Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды
ашық дереккөз
Асық ойнаған азбайды

дейді асық атудан еліміздің аға бапкері Жомарт Сабыржанов

Таяуда өңірімізге асық атудан еліміздің аға бапкері Жомарт Сабыржанов арнайы келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. – Бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл аударылып отырғаны белгілі. Асық ойынын әрбір қазақ ойнайды. Соңғы жылдары спорттың осы түріне айрықша назар аударыла бастады. Өскеменнен басталған жарыстар лайықты жалғасын тауып келеді. Жылына кемінде 2-3 жарыс өткізіледі. Елбасы күніне орай ашық турнир жылда ұйымдастырылып жүр. Алла қаласа жасөспірімдер арасындағы дода биыл тамызда Тараз шаһарында өтуі керек. Елімізде 78 мектепте асық ойнату үйірмесі бар. Халықаралық жарыс өткізу де жоспарымызда баршылық. Оған Маңғолия, Тәжікстан елдерінен де адамдар келуі тиіс. Бүгінгі таңда асық ойынымен 2000 адам шұғылданады. Ұлттық құрамада жамбылдық Дархан Ахмедалин, Бексұлтан Ақылбек, Еркебұлан Әбдіров секілді ойыншылар ойнап жүр. Олар кәнігі мергендер. Бүгінде қақпақыл, бестабан, алшы шыр секілді ойындар кеңінен таралуда. Басты мақсат облыстардан федерация филиалдарын ашу керек. Бүгінгі таңда төрт облыста ондай филиалдардың іргесі қаланды. Енді төрт облыста құрылатын болса, бізге кәдімгідей көңіл бөлініп, мүмкіндігіміз артады. Тарбағатайлық Болат Тағабай есімді азамат 45 мың асық жинады. Ол ЭКСПО-ға дейін асықтарының санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Берлинде Еуропа қазақтарының құрылтайында ұлттық ойынымызды қолдан келгенше насихаттадық. Олар қызығушылық танытып отыр, – деді аға бапкер өз сөзін түйіндеп. Өңірімізде бұл спорттың дамуына жанашырлықпен қарап, қолынан келгенше еңбектеніп жүрген азамат та бар екен. Бауыржан Бейсенбеков қоғамдық негізде тер төгіп, балаларды асық ойынына баулып жүр. Ол дайындаған өрендер ұлттық киімді киіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Жасөспірімдер арасындағы додада өңір спортшылары жеңімпаз атанғаны соған дәлел. Баспасөз мәслихатында ойын ортаға салған Жомарт Сабыржанов «бүгін асық ойнаған азбайды, озады. Өйткені, олар ұлттық спортты насихаттап» жүр дейді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар