ЖЕР ҚАДІРІН ЖЕТЕ ТҮСІНУ ҚАЖЕТ

ЖЕР ҚАДІРІН  ЖЕТЕ ТҮСІНУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөз
ЖЕР ҚАДІРІН ЖЕТЕ ТҮСІНУ ҚАЖЕТ

Елімізде жер дауы төңірегінде туындаған кез-келген іс оңынан шешіледі. Құс қанаты талатын атырабымызды өзгені айтпағанда, Қазақстанның қай азаматы болса да ретсіз пайдалануына жол жоқ. Көздің қарашығындай ата-баба қалай қорғаса, бүгінгіге де парыз сол, келешекке де аманат осы. Әсіресе, билік басында отырғандар бұл мәселеге өте қырағы болуы шарт. Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың аппарат отырысында қозғаған мәселесі осы болды. Шекара шебін бекіткен еліміздің әрбір шаршы метрі қазақтың қаны төгіліп, жаны шыққан тарихи оқиғалармен байланысты. Ендеше, жерге құрмет – елге құрмет!

Бірінші болып әкім алдында баяндама жасаған жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы І. Тортаев облыс көлеміндегі жер ресурстары туралы толыққанды айтып берді. Бүгінде 14 миллион 426 мың гектардан астам облысымыз аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы жер болып табылады екен. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 4 миллион 298 мың гектарды алып жатса, елді мекендер жері 460 мың гектар, өндіріс, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер 145 мың гектар, ерекше қорғалатын аумақтар жері 13 мың гектар, орман қоры жерлері 4 миллион 419 мың гектар, су қоры жерлері 336 мың гектар, қосалқы жер қоры 2 миллион 266 мың гектарды құрайды. Басқарма басшысының сөзінше, бұл жекеменшікке немесе жер пайдалануға берілмеген мемлекет меншігіндегі жерлер. «Талдау нәтижесі ауыл шаруашылығы алқаптарының едәуір бөлігінің жылма-жыл пайдаланусыз қалатындығын көрсетіп отыр. Мысалы, 2014 жылы облыс аумағындағы егістік жерлердің 69 мың гектары (9,3 пайызы), соның ішінде, суармалы жерлердің 12 мың гектары (7,2 пайызы) пайдаланусыз қалған. Бұл көрсеткіш 2000 жылдардың басымен салыстырғанда біршама жоғарылағанымен, облыста жердің пайдалану көрсеткіші төмен қалпында қалып отыр. Жердің игерілу көрсеткішінің төмен болуына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ұсақтығы тікелей әсер етуде. Бүгінгі күнге облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа фермер қожалықтарының саны 17478 бірлікті құрап отыр және ауыл шаруашылығы жерлерінің 67 пайызы немесе 2 миллион 884 мың гектары осы шаруа қожалықтарының иелігінде. Соның ішінде, 155 шаруа қожалығының жері 1 гектардан аспаса, 6703 шаруа қожалығының жері 10 гектардан, ал 6633 шаруа қожалығының жері 50 гектардан аспайды» деп Ілияс Әлімұлы бірқатар проблемаларды да атап өтті. Жалпы, облыс аумағындағы жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуы туралы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С. Қойбақов, жерлерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С. Тәпеев, облыс бойынша экология департаментінің басшысы М. Қонысбеков те баяндап шықты. Басқарма басшыларының келтірген деректері мен қойып отырған мәселелерімен танысқан облыс әкімі ауқымды проблемаларды талқылауға шығарды. Мысалы, биыл құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін салу барысында мердігер компаниялар түрлі шикізат алу мен шығару мақсатында ондаған гектар жерді пайдаланған болатын. Олар өз жұмысын аяқтаған соң қолданған жерді қайта қалпына келтіруге міндеттенген. Алайда, Қордай, Жуалы, Т.Рысқұлов сынды бірқатар аудандарда қазылған жерлер көмусіз, салынған цехтар жинаусыз қалған. Тиісті басқарма мен аудан басшылығы оған осы күнге дейін тиісті мән бермеген. Облыс басшысы осы секілді нақты деректерді келтіріп, оның сұрауы, халық алдындағы жауапкершілігі бар екенін ескертті. Ескертіп қана қойған жоқ, өз жұмысына жауап бере алмайтын, жерге жанашырлықпен қарай алмайтын тұлғаны лауазымынан босататынын айтты. Сонымен қатар, облыс аумағындағы ондаған мың гектар жерден мия тамырының еш жүйесіз қазылып алынып, шетел асып жатқан дерегін келтіріп, мұндай бассыздыққа жол бермеу керектігін және оны алдағы күнде өз қажетімізге жаратудың жолдарын қарастыруды ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиевке тапсырды. Жерді пайдалануда кездесіп жатқан проблемалардың тағы бір себебі аудандарда аталған салада өзге мамандық иелерінің жұмыс істеп, жер мәселесінің бүге-шігесін білетін мамандардың жоқтығымен де байланыстырды. Аппарат отырысында сөз болған келесі мәселе шартты ақшалай көмек тағайындаудың «Өрлеу» пилоттық жобасының жүзеге асырылуы болды. Өткен жылы жүзеге асырыла бастаған бұл жоба жайлы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж. Баубеков баяндады. Өткен жылы облысымызда шартты ақшалай көмекке 293,6 миллион теңге бөлінген екен. Республикалық трансферттен тағы да 255,6 миллион теңге қаралған. Сонымен, бұл қаржыға 2481 отбасын құрайтын 13771 азаматқа ақшалай көмек тағайындалған екен. Көмек алушылардың 65,4 пайызы балалар жәрдемақысын алушылар, 5,8 пайызы атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 28,8 пайызы әлеуметтік көмекке бұрын қайырылмағандар. Республикалық бюджеттен бөлінген 771,0 мың теңгесі Мойынқұм ауданында ғана игерілмей қалған. Бұл жоба биыл да облыста жалғасын табады. Бағдарламаның іске асырылуы нәтижесінде облыста кедейшілік шегінен төмен тұратын азаматтардың санын азайтуға қол жеткізілмек. Жиын соңында облыс әкімі аппаратының басшысы Р. Рахманбердиев өткен аптада болған облыс әкімінің және барлық аудандар мен ауыл әкімдерінің халық алдындағы есептерінің қорытындысын жария етті. Облыс әкімінің есебін қоса алғанда 43302 тұрғынның қатысуымен 378 есеп беру кездесуі өткен екен. Ол жиналыстарда 1181 тұрғыннан 1180 ұсыныс пен өтініш айтылыпты. «Жергілікті атқарушы органдардың, әкімдердің жұмыстарына сын-ескертпе айтылған жоқ» деді аппарат басшысы. Облыс әкімі К. Көкірекбаев айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, арнайы кестеге сәйкес жұмыс жоспарын бекітуді және онда әрбір тұрғынның тілегі ескерусіз қалмауы керектігін қатаң тапсырды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар