«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көктемнің бір күні жылға азық

Көктемнің бір күні жылға азық
ашық дереккөз
Көктемнің бір күні жылға азық

Биыл облыста су үнемдеу технологиясы енгізілетін алқаптар 87,6 пайызға артады деп күтілуде

Мәжіліс басталмас бұрын облыс әкімі мәжіліске қатысушыларға жақында ғана Елбасы Жарлығымен тағайындалған облыстық соттың жаңа төрағасы Рүстем Алшынбаев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып жаңадан тағайындалған Бағдат Даниловты таныстырып өтіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен... 

Шаруаның мазасын алған кешегі су тапшылығы бүгінгі күнімізге сабақ болғаны анық. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы жаздың аптап ыстығында облыста 45 мың гектарға жуық суармалы алқаптың «тамырына» қан жетпей, қаңсып қалған еді. Салдарынан аймақтың ауыл шаруашылық саласы экономикалық тұрғыдан біраз зардап шекті. Су шаруашылығы мамандары жасаған мониторинг бойынша биыл да мұндай қауіптің қайталануы мүмкін екен. Дегенмен, оны уақыт көрсетер. Бұл қауіпке қарсы шара ретінде биыл облыс басшылығы су үнемдейтін технология енгізілетін алқаптарды 87,6 пайызға арттырмақ. Яғни, былтыр мұндай технология 4986 гектарға орналастырылған болса, биыл 9355 гектарға арттырылғалы отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен өткен алқа мәжілісінде облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Абдалы Нұралиев мәлімдеді. Алқа мәжілісінің күн тәртібінде бір ғана мәселе, көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы талқыға салынды. Ол бойынша Абдалы Нұралиев өз хабарламасында кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл облыстың ауыл шаруашылығы дақылдарының егін алқаптары 557 мың 300 гектарды құрайды деп жоспарланып отыр екен. Бұл былтырға қарағанда 12,4 мың гектарға немесе 2,3 пайызға артық. – Бұл ретте қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша және мал азықтық дақылдардың көлемін арттыру көзделген, – деді басқарма басшысы А.Нұралиев. Басқарма басшысы суармалы судың өсіп-өну кезеңінде трансшекаралық су көздерінен қажетті көлемде берілмеуі және табиғи-климаттық жағдайлардың қолайсыздығы салдарынан су үнемдеу технологиясын ендіру басты мәселе болып отырғанын да айтып өтті. – 2015-2016 жылдары инвестициялық жобалар бойынша өз қаражаттары және қаржы институттары арқылы 830 миллион теңгеге 6151 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделіп отыр. Қазіргі кезде «КазАгроҚаржы» АҚ қаржылай қолдау қоры арқылы барлығы 453,0 миллион теңгені құрайтын 599,8 гектарға тамшылатып суару жүйелерін орнатуға құжаттар дайындалып, ұсынылды. Облыста су үнемдеу технологиясының жаңа әдістеріне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан үлкен қызығушылық туындауда, – деді ол. Жаздық дәнді дақылдардың тұқымы да толық жеткілікті екен. Оның ішінде жаздық арпа 120,4 мың гектарға егілетін болса, қажетті тұқым көлемі 24,1 мың тоннаны құрайды. Тұқымдық зертханаға 9814,4 тонна тұқым тапсырылып, оның ішінде тексерілгені – 8109,8 тонна. Сонымен қатар, мақсары дақылы 81,2 мың гектарға егіледі деп жоспарланған, бұған қажетті тұқым көлемі – 2,8 мың тонна. Бүгінгі күнге зертханаға 787,9 тонна тұқым тапсырылып, оның ішінде сараптамадан өткені – 715,9 тонна. Қант қызылшасын егу мен оны өткеру – бүгінде өзекті мәселелердің қатарында. Себебі, бұл стратегиялық маңызы бар тәтті тамырға деген сұраныс елімізде үлкен болғанымен, оны егетін шаруаларға деген қолдау ала-құла еді. Себебі, қант өндіретін кәсіпорындардың қант шикізатына белгілеген бағасы шаруалардың шығынын өтемейді. Сондықтан, Үкімет әркез мүмкіндігінше субсидия бөліп келеді. – Облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, аудандарға қант қызылшасының көлемін 10,0 мың гектар жерге жеткізу қажет болған. Осы берілген тапсырмаға сәйкес, облыс көлемінде қант қызылшасы дақылын отырғызуға тапсырма алған аудандар 3468 гектар жерге сүдігер жыртып, барлығы 34,7 пайызға орындады, – деген басқарма басшысы бүгінгі күнге облыс бойынша аудандардың берген мәліметіне сәйкес, нақты егілетін қызылша алқабының көлемі 2647 гектар екендігі анықталыпты. Бұл аталған тапсырманың 26,5 пайызын құрайды. Дегенмен, бұл да аздық ететін көрінеді. Өйткені, Абдалы Нұралиев облыс басшысынан басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары үшін дайындалған сүдігердің қажетті көлеміне қант қызылшасы дақылын орналастыруға тапсырма беруін сұрады. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, биыл Қордайда егілетін қызылша көлемі азайтылыпты. Себебі, ол жақта биыл да су тапшылығы болуы ықтимал. – Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасына 620 миллион текше метрге дейін су жинауға болады. Бірақ оның бәрін емес, шамамен 450-480 миллион текше метр ғана жинаймыз. Бірақ, жазда ондағы суды Шу мен Мойынқұм аудандары пайдаланатын болады. Сондықтан су бар жерге ғана қызылша егу керек. Ал Қордайға қызылшаны егіп тастап, ертең су жеткізе алмасақ, жағдай тағы да қиын бола ма деген қауіп бар. Сол себептен, Шу, Жамбыл, Меркі, Байзақ аудандары көбірек ексе болады. Қазір қызылша шаруашылығына Үкімет бөлген 6 субсидияның арқасында тәтті тамырдың әр келісі 13 теңге болды. Пайда бар. Сондықтан жергілікті әкімдер халықпен, шаруалармен жақсылап жұмыс істесе, жақсы нәтиже болады. Қызылша керек бізге. Өйткені біздегі екі қант зауыты Кубадан дайын шикізат алып келіп жатыр. Бірақ оған қарағанда қызылшадан алынатын қанттың сапасы жоғары, – дейді Кәрім Нәсбекұлы. Техникаға тоқталсақ, бүгінгі күнге облыстағы қолда бар 5961 трактордың – 77,9 , 1333 соқаның – 82, 1075 дән сепкіштің – 83, 6306 тырманың – 81, 515 культиваторлардың – 82 және 175 тұқым дәрілегіштің 83 пайызы көктемгі науқанға дайын. Облыс бойынша қант қызылшасын өндіруге қажетті барлығы 114 техника бар. Алқада су шаруашылығы саласында шешімін таппай жатқан кейбір мәселелердің де сұрауы болды. Мәселен, егіс алқаптарына су жеткізетін каналдарды назардан тыс қалдырмаған аймақ басшысы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақовтан каналдардың қазіргі жай-күйін білмек болды. Алайда, жақында ғана бұл қызметке тағайындалған С.Қойбақов каналдар жайлы толық білмейтін болып шықты. Облыс әкімінің сұрақтарына жауап бере алмаған ол облыстағы су қоймалары мен тоғандардың жағдайын өз көзімен көру үшін әлі аудандарды түгел аралап бітпегенін айтумен болды. Барлық аудан бойынша зерделеу жұмыстарын аяқтаған соң облыстың су шаруашылығындағы жағдайды толық баяндайтынын уәде етті. Аудан әкімдері де өздеріне тиесілі су тоғандары мен каналдар жайлы ақпарат беріп өтті. Көптеген каналдарды қамыс басып жатқанын айтып өткен Кәрім Нәсбекұлы онсыз да жеткізе алмай жатқан қолдағы бар судың қадірін түсінуге шақырды. Мәжіліс барысында Жамбыл ауданының әкімі Рүстем Дәулет пен Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев аталған аудандардағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндап шықты. Алқа мәжілісінде көтерілген негізгі және қосымша айтылған мәселелер бойынша облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар