«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суперкубок «Астанада»

Суперкубок «Астанада»
ашық дереккөз
Суперкубок «Астанада»

2Маусымашар матчқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты

Футболдан Қазақстан Республикасының кубогы «Астана» футбол клубына бұйырды. Өткен жылғы ел чемпиондары Алматының «Қайратын» ойын соңынан кейінгі пенальтиден жеңді. Тоқсан минут бойы қос команданың ойыншылары бір-бірінің айып алаңын баса көктеп кіруге ұмтыла қойған жоқ. Сәті келгенде бағыттаған соққы­ларын бірде қақпашы қақшып алса, енді бірде футболшылар білгендерінен жаңылып жатты. «Астана» сапында Жуков, Кетевеома, Қонысбаев, Бейсебеков сынды ойыншылар белсенділігімен көзге түсті. «Қайраттың» ойыншылары да шамалары келгенше қақпа маңын торуылдады. Дегенмен, қос команда ойыншылары экстра таймда да қақпа кілтін таба алмады. Осылайша, суперкубок тарихында алғаш рет командалар ойын соңындағы лотереяға жүгінді. «Қайрат» сапынан алғаш серияны бастауға беттеген Аслан Дарабаевтың соққысын қақпашы Ненад Эрич сәтті қайтара білді. Бұдан кейін елордалық клубтың футболшысы Дмитрий Шомконың шірене бағыттаған соққысы қақпадан биік кетті. Бұдан кейінгі соққыны орындаған «Қайрат» ойыншысы Жарко Марковичтің соққысы да қақпашы Эричтің қолынан табылды. Төртінші соққыдан есеп ашылды. Марин Аничич «Астананы» алдыға шығарды. Есесіне Сито Риера есепті теңестірді. Рохер Каньяс былғары зымыранды шірене тепті. Плотников дәрменсіз. «Астана» қайтадан алдыға шықты. «Қайрат» футболшысы Заурбек Плиевтің де ойы іске аспады. Доп апандай қақпаға енбей, алақандай бағанаға тиді. Келесі соққыны «Қайрат» қақпашысы Владимир Плотников қайтарды. Бұдан соң серияны орындауға беттеген Тимур Рудосельский есепті теңестірді. Фокси Кетевеома мүмкіндігін мүлт жіберді. Есеп – тең. Осы сәтте Илья Калининнің соққысын қайтарған Ненад Эричтің қадамын ерлік деуге болады. «Қайрат» қақпашысы Владимир Плотников Абзал Бейсебековтің соққысын қайтара алмады. «Астана» – жеңімпаз! Бас қаһарман – шабуылшылар емес, қақпашы Ненад Эрич. Футболшыларды марапаттау рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. «Астананың» капитаны Таңат Нөсербаевқа кубокты табыстады. Осылайша, «Астана» маусымды сәтті бастады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар