Шақпақатадан шыққан батыр

Шақпақатадан шыққан батыр
ашық дереккөз
Шақпақатадан шыққан батыр

Дмитрий Пахомовтың ерлігі көпке үлгі

Дауылпаз дәуір доңғалағы өткен күндердің бейнесін көмескі тартқызғанымен, ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Аты да, заты да сұрапыл сұм соғыс – құдды бір күйретуші күш сияқты. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал ма дерсің. Баланы жетім, келінді жесір қылып, ананың аяулы жүрегін сыздатқан күннен бері жетпіс жыл уақыт өтсе де, бәрі сана саңлауында жаңғырып тұр. Бұл күнді соғыстың алғы шебінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің үлгісін көрсеткен ардагерлер ерекше тосады. Сұрапыл майданға қатысқан қариялар қарасы жыл санап азайып барады. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың жеңіс күнін, ұрпақ та, тарих та зердесінен шығармайды. Ол – өмір заңы. Сол кездегі Кеңес одағының басқа халқымен бірге жауды жайпап, жеңіске жету жолында қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.

Бауыржан Момышұлы былай дейді: «Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғаны аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз бар. Ұлы Отан – туған елім, туған жерім. Ұлы Отан жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір отбасы жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Жауынгердің сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсысымыздың көз алдымызда. Мен өзім қырық жылғы қырғында аман қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлердің қаза тапқанын мен өз көзімменен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың иманы жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті. Имандары жолдас болсын». Қиян-кескі соғыста әрбір жауынгер батырға тән ерлік көрсеткені даусыз. Бүгінгі ұрпақ сол батырлардың есімін толық біле бермейді. Майдан даласында ерлікпен қаза болған сондай батырдың бірі – Дмитрий Пахомов. Ол 1920 жылы 11 наурызда Жаңасібір облысы, Қызылкөлге қарасты ауылда туылған. Төрт сыныптық мектепті тәмамдаған соң Қазақ ССР-де тракторшы болып жұмыс істеген екен. Пахомов 1942 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық әскери комиссариатына әскердің сапына шақырылады. Ұрыс даласына 1943 жылдан бастап араласты. Жиырма бес жасар жігіт 1945 жылдың қаңтар айында Беларусь фронтында жаяу әскер полкіне қарасты гвардиялық артиллерия, 11-гвардиялық танк корпусында жүргізуші-механик болды. Украина, Польшаны жаудан азат етуде ерен еңбегімен көзге түсті. Қырық бесінші жылдың 16 қаңтары. Қақаған қыс. Пахомов өз экипажымен Сохочев бекетінің темір жолын торуылдауға, шабуылдауға енді. Табандылық танытып жау эшелоның бөгеді, қандыкөйлек жолдастары поровозды отқа орады. Сол күні түн ортасында қорғаныстағы неміс әскеріне бет алған тағы бір эшелонның жолын кесті. Жаудың қабырғасын сөгуде қайсарлық танытқаны үшін Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша 1945 жылдың жиырма жетінші қаңтарында гвардия сержанты Дмитрий Пахомов Кеңес Одағының Батыры атанды. Қарша бораған оқтан періштесі жебеп жүрген сержант сол жылдың бесінші наурызында қатты жараланып, Старгард-Щециньск госпиталінде көз жұмды. Бозбала шағында Жуалы ауданы, Шақпақ ата ауылында қарапайым жұмысшы болған Дмитрий тағдыр жазуымен отқа оранған майдан даласында ерлік көрсетті. Жас буын мұны білуі тиіс. Ерлікке тағзым ету – борыш.

Қанат Тілепберген,  «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар