ҚазҰУ – отандық білім беру үздігі

ҚазҰУ – отандық білім беру үздігі
ашық дереккөз
ҚазҰУ – отандық білім беру үздігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі ең ізгі, ең ірі, терең білім беретін, тәрбиесі бекем оқу орны. Қазақ халқының талай даналары мен дараларын білім нәрімен сусындатқан қасиетті қара шаңырақ бүгінде дамудың жаңа даңғылына шығып, халықаралық деңгейде танылған еңселі оқу ордасы ретінде белгілі. Білім ордасының негізгі мақсаты – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына сүбелі үлес қосатын, экономикалық және әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге қабілетті, заманауи, жаңашыл, жан-жақты мамандарды дайындау. Қазіргі таңда университетте білім беру ісі Болон үдерісіне сәйкес жүргізілуде және кредиттік технология бағдарламасы толық күшіне енді. «Бакалавр – магистратура – PhD докторантура» үш сатылы мамандар дайындау жүйесі қалыптасқан. Бакалавриатта 81 мамандық, магистратурада 84 және PhD бойынша 64 мамандық бойынша мамандар дайындалуда. Ел ішінде ғана емес, жаһандық деңгейде де алдыңғы қатарлы оқу ордаларының бірі атанып отырған ҚазҰУ бүгінгі таңда әлемнің 25 мемлекетіндегі 400-ден астам ірі университеттерімен жемісті әріптестік жүргізуде. Білім және ғылым саласында іс жүргізетін шетелдік кәсіпорындармен 340 келісім-шарт жасалған. Сонымен қатар, ҚазҰУ ТМД университеттері арасында үшінші орынды иемденсе, Қазақстан университеттері арасындағы ең үздік университет болып саналады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделді Thomson Reuters агенттігінің «2011 жылғы ғылым төңірегіндегі жетістіктері үшін» арнайы дипломымен марапатталған Қазақстан Республикасындағы бірінші жоғары оқу орны болып табылады. Шетелдік алдыңғы қатарлы ЖОО профессорлары докторантура мен магистратурада сабақ беруге, халықаралық конференциялар мен басқа да шараларға, сонымен қатар, докторанттардың диссертациялары бойынша ғылыми кеңес беруге белсенді түрде қатысады. Білімгерлер академиялық ұтқырлық бағдарламасының аясында шетелдік университеттерде бір немесе бірнеше семестр оқу мүмкіндігіне ие болса, магистранттар Англия, Испания, Италия, Корея, Жапония, АҚШ, Чехия, Венгрия, Германия, Франция және т.б. сынды елдерде қысқа мерзімді ғылыми іс-тәжірибеден өтеді. PhD докторанттарға докторлық диссертацияны жазу барысында отандық және шетелдік ғылыми жетекші тағайындалып, 4 ай мерзімге шетелдік университетте ғылыми тағылымдамадан өту міндеттелген. Университеттегі ең үлкен экономика және бизнес факультеті 2010 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінің шешімімен Экономика және бизнес жоғары мектебі деп атауын өзгертті. Экономика және бизнес жоғары мектебі 4 кафедрадан тұрады: «Экономика»; «Менеджмент және маркетинг»; «Қаржы»; «Есеп және аудит». 2011 жылдың қаңтарынан бастап Экономика және бизнес жоғары мектебінде университет ректорының бұйрығымен құрылған Экономикалық зерттеулер орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқу-баспа зертханасы, заманауи компьютерлермен жабдықталған зертханалар, 8 компьютерлік сыныптар және Интранет-зал, электронды биржа бар. ЭжБЖМ Страсбург бизнес мектебі (Франция), Канада менеджмент институты, MIC (Канада), Эксетер университеті (Ұлыбритания), Экономика университеті (Чехия), Корея Технологиялық бизнес-инкубатор университеті (Оңтүстік Корея), Лейпциг университеті (Германия), Мэриленд университеті (АҚШ), Тирана университеті (Албания), Канзас мемлекеттік университеті (АҚШ), Ла Сапиенза университеті (Италия), Дуйсбург-Эссен университеті (Германия), Циньзян аграрлық университеті (Қытай), Қытай Халық университеті (ҚХР), Халықтар достығы университеті (Ресей), Новосибирск мемлекеттік университеті (Ресей), Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы академиясы (Ресей) және өзге де оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Студенттер қос дипломдық бағдарлама аясында Страсбург бизнес университетi (Франция), РУДН және НГУ (Ресей) университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие. Бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша ЭжБЖМ-де Түркия, ҚХР, Ресей, Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғол елдерінің шетелдiк студенттерi оқиды. Ал ЭжБЖМ профессорлық-оқытушылық құрамы сапалы білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысып, халықаралық ғылыми гранттар бойынша зерттеулер жүргізеді, тұрақты түрде әлемнің үздік оқу орындарында біліктіліктерін арттырып тұрады. ҚазҰУ құрылған күнінен бастап абыройы мен беделін төмендеткен емес. Есесіне, білімді жастарды жинаған оқу ордасы студенттеріне заманауи, жаңашыл ілім сыйлап, іргетасын қалап, ілгері қарай қарыштай басуына сеп болып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие білім мен ғылымның бірден-бір үлкен орталығы, сан салалы ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы.

Ақнұр ЖИДЕБЕКҚЫЗЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының PhD докторанты,

Райгүл ДОСЖАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар