Біздің елдің жігіттері

Біздің елдің жігіттері
ашық дереккөз
Біздің елдің жігіттері

Борбуйскіден олжалы оралды

Белоруссияның Борбуйск қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасында еркін күрестен аталмыш елдің ашық чемпионаты өтті. Ашық біріншілікке еліміздің белді балуандары да қатысып, толайым табыстарға қол жеткізді. Кіл мықтылар сынға түскен айтулы аламанда жамбылдық жігіттер де жасындай жарқылдады. «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан» қатысқан спортшыларымыздың барлығы да жүлделі орындардан көріне білді. Додада 2013 жылы Болгарияның София қаласында өткен ХХІІ сурдлимпиялық ойындардың чемпионы, 65 келідегі Ғабит Есжанов пен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері 57 келі салмақ дәрежесіндегі Нұрсұлтан Дүйсембиев қатарынан оза шауып, алтыннан алқа тағынса, 74 келідегі Бағдат Сәбитов пен 97 келідегі Рахимберлі Қабылбековтер күміспен күптелді. Сонымен қатар, 65 келі салмақ дәрежесіндегі Ғалымбет Молдашев қола жүлдегер атанды. Беларусь елінде атой салған саңлақтарды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері және БАҚ өкілдері Тараз қаласындағы темір жол бекетінде күтіп алды. Спортшылардың жеке бапкері Ерназар Қонысбаевтан біріншілік қай деңгейде өткенін, қарсыластардың қарымын сұрағанымызда: «Ғабит Есжановтың қарсыластары соншалықты мықты болған жоқ. Ақтық сындағы жігіт қана біршама уақыт берілмеді. Дегенмен, ол да 10:0 есебімен есе жіберді. Нұрсұлтан Дүйсембиев те өзін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы, балуандарымыздың барлығы ойдағыдай белдесті. Бұл алдағы жарыстардың алдындағы үлкен жаттығу десек те боларлықтай. Келесі додаларда мұнан да биік нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз» деді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар