САПАЛЫ ӨНІМГЕ ӨРІС КЕҢ
Бұған Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық округіндегі Талас ауылының тұрғыны, бұрын зейнетке шыққанға дейін құрылыс саласында жұмыс істеген, қазір осы елді мекенде сүт өңдейтін кәсіпорын ашып, бизнесін дөңгелетіп жүрген Владимир Ильич Лесняктың ілкімді ісі дәлел. В.Лесняк 2011 жылы ауылдағы бұрынғы қосалқы бөлшек қоймасын жалға алып, оны қайта жарақтандырып, сүт өңдейтін цехтың ғимаратына бейімдеді. «Казкоммерцбанк» банкінен 18 миллион теңге несие алып, оған Ресейден жабдық сатып әкелді. Банктен алынған несиенің 15 пайыздық өсімінің 7 пайызын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекет жауып берді. Кәсіпкер таяуда алған несиесін толық өтеген. Жеке кәсіпорын округтегі елді мекендерден сүт жинап, өңдейді. Бүгінде мұнда «Агали» және «Мұса» шаруа қожалықтары күнделікті 1000-400 килограмнан сүт өткізеді. Қалғандарын тұрғындардан жинайды.
Цехтағы жабдық бір ауысымда 5 тонна шикізат өңдей алады. Кәсіпорын қазір күнделікті 3 тонна сүт қабылдап, 13 түрлі өнім өндіруде. Жазда тұрғындардан 7 тоннаға дейін шикізат қабылданады. Осында шығарылатын айран, сары май, ірімшік, йогурт, құрт және брынза келісім-шартпен Тараздағы, Жамбыл ауданындағы және Байзақ ауданындағы 27 балабақшаға өткеріледі. Кәсіпорында 8 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы – 50 мың теңге. Мұнда кейінгі кезде өнім сапасын жақсарту, қолжетімділігін арттыру мақсатында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұның өзі нәтижесін беруде.
Бұрын олар электр қуатының жеткілікті әрі тұрақты берілмеуінен елеулі қиындықтарды бастан кешірген болатын. Салдарынан жабдықтар жиі істен шығатын. 2013 жылы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге трансформатор орнатылды. «Лесняк» жеке кәсіпорнының директоры В.Лесняк биыл цехтың қасында жеке қазандық құрылысын қолға алмақ. Ол газбен жұмыс істейді. Қазандық іске қосылған кезде өнім өңдеу мерзімі қысқарып, өнімнің өзіндік құны едәуір арзандайды. Тұтынушыларға қолжетімді өнім ұсынылады. Владимир Ильич таяуда өндірілген өнімді тетрапакетке құятын қондырғы алып келгенін қуана айтты. Мұның өзі өнімнің сақталу мерзімін ұзартады. Осындай шараларды жүзеге асыру мұнда биыл тағы да үш жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.
– Елімізде экономиканың локомотиві саналатын шағын және орта бизнесті өркендетуге мемлекет тарапынан орасан қолдау көрсетілуде. Осы бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар біздің аяғымыздан нық тұрып, бизнесімізді кедергісіз жүргізуімізге игі ықпалын тигізуде. Жасап жатқан осындай әкелік қамқорлығы үшін Елбасымызға, облыс және аудан басшыларына шексіз алғысымызды айтамыз, – дейді В.Лесняк.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді