Насихат жөнімен болса

Насихат жөнімен болса
ашық дереккөз
Насихат жөнімен болса

Былтыр облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қолдауымен облыста «дін мәселелері бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыру» атты әлеуметтік маңызы бар жобаны жеңіп алған болатынбыз. Сол жоба бойынша облыстың барлық аудандарында және Тараз қаласында оқыту семинарларын өткіздік. Он ауданды қамтыған оқыту семинарларында көптеген сауалдар көтеріліп, ой-пікірлер алға тартылды. Олардың ішінде маңызы зор жағдайлар да кездесіп жатты. Соның бірі – өңір-өңірлердегі ақпараттық-насихаттық топтарға құрамдық және сандық өзгерістер қажет екені ескерілді. Негізі, бұл ақпараттық-насихаттық топтар облыстық, қалалық, аудандық, тіпті ауылдық округтік деңгейлерде де жұмыстар жүргізіп келеді. Десек те, олардың қай бағанда жұмыс жасап жатқанын, атқарып жатқан шараларының тиімділігі жағынан қарағанда алдымыздан шығатын сауалдар көп. Осы бағыттағы аталмыш жоба аясында қолға алған жұмыстар нәтижесі біраз түйіндерді шешудің жолдарын тауып бергендей болды. Айталық, қазіргі таңда осы ақпараттық-насихаттық топтардың құрамының санын азайту керек деген ұсыныс алға тартылып отыр. Бір ауданның өзінде олардың құрамында жетпіс-сексен мүшесі болса, кейбір аудандарда жүзден асып жығылады. Байқасақ, сол аудандағы, ауылдағы әр саладағы жұмыс мамандарының қаншамасын сол топқа қосып қойған. Олардың ішінде аудан әкімі, аудан әкімінің көмекшісі, мектеп директоры, балабақша меңгерушісі секілді, жастар орталығының жергілікті жердегі әдіскерлері, учаскелік полицейлер, ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауыл-ақсақалдары сол топтың мүшесі болып отыр. Олардың белсенділігін ешкім назарда ұстап отырған жоқ дегеннің өзінде, көбіне жұмыстың денін арнайы бір-екі маманы бар аудандық ішкі саясат бөлімдері атқарып отыр. Әр ауылдық округті аралап, мекемелердің табалдырығын тоздырып, онда іс-шаралар өткізіп, олардың есептерін жинайтын да, оларды қағаз жүзінде толтырып, тапсырып отыратын да сол ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері. Сондағы сексен адамның атынан бес-алты адам бар жұмысты атқарып отыр. Ал кейбір аудандарда ондай қағаз жүзіндегі есеп те жоқ болып шығарына не деуге болады?.. Яғни, осы ретте жұмыстың тиімсіздігі қылаң беруде. Сол себепті, бұл жерде саннан гөрі сапаға назар аудару қажеттілігі туындайды. Әйтпесе, қазақ атам айтқандай, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегеннің кері келіп жүрмесін. Жыл сайын топ мүшелеріне арнайы ақша бөлініп оқытылып отырады. Бірақ ол өз жемісін ойдағыдай беріп отыр дей алмаймыз. Олай дейтініміз, ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жылда жаңарып отыр. Бұл бір жағынан оларды оқытуға кетіп жатқан қаржының ысырапшылдығы болса, екінші жағынан жұмыстың бірізділікке түспей отырғанына себепші. Ендігі кезекте, ең алдымен олардың санын қысқартып, әрі нақтылап, тұрақты түрде жұмыс жасауға көшіру керек. Нақтыланған ақпараттық-насихаттық топтар қалалық және аудандық деңгейдегі тиімді жұмыстармен айналысуы шарт. Сонымен қатар, тағы бір жағдай, әрбір ауылдық округте қаптаған топ мүшелерінің болуы еш пайда бермейді. Ауылдарда тек топтың бір немесе екі өкілі болса да жеткілікті. Сонда ғана біз сапалы жұмыстардың нәтижесіне жете аламыз. Осы секілді көптеген мәселелерді алға тартқан оқыту семинарлары өз мақсатын айқындай алды. «Дін мәселері бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыру» атты әлеуметтік маңызы бар жоба аясында өрбіген аудандардағы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып отырады. Қорыта келе айтатыным, аталмыш жобаның пайдасы cол – жергілікті жердегі ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысының әлсіз тұстарын ашып бергендігінде.

Бауыржан Мөрбеков, «Панорама» ақпараттық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар