«Тараз» биыл өте жақсы ойнауы керек
облыс әкімі футболшылармен кездесу барысында осылай деді Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы 7 наурыз күні басталады. Төрт этаптан тұратын оқу-жаттығу жиынын сәтімен аяқтап келген «Тараз» футбол клубының басшыларын, бапкерлер құрамы мен ойыншыларын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, команда алдына үлкен міндеттер қойды.
Аяқдоп шеберлерінің жай-күйін бағдарлаған облыс басшысы команданың бас бапкері Евгений Яровенкоға сұрақты төтесінен қойды. «Төрт бірдей оқу-жаттығу жиынын өткізген жігіттердің дайындық барысы қалай? Көңілге қона ма?» деген Кәрім Нәсбекұлының сауалына бас жаттықтырушы: «Оқу-жаттығу жиыны барысында әртүрлі құраммен 12 жолдастық кездесу өткіздік. Сөйтіп ұжымның негізгі күшін анықтадық. Команда жаңа маусымға тас-түйін дайын», – деді. Сонымен қатар, ол командаға жаңадан келіп қосылған ойыншыларды таныстырып өтті. Олардың қатарында тәжірибелі қақпашы Александр Григоренко, жартылай қорғаушы Евгений Аверченко, «Қыран» намысын қорғаған шабуылшы Санат Жұмаханов, румындық легионер, қорғаушы Иоан Мера, украиндық легионер, шабуылшы Александр Пищур секілді ойыншылар бар. Одан бөлек, «Тараздың» қосалқы құрамынан бірқатар ойыншы шақырту алса, өткен маусымда «Шахтер» жейдесін киген шабуылшы Шерхан Бауыржан өз командасына оралып отыр.
Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Өткен маусымда Арно Пайперс кеткен соң тізгінді өз қолыңызға алдыңыз. Ол жылы бәлкім орта жолдан команда ісіне араласқан соң ойын онша жүрмеген болар, биыл команданың ішкі ісіне мен араласқан жоқпын. Өзіңіз жасақтадыңыз, енді әдемі ойын күтеміз. Үлкен қалалардың бюджетінен қаржыларыңыз кем емес. Біздің облыс өндіріс саласында да, экономика жағынан да жоғары өрлеп келеді. Сол жоғары нәтижені сіздерден де күтемін. Бойларыңызда патриоттық рух болсын, «келдім, ойнадым, кеттім» дейтін пиғылдан аулақ болғанда ғана команда жетістікке жетеді. Бәріңіз біріңіз үшін, біріңіз бәріңіз үшін ойнауларыңыз керек. Өткен жылы, Эдуард Сергиенко, «Ертіспен» ойында қарсыластың айтағына еріп кеттің. Биыл ондай жағдай орын алғанын, ойыншының алаңнан қуылғанын қаламаймын. Александр Григоренко, былтырғы маусымда қақпашыға асырған пасты қақпашы қолымен ұстап алып, жоқ жерден қақпаға айып добы белгіленген кездер болды. Мұндай болмашы қателік қайталанбасын. Тәжірибеңді көрсет, командаға көмектес. «Астананың», «Шахтердің», «Ақтөбенің» ойыншыларының үш аяғы, болмаса үш көзі жоқ. Сондықтан нәтижелі ойын күтемін. Мүмкіндігінше жоғары орынға ұмтылыңдар. Қатарынан бес жеңіліске команданың ұшырағанын көргім келмейді. Біз де жанкүйерміз. Былтырғыдан басқаша ойнаңыздар. Чемпионат барысында мейрамхана кезіп, сыра қылғытқан ойыншылармен келісім-шартты бұзамыз. Ондай болмауы керек. Істеріңе сәттілік. Жанкүйерлердің көңілінен шығыңдар!» – деп нақты тапсырма берді. Өз кезегінде бас бапкер Евгений Яровенко кемінде команда жетінші орыннан көрінетінін мәлімдеді. Көрейік. Жетінші наурыз күні жерлестеріміз өз алаңында «Шахтерді» қабылдайды. Ойын түскі үште өтеді. Өз командамызға жанкүйер болайық!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді