Құммен сурет салған Рахат
Балалық шақта құммен ойнамаған бала жоқ шығар. Қазір осы құм сурет салудың құралына айналды. Тың өнер біздің елде баяу дамып жатқанымен, шетелдерде таралу қарқыны жақсы көрсеткішке ие. Десек те, тараздықтар өнердің қай түрін болмасын тез игере алады. Құммен сурет салуды жетік үйренген жанның бірі – облыстық театрдың суретшісі Рахат Сапаралиева. Суретшінің қолмен салған «Ақ кеме», «Гамлет», «Арғымақ» тақырыбындағы еңбектерін көз көрді.
Әуелі құммен сурет салуды кім шығарды деген сауалға жауап іздеп көрелік. Құммен сурет салу – өткен ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та пайда болып, Батыста қанат жайған жас өнер. Қас-қағым сәтте әйнек бетіне құммен салынған ғажап суреттерді үп еткен жел немесе болмашы қимыл бұзып кетсе де, осынау нәзіктікті көрген жан әсерсіз қалмасы сөзсіз. Алғашында құммен сурет салу мультфильм, анимациялық фильм шығару үшін пайдаланылыпты. Осы өнерді игерем деуші адам үшін ең бастысы – шеберлік. Себебі суретшіден тек әйнек бетіне бейнелерді түсіріп қана қоймай, құмды сезіне білу қабілеті талап етіледі. Әзірге Тараз қаласында бұл өнерді үйренетін мектеп тапшы болып тұрғанымен, келешекте олқылық түзеледі деген ойдамыз.
– Құммен сурет салу – жалпыға ортақ өнер. «Құмға салынған сурет – адам жан-дүниесінің бір көрінісі. Сол арқылы ешкімге айтылмаған ішкі сырды ақтаруға болады». Құм терапиясының негізін қалаған швейцарлық психолог Дора Кальф осылай жазады. Сәби үшін негізгі пайдасы – саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан әрбір клетканы оятады екен. Жүйке жүйесін де тыныштандырады. Балабақшада құммен сурет салу әдісін қолдану ыңғайсыз. Өйткені, баланың аты – бала, құмды уыстап жерге шаша салуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, құм терапиясы баланың ішкі сезімін басқаруына, өзіне деген сенімін арттыруға, қиындықпен күресуге де көмектеседі. Жүрекпен сезінетін өнердің тұнығына бойлау үшін жүректің қалауы қажет және ол үлкен ынтаны талап етеді, – дейді облыстық театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева.
Р. Сапаралиева – майлы бояумен жан бітірудің хас шебері. Бізді қызықтырғаны құммен салған суреттері болғандықтан оны да көрсетті. «Өнердің осы түрінде ең бастысы – әйнектің астынан түсірілетін жарық» дейді ол. Құмды сепкен кезде үстінен бастастырған сайын реңкі өзгеріп, суретке ажар кіргізеді. Оның құммен салған ең алғашқы туындысы – «Қазақстан-Тараз» арнасындағы жұлдызды жорамалдағы он екі белгі. Әйнек бетіндегі бейнені салу үшін әрі кетсе бес минут уақыт керек екен. Одан соң сол бейнені әдемілеп суретке түсіріп алған дұрыс. Әйтпесе, салынған әрбір сурет өшіп кетеді. Бұл туралы Р.Сапаралиева: «Талай сурет салдым, әттең, сол сәтті бейнелерді таспаға түсіріп алмағаныма өкінемін. Шәкірт тәрбиелеуге де болады. Ол үшін оқушының әйнек тақтасы болғаны дұрыс. Құммен сурет салуды сурет салуға ебі бар талапкер тез меңгереді», – деді. Сурет саласындағы тың технологияға жаны құмар суретші әпкеміз құммен сурет салу да уақытына қарай ескіріп, қазір Жапониядағы суретшілер жасанды будан ауада иллюстрация тудырудың жолын тауыпты деп жаңалығымен де бөлісті. Кәсіби суретші алдағы уақытта бұл әдісті де байқап көрмекші. Құмға жан бітірген суретшінің ісіне біз де тілекшіміз.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді