргектегі шөбересіне мейіріммен еміренгені соншалық, алпыстан асқан шағында балаға деген сүйіспеншіліктен омырауына сүт бітіп, емізген Мәдиі бұл күнде есейіп Бейсекүл әжейді өз қолына алып, бағып отыр. Қазіргі таңда немере, шөберелерімен бірге он жеті жан бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқан Бейсекүл әжейдің өткен күнге деген өкпесінен гөрі, осы күнге деген тәубесі басым. Ол егемен еліміздің қазіргі жағдайының әлдеқайда жақсарғанын ниетіне негіз ғып, шүкір етіп отырады. Екі ғасыр куәгері атанып отырған әжейдің бір ғана үміт-тілегі бар. Ендігі осы жасында шиеттей бала-шағасымен тар бөлмеде тарылып отырған тынысы әжейдің ойын онға, санасын санға бөледі. Көпті көрген ол: «Кеңірек, жайлы баспаналы болсам, армансыз бір марқайып қалар едік. Немере-шөберелерімнің алдында көрген-білгенімді әңгімелеп, ақылман әже атанып отырсам, мен үшін одан артық бақыт бар ма?..» – дейді қария. Иә, ғасырдан жасы асқан Бейсекүл Жарылқапованың өмірі кім-кімге де сабақ десек, қателеспейміз.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар