Оқулықтарда олқылық болмасын
оқытушылар осы мәселені талқыға салды Білім беру үрдісінде оқулық мәселесі қашанда маңызды. Соңғы жылдары оқулық сапасы төңірегінде туындайтын дау көп. Бұған көбіне пән кітаптарын даярлауда басты қағидаларға көңіл бөлінбейтіндігі себеп болуда. Мазмұнындағы кемшіліктерді былай қойғанда, грамматикалық, орфографиялық қателерден көз сүрінеді.
Оқулықтардағы олқылықтарды жою үшін не істеу керек? Сапалы оқу кітабы мен оқу-әдістемелік құралдарға, нұсқаулықтарға қашан қол жеткіземіз? Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Ізденіс» атты зертхана мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен семинарда осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Семинар-кеңеске Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушы-ғалымдары М. Әбдірасілова, К. Бұзаубақова, К. Жолдасова, Т. Әбдіқадырова және аға оқытушы, тіл маманы С. Байсейітова қатысып, оқулықтар және оқу әдістемелік құралдар даярлауда ескерілуі тиіс талаптар туралы сөз қозғады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Әбдіқадырова оқу-әдістемелік құрал жазуда оқытушының іс-тәжірибесін ескерудің қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
Мамандар пікірінің жаны бар. Бұрынғы оқулық авторлары оқу кітабының атқаруға тиісті 40 функциясын ескеретін. Олардың ішінде мағлұматтық, жетекшілік, жүйелілік, бақылау және бекіту, өздігінен оқу, жинақтау, бағыттау, дамыту, тәрбиелеу секілді басымдықтарға баса мән берілетін. Ал бүгін ше? Қазіргі оқулықтардың көпшілігі оқушының жас ерекшелігіне сәйкес емес. Материалды баланың санасына жеткізу құралдары, мұғалімге ыңғайлылығы ескерілмеген. Курсаралық, пәнаралық байланыс сақталмаған. Өткен тақырыпты еске түсіруге қатысты ескертпелерді, тапсырмаларды қазіргі өмірмен байланыстыру, жаттығу жұмыстарын, схемалар мен карталарды толтыру сияқты қосымша тапсырмаларды көбірек қамтуға мән берілмеген. Семинар жұмысын қорытындылаған колледж директорының ғылыми және оқу-әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Б. Шотамбекова осы кемшіліктердің орнын толтыруда білім беру үрдісінің әрбір сатысындағы мамандар бірлесе жұмыс істеу қажет екенін тілге тиек етті.
Гүлсара ТЕМІРТАЕВА, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді